• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

Заң департаменті туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

1. Заң департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Министрлік туралы ережені, Министрлік басшылығының бұйрықтарын және тапсырмаларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департаменттің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысы бекітеді.

4.  Департамент:

1) Құқықтық сараптама басқармасы (бұдан әрі – ҚСБ)

2) Нормативтік құқықтық актілер талдауы және мониторингі басқармасы (бұдан  әрі – НҚАТМБ);

3) Құқықтық қамтамасыз ету басқармасынан (бұдан әрі – ҚҚБ) тұрады.

2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

5. ҚСБ:

5.1. Міндеті: құқықтық, нормативтік құқықтық актілердің, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеуге қатысу.

Функциялары:

1) Министрлік әзірлейтін құқықтық және нормативтік құқықтық актілердің, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеуге, оның ішінде оларды Министрліктің басқа құрылымдық бөлімшелері әзірлеген жағдайда келісу жолымен қатысады;

2) әзірлеушісі Министрлік болып табылатын заң жобаларының Қазақстан Республикасының Парламентінде өтуіне қатысады;

3) Министрлік басшылығының тапсырмасы бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді және халықаралық шарттардың жобаларын дайындайды;

4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Заң жобалау жұмыстары жоспарларының жобаларын қалыптастыруға қатысады;

5.2. Міндеті: құқықтық, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын және, халықаралық шарттардың жобаларын келісуге қатысу.

Функциялары:   

1) Министрдің, сондай-ақ Жауапты хатшының тапсырмалары бойынша Министрлікке келісуге жолданған құқықтық және нормативтік құқықтық актілердің, сондай-ақ халықаралық шарттар жобаларын қарауға қатысады;

2) Министрлікке келісуге жолдаған құқықтық және нормативтік құқықтық актілер жобаларына, сондай-ақ халықаралық шарттар жобаларына ұсыныстар және ескертулер әзірлейді;

3) заңнамалық актілерде көзделген жағдайда Министрліктің құзыретiне жататын құқықтық мәселелер бойынша түсiнiктемелер дайындайды;

4) Басқарма құзыреті шегінде басшылық қатысатын отырыстарға, кеңестерге материалдар дайындайды;

5) ұйымдарда мемлекеттік орган қызметiнiң құқықтық мәселелерiн қарау кезiнде белгiленген тәртiппен мемлекеттік органның мүдделерiн бiлдiредi;

6) Департамент басшылығының тапсырмасы бойынша өзге функцияларды жүзеге асырады.

6. НҚАТМБ:

6.1. Міндеті: Нормативтік құқықтық актілерді талдау және мониторингілеу.

Функциялары:

1) Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерiне мониторинг жүргiзудi тұрақты негiзде үйлестiредi;

2) Министрліктің норма шығармашылық қызметiн талдайды және талдау нәтижелерi бойынша Жауапты хатшыға оны жетiлдiру және анықталған кемшiлiктердi жою жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

3) Министрлікке келiп түсетiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерiнiң жүйелендiрiлген есебiн және олардың сақталуын ұйымдастырады;
4) Құқықтық саясат жөніндегі кеңесте қарау үшін материалдар дайындайды, ұсыныстар енгізеді;

5) Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіппен  заң жобаларын ғылыми экономикалық сараптамаға жіберуді қамтамасыз етеді;

6) заңнамалық актілерде көзделген жағдайда Министрліктің құзыретiне жататын құқықтық мәселелер бойынша түсiнiктеме дайындайды;

7) Министрлік басшылығының тапсырмасы бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді және халықаралық шарттардың жобаларын дайындайды;

8) Министрліктің басшылығы үшін ведомствоаралық  комиссияның әр отырысына заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі материалдар дайындайды;

9) Басқарма құзыреті шегінде басшылықтың қатысуымен өткізілетін отырыстарға, кеңестерге материалдар дайындайды;

10) Министрліктің жауапты хатшысының қызметі шеңберінде нормативтік құқықтық актілерді құқықтық мониторингілеу жөнінде норма шығармашылық қызметтің сапасы бойынша ақпарат дайындайды;

11) мемлекеттік орган қызметiнiң құқықтық мәселелерiн қарау кезiнде белгiленген тәртiппен мемлекеттік органның мүдделерiн бiлдiредi;

12) Департамент басшылығының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.

7. ҚҚБ:

7.1. Міндеті: Министрліктің қызметiнде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету.

Функциялары:

1) сотта, сондай-ақ басқа да ұйымдарда Министрлік қызметiнiң құқықтық мәселелерiн қарау кезiнде белгiленген тәртiппен Министрліктің мүдделерiн бiлдiредi;

2) тиісті сот талқылауына әкеп соқтырған негізгі себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында Министрлік қатысқан даулар бойынша талап арыз жұмысының, сот тәжірибесінің жай-күйін талдайды және оларды жою мен кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізеді;

3) заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда мемлекеттік органның пайдасына қабылданбаған сот актісіне шағымдану жөніндегі шараларды уақтылы қабылдайды, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен прокуратура органдарына қадағалау тәртібінде наразылық білдіру туралы қолдаухаттармен жүгінеді;

4) заңды күшіне енген сот актілерін орындау жөніндегі шараларды қабылдауды қамтамасыз етеді;

5) шарттарды уақтылы жасасуды, олардың заңнама талаптарына сәйкестігін, шарттар бойынша міндеттемелерді орындамаған және тиісінше орындамаған кезде экономикалық ықпал ету шараларының қолданылуын үйлестіруді қамтамасыз етеді;

6) заңнамалық актілерде көзделген жағдайда Министрліктің құзыретiне жататын құқықтық мәселелер бойынша түсiнiктеме дайындайды;

7) Басқарма құзыреті шегінде басшылықтың қатысуымен өткізілетін отырыстарға, кеңестерге материалдар дайындайды;

8) Министрліктің  жауапты хатшысы қызметі шеңберінде наразылық талап қою жұмысы бойынша ақпаратты дайындайды;

9) Департамент басшылығының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.

7.2. Міндеті: шарттардың, іс жүргізу құжаттарының, сондай-ақ өзге де құқықтық сипаттағы құжаттардың жобаларын әзірлеуге қатысу.   

Функциялары:

1) Министрлік әзірлейтін шарттардың, іс жүргізу құжаттарының, сондай-ақ өзге де құқықтық сипаттағы құжаттардың жобаларын әзірлеуге, оның ішінде оларды Министрліктің басқа да құрылымдық бөлімшелері әзірлеген жағдайда келісу жолымен қатысады;

2)  Министрлік басшылығының тапсырмасы бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді және халықаралық шарттардың жобаларын дайындайды;

3) Министрлік басшылығының тапсырмасы бойынша құқықтық сипаттағы құжаттарды дайындайды.

7.3. Міндеті: Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау және түсiндiру, Министрлікте жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру.

Функциясы:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау бойынша жыл сайынғы iс-шараларды iске асырады және әзiрлейдi, Министрлікте жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру;

8. Құқықтары мен міндеттері:

өз міндеттерін орындауы үшін қажетті Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен ақпараттар мен материалдар сұрату;

Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң жобаларын және Министрліктің құқықтық мәселелер жөнiндегi құжаттарын әзiрлеу үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау жөнiндегi iс-шаралар мен Министрлікте жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды iске асыру үшiн басқа құрылымдық бөлiмшелердiң қызметкерлерiн тарту;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен жиналыстарға шақыруға және оларды өткізуге, оларға қатысу үшін Министрліктің басқа да бөлімшелерінің, басқа да мемлекеттік органдардың және мүдделі ұйымдардың  қызметкерлерін тарту;

Министрліктің құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерін сот талқылауларына қатысуға тарту;

мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылуына жол берген жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселеге бастамашылық жасау;

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы Заңына сәйкес, өз құзыреті шеңберінде, анық және толық ақпарат беру;

Департаменттің құзыреті шегінде бұқаралық акпарат құралдарында және Министрліктің интернет-ресурсында Министрліктің қызметін жариялау.

Қазақстан Республикасы  заңнамасында көзделген өзге де құқықтар мен міндеттер.

3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

9. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

10. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын Директор басқарады.

11. Департамент директорының екі орынбасары болады.

12. Департамент директоры Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

13. Департамент директоры Министрлік басшылығына Департаменттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

14. Департамент директоры осы мақсатта:

1) өзінің орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) басқарма басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

3) Қазақстан Республикасының заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

15. Департамент директорының орынбасарлары:

1) өз өкілеттіктері шеңберінде Департаменттің қызметін үйлестіреді;

2) Департамент директоры болмаған кезде Департаментке жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

3) Департамент директоры жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

16. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.