• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

1. Жалпы ережелер

1. Мемлекет міндеттемелерін басқару және қаржы секторын дамыту саясаты департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Министрлік туралы ережені, Министрлік бұйрықтары мен басшылығын тапсырмаларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департаменттің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің Жауапты хатшысы министр мен келісім бойынша бекітеді.

4. Департамент:

1) Мемлекет міндеттемелерін басқару саясаты басқармасынан (бұдан әрі – ММБСБ);

2) Қаржы секторын дамыту саясаты басқармасынан (бұдан әрі – ҚСДСБ) тұрады.

2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

5. ММБСБ міндеті:

5.1. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру.

ММБСБ функциялары:

1) мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борышы саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

2) мүдделі мемлекеттік ұйымдармен және органдармен бірлесіп жалпы сыртқы борышты, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың борышын басқару жөніндегі заңнаманы жетілдіру;

3) республикалық бюджет тапшылығын қалыптастыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;

4) республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін тартылатын тиісті жылға арналған үкіметтік қарыздар бойынша болжамды деректерді айқындау;

5) үкіметтік сыртқы қарыздар бойынша құжаттарды қарау және келісу;

6) мемлекет және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыштың жай-күйі мен алдағы жоспарлы кезеңге арналған болжамын жыл сайын бағалауды дайындауға қатысу;

7) үкіметтік борыш лимитін, мемлекеттік кепілдіктер беру лимиттерін айқындау;

8) жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттерін айқындау;

5.2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру, пайдалану және оны басқару тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу.

ММБСБ функциялары:

1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру, пайдалану саясатының мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру;

2) экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру бойынша дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражатты одан әрі пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлеу;

3) Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспарын қамтамасыз ету үшін бөлінген Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры қаражатының пайдаланылуын мониторингілеу.

6. ҚСДСБ міндеті:

6.1. қаржы секторын, исламдық қаржыландыруды, қор нарығын және қаржы нарығының инфрақұрылымын дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды қалыптастыру және әзірлеу.

ҚСДСБ функциялары:

1) қаржы секторын, исламдық қаржыландыруды, қор нарығын және қаржы нарығының инфрақұрылымын дамыту саясатын қалыптастыру, оларды іске асыру тетіктерін әзірлеу және жетілдіру;

2) банктік, зейнетақы және сақтандыру секторларын, сондай-ақ қаржы нарығын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

3) қаржы секторын, исламдық қаржыландыруды және дамытуды талдау және осал жақтарын анықтау, сондай-ақ қаржы ұйымдарының ұлттық экономикаға кредит беру қарқындылығын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

4) Екінші деңгейдегі банктер активтерінің сапасын жақсартудың қадамдық жоспарының іс-шараларына мониторингті жүзеге асыру;

5) Ұлттық Банк Басқармасы қаулыларының жобаларын келісу жұмысын үйлестіру және Министрлік басшылығы үшін тиісті материалдарды дайындау.

Бұдан басқа, Департамент:

орталық жэне жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ жетекшілік ететін салалар бойынша Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне консультациялық көмек көрсетеді;

Президент Әкімшілігінде, Үкіметте, Парламентте, өзге де мемлекеттік органдарда, мемлекеттік емес ұйымдарда және бірлестіктерде өткізілетін іс-шараларда басшылықтың сөз сөйлеуі үшін Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша баяндамалар, материалдар жобасын дайындауды жүзеге асырады;

Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзірлеуге, түзетуге, мониторингілеуге және іске асырылуын бағалауға қатысады;

Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажет болған жағдайда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруға қатысады;

Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық қаржылық және экономикалық ұйымдармен, донор елдермен өзара іс-қимыл бойынша ұсыныстар әзірлейді;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажет болған жағдайда ақпараттық жүйелерді жетілдіруге қатысады;

кіріс және шығыс ақпараттары жөніндегі материалдар мен қорытындыларды уақтылы дайындауды жүзеге асырады;

Министрліктің стратегиялық және операциялық жоспарларын әзірлеуге, түзетуге және іске асыруға қатысады;

құжаттарды есепке алуды және сақтауды, олардың Министрліктің мұрағатына жібергенге дейінгі жай-күйі мен сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

Департамент мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеуге және өткізуге қатысады;

Департаменттің құзыреті шегінде бұқаралық ақпарат құралдарында және Министірліктің интернет-ресурсында Министрліктің қызметін жариялайды;

басшылықтың өзге де жұмыс тапсырмалары мен тапсырыстарын орындайды.

7. Құқықтары мен міндеттері:

өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, орталық және жергілікті атқарушы органдардан, сондай-ақ өзге де мүдделі ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпараттар мен материалдарды сұрату және алу;

оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестерге шақыруға және өткізуге, оған қатысу үшін Министрліктің басқа да бөлімшелерінің, басқа да мемлекеттік органдардың және мүдделі ұйымдардың мамандарын белгіленген тәртіппен тарату;

Министрліктің мүддесін қозғайтын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардағы, Министрліктің бөлімшелеріндегі, өзге де мүдделі ұйымдардағы кеңестерге қатысу;

өз құзыреті шегінде мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Министрліктің (басшылықтың тапсырмасы бойынша) мүдделерін білдіру;

Департамент құзыретіне жататын мәселелер бойынша Министрлік басшылығына ұсыныстар енгізу;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларының талаптарын сақтау;

Департамент жұмысын нақты ұйымдастыруды және оны жетілдіруді қамтамасыз ету;

өздері орындайтын тапсырмалардың мерзімі мен сапасы үшін жеке жауапты болу, қызметтік міндеттерін адал орындау;

еңбек және орындаушылық тәртібін, мемлекеттік және қызметтік құпияны қатаң сақтауға;

өзінің біліктілігін арттырумен жүйелі айналысу;

қызметтік этика ережелерін қатаң сақтау.

3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

8. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

9. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын Директор басқарады.

10. Департамент директорының орынбасары болады.

11. Департамент директоры Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

12. Департамент директоры Министрлік басшылығына Департаменттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

13. Департамент директоры осы мақсатта:

1) өз орынбасарының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) басқарма басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

3) Қазақстан Республикасының заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

14. Департамент директорының орынбасары:

1) өз өкілеттіктері шегінде Департаменттің қызметін үйлестіреді;

2) Департамент директоры болмаған кезеңде Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

3) Департамент директоры жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

15. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда, оны алмастыратын адам қол қояды.