You are here

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Нұр Отан" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумда сөйлеген сөзі

Құрметті форумға қатысушылар! 

Бүгінгі басқосуымыз қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді күрес шараларына арналып отыр. Осы мәселе жөнінде нақты әңгіменің уақыты жетті деп санаймын. 

Жемқорлық мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Оның тамырына түбегейлі балта шаппайынша, мемлекетте тұрақты өсу-өркендеу болмайды.  

Біз экономикамызды барынша дамытып, саяси жүйемізді жетілдіріп жатырмыз. Білімді, мәдениетті әрі бәсекелестікке қабілетті ұлт қалыптастыру жолында алдымызға стратегиялық мақсат қойып отырмыз. 

Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтпей, одан нақты бір нәтиже шығармай, алға қойған мақсатқа толық жете алмаймыз.  

Жемқорлықпен күрес науқандық шара емес. Ол тек құзырлы мекемелердің ғана міндетіне жатпайды. Онымен бүкіл халық болып күресуіміз керек.  

Бүгін мен сіздермен осы мәселе төңірегінде, қордаланған проблемалар мен оларды шешудің заңнамалық және нақты іс-шаралары жөнінде ашық сөйлесуді жөн көріп отырмын.

Құрметті Форумға қатысушылар! 



Бүгінгі басқосудың қаншалықты маңызды екенін баршаңыз де сезініп отырған боларсыздар.  

Сыбайлас жемқорлықтың белең алуы біздің ғана емес, бүкіл әлемнің бас ауруына айналғанын жаңа айттым.

Бүгінде жаһандық сипат алған бұл індет тұтастай мемлекеттердің экономикасын күйретіп жіберу қаупін туғызып отыр.  

Олай болса, жемқорлықпен күрес қатаң жүргізілуі қажет. Ешкімнің лауазымына, шен-шекпеніне қараудың қажеті жоқ. Қылмыс жасаған адам қандай жағдайда да жауапқа тартылуы тиіс.  

Қоғам бізден нақты іс-әрекетті күтіп отыр. Баршамыздың ел алдындағы қызметіміз де, беделіміз де бірлесіп істеген жұмыстың нәтижесіне байланысты.  

Тағы да қайталап айтамын, бұл істе «Нұр-Отан» партиясына жүктелер міндет үлкен. Партияның орталық, жергілікті жердегі басшылығы, мүшелері халықты жұмылдыра отырып, жемқорлықтың алдын алу мен жою шараларын белсенді жүргізуі керек.  

Қазақта «Ауруын жасырған өледі» дейтін мәтел бар. Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз. 

Назар аударып, тыңдағандарыңыз үшін рахмет.