• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

1. Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті (бұдан әрі –Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде  Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Министрлік туралы Ережені, Министрлік басшылығының бұйрықтары мен тапсырмаларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департаменттің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысы Министрмен келісу бойынша бекітеді.

4. Департамент:

1) Мемлекеттік активтерді басқару саясаты басқармасынан (бұдан әрі – МАБСБ);

2) Мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін бағалау басқармасынан (бұдан әрі – МАБТББ) тұрады.

2. Департаменттің негізгі мақсаттары, функциялары, құқықтары және міндеттері

5. МАБСБ:

5.1. Мақсаты: мемлекеттік активтерді басқару, оның ішінде корпоративтік басқару сапасын арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру.

Функциялары:

1) мемлекеттік активтерді басқару, оның ішінде корпоративтік басқару сапасын арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлейді;

2) мемлекеттік кәсіпорындарды, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарды (Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді) басқару саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын айқындайды;

3) мемлекеттік активтерді, атап айтқанда, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды (Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді) басқару тиімділігін талдауды және бағалауды жүзеге асырады;

4) Мемлекеттік мүліктің бірыңғай тізілімінің негізінде мемлекеттік мүлікті басқаруды жоспарлау, мониторингілеу, тиімділігін бағалау және бақылау жүйесін қалыптастыруға қатысады;

5) өз құзыретіне сәйкес мемлекеттік активтерді басқару саясатын тиімді жүзеге асыру үшін заңнамалық және әдіснамалық негіздемелер әзірлеуге қатысады;

6) мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша жарғылық капиталына мемлекет қатысатын мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды (Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді) оңтайландыру жөніндегі ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Үкіметіне енгізеді;

7) жарғылық капиталына мемлекет қатысатын мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды (Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді)  құру, қайта ұйымдастыру, бәсекелес ортаға беру, тарату мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысады;

8) республикалық меншікті жекешелендіру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырыстарының қорытындыларын қарау мен дайындауды жүзеге асырады;

9) квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру және олардың бәсекелес ортадағы қызметін реттеу мәселелері бойынша Комиссия отырыстары қорытындыларын қарау мен дайындауды жүзеге асырады;

10) байқау кеңесі мүшелерінің қызметін бағалау және мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің мүшелеріне сыйақы төлеу лимитін айқындау тәртібін бекітеді;

11) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау тәртібін айқындайды;

12) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу мен ұсыну тәртібін айқындайды;

13) құжаттарды есепке алу мен сақтауды, Министрліктің мұрағатына сақтауға бергенге дейінгі олардың жай-күйі мен сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

14) қажет болған жағдайда Басқарманың құзыретіне  кіретін мәселелер бойынша  ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруға қатысады;

15) қажет болған жағдайда Басқарманың құзыретіне  кіретін мәселелер бойынша  ақпараттық жүйелерді жетілдіруге қатысады;

16) кіріс және шығыс ақпарат бойынша материалдар мен қорытындыларды уақтылы дайындауды,  жоғары тұрған басшылықтан алынатын  өзге де тапсырмаларды орындауды  жүзеге асырады;

17) өз құзыретіне сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің  жобаларына сараптама жүргізеді;

18) Басқарма құзыреті шегінде бұқаралық ақпарат құралдарында және Министрліктің интернет-ресурсында Министрліктің  қызметін  жариялайды;

19) Басқарма мамандарының біліктіліктерін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеу мен өткізуге қатысады;

6. МАБТББ:

6.1. Мақсаты: Қазақстан Республикасының  мемлекеттік меншігін басқару саласындағы мемлекеттік саясаттың  мақсаттары мен басымдықтарын айқындау.

Функциялары:

  1. мемлекеттік меншікті құру мен пайдалануға байланысты заңнаманы қолдану практикасына талдау жасау мен жинақтауды жүзеге асырады, оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
  2. мемлекеттік активтерді, атап айтқанда ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды басқару тиімділігін талдау мен бағалауды жүзеге асырады;
  3. бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін, атап айтқанда ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды оңтайландыру, жетілдіру бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізеді;
  4. мемлекеттік мүлікті басқару жүйесін жоспарлау, мониторингілеу, тиімділігін бағалау мен бақылауды қалыптастыруға қатысады;
  5. мемлекеттік активтерді басқару саясатын тиімді жүзеге асыру үшін әдіснамалық және заңнамалық негіздемелер әзірлеуге қатысады;
  6. акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларын және даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау тәртібін айқындайды;
  7. акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының және даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу мен ұсыну тәртібін айқындайды;
  8. жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарда корпоративтік басқару қағидаттарын енгізу жөніндегі жұмыстарды әдістемелік қамтамасыз етуді және үйлестіруді жүзеге асырады;
  9. жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарды корпоративтік басқару тиімділігін бағалауды жүзеге асыруға қатысады;
  10. корпоративтік басқару тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарды корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі есеп пен ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Үкіметіне енгізеді;
  11. жалғыз акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компаниялардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық басқарушы холдингтердің даму стратегиялары мен жоспарларын қарау мен келісуді жүзеге асырады;
  12. акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың стратегияларын іске асыру нәтижелерін бағалауды жүзеге асырады;
  13. ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің директорлар кеңесі отырыстарына қорытындылар дайындауды және қарауды жүзеге асырады;
  14.  стратегиялық объектілерді тиімді басқаруды жүзеге асыруға арналған заңнамалық негіздемені дайындауға қатысады;
  15. стратегиялық объектілер жөніндегі комиссия қызметін ұйымдастырушылық-ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
  16. Ұлттық холдингтердің және (немесе) ұлттық компаниялардың не олардың аффилиирленген тұлғаларының, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына берілген және (немесе) олардың меншігінде тұрған стратегиялық объектілердің және мемлекетпен аффилиирленбеген заңды тұлғалардың, сондай-ақ жеке тұлғалардың меншігінде тұрған стратегиялық объектілердің тізбесін қалыптастырады және бекітуге Қазақстан Республикасы Үкіметіне шығарады;
  17. бюджеттік Бағдарламарға әкімшілік етуді жүзеге асырады: 051 «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайту» және 052 «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын кредиттеу»;
  18. 051 және 052 бюджеттік бағдарламалар бойынша есептерді жинау жұмыстарын үйлестіреді және жүзеге асырады;
  19. өз құзыретіне сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілері жобаларына сараптама жүргізеді;
  20. құжаттарды есепке алу мен сақтауды, Министрліктің мұрағатына сақтауға бергенге дейінгі олардың жай-күйі мен сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
  21. қажет болған жағдайда Басқарманың құзыретіне  кіретін  мәселелер бойынша  ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруға қатысады;
  22. Басқарманың құзыретіне  кіретін  мәселелер бойынша  ақпараттық жүйелерді жетілдіруге қатысады;
  23. кіріс және шығыс ақпарат бойынша материалдар мен қорытындыларды уақтылы дайындауды,  жоғары тұрған басшылықтан алынатын  өзге де тапсырмаларды орындауды  жүзеге асырады;
  24. Басқарма құзыреті шегінде бұқаралық ақпарат құралдарында және Министрліктің Web-сайтында Министрліктің қызметін  жариялайды;
  25. Басқарма мамандарының біліктіліктерін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеу мен өткізуге қатысады.

Бұдан басқа, Департамент:

Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзірлеуге, түзетуге, мониторингілеу мен іске асырылуын бағалауға қатысады;

қажет болған жағдайда Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпараттық жүйелерді жетілдіруге қатысады;

кіріс және шығыс ақпарат бойынша материалдар мен қорытындыларды уақтылы дайындауды жүзеге асырады;

Министерліктің стратегиялық және операциялық жоспарларын әзірлеуге, түзетуге және іске асыруға қатысады;

құжаттарды  есепке алу мен сақтауды, Министрліктің мұрағатына сақтауға бергенге дейінгі олардың жай-күйі мен сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

Департамент мамандарының біліктіліктерін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеу мен өткізуге қатысады;

Департамент құзыреті шегінде бұқаралық ақпарат құралдарында  және Министрліктің интернет-ресурсында Министрліктің қызметін  жариялайды;

басшылықтың өзге де жұмыс тапсырмаларын және нұсқауларын орындайды.

7. Құқықтар мен міндеттері:

Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, Министрлік жанындағы басқа да ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдардан, республикалық және коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардан, ұлттық басқарушы холдингтерден, ұлттық холдингтерден, ұлттық компаниялардан және мемлекет қатысатын басқа да акционерлік қоғамдардан (Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден), Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларды  орындау үшін қажетті құжаттарды алу;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша заңнамалық актілер, нормативтік құқықтық актілер, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің актілері мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі өкімдерінің жобаларын әзірлеу;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен кеңестер шақыру және оларға қатысу үшін Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, Министрлік жанындағы ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, республикалық және коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және мемлекет қатысатын басқа да акционерлік қоғамдардың мамандарын тарту;

министрліктерде, өзге де мемлекеттік органдарда, Министрліктің кұрылымдық бөлімшелерінде Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестерге қатысу;

министрлік басшылығына оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстар енгізу;

қажет болған жағдайда Департаментке жүктелген функцияларды орындауға байланысты жұмыстарды жүргізуге қатысуға тәуелсіз сарапшыларды, аудиторларды және кеңесшілерді тарту;

орындалатын тапсырмалардың мерзімі мен сапасы үшін дербес жауапты болу, қызметтік міндеттерін адал орындау;

еңбек және орындау тәртібін, мемлекеттік және қызметтік құпияны қатаң сақтау;

өз біліктілігін арттырумен жүйелі түрде айналысу;

қызметтік этика қағидаларын қатаң сақтау.

3. Департамент қызметін ұйымдастыру

8. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

9. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын  Директор басқарады. 

10. Департамент директорының екі орынбасары бар.

11. Департамент директоры Департаменттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.

12. Департамент директоры Министрліктің басшылығына құрылымдық бөлімшенің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

13. Директор осы мақсатта:

1) өз орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) басқармалар басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

3) Қазақстан Республикасының заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

14. Департамент директорының орынбасарлары:

1) өз өкілеттіктері шеңберінде Департаменттің қызметін үйлестіреді;

2) Департамент директоры болмаған кезде Департаментке жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

3) Департаменттің басшылығы жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

15. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департаменттің атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда – оны алмастыратын адам қол қояды.