Мәжіліс еуразиялық экономикалық интеграция жағдайындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы Қырғызстанмен келісімді ратификациялауды мақұлдады

Мәжіліс еуразиялық экономикалық интеграция жағдайындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы Қырғызстанмен келісімді ратификациялауды мақұлдады 17.05.2017

Депутаттар еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Келісімді ратификациялауды мақұлдады.

Қазақстан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов сәрсенбіде заң жобасын палатаның жалпы отырысында таныстыра келіп, аталған Келісімге 2016 жылғы 26 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласындағы ЕуразЭО мүше-мемлекеттері басшыларының жұмыс бабындағы кездесуі аясында қол қойылғанын атап өтті.

«Келісімге сәйкес қазақстандық тарап Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциясы үдерісіне жәрдемдесу мақсатында қырғыз тарапына 100 миллион АҚШ долларына барабар көмек көрсетеді», - деді Сүлейменов.

Ол көмек қырғыз тарапына Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы жөніндегі «Жол карталарында» көзделген іс-шараларды іске асыруға, атап айтқанда ЕуразЭО кедендік шекарасының қырғыз учаскесінде кедендік инфрақұрылымды жақсартуға, Қырғыз Республикасының санитариялық, ветеринариялық, фитосанитариялық жүйелерін ЕуразЭО талаптарымен сәйкестендіруге берілетінін хабарлады.

«Көмек техникалық жәрдемдесу туралы Үкіметаралық жекелеген хаттамаларға сәйкес кезең-кезеңмен ақша қаражаттары, тауарлар, мамандарды оқыту түрінде берілетін болады», - деді министр.

Сүлейменов Келісімде көмек беру және оның пайдаланылуын бақылау тәртібі туралы жекелеген хаттаманы қабылдау көзделгенін атап өтті.

Министр сондай-ақ, көмек бөлу тетігі туралы баяндады. Кезекті көмек беру траншын қалыптастыру мақсатында қырғыз тарапы іс-шаралар тізбесін (шығыстар сметасын), сонымен қатар көмек берудің орындылығы мен негізділігін растайтын құжаттардың болуы туралы қорытындыны ұсынады. Өз кезегінде, қазақстандық тарап алынған құжаттарды олардың орындылығы мен «жол карталарының» іс-шараларына сәйкестігі тұрғысында қарайды және оң шешім қабылданған жағдайда шығыстардың сметасымен келіседі.

«Ұсынылатын көмектің мақсатқа сай және тиімді жұмсалуын бақылау мақсатында қазақстандық – қырғыздық Үкіметаралық кеңес аясында бірлескен екі жақты Тексеру комиссиясы құрылады», - деді Сүлейменов. 

Ол мемлекеттік шекараның қазақстандық-қырғыз учаскесінде ветеринариялық бақылауды алып тастау болжамын ескерсек,  ЕуразЭО-ның сыртқы сұлбасында қырғыз өткізу пункттерін жарақтандыру үдерісіне барынша көмек көрсету Қазақстан Республикасының мүддесінде екенін атап көрсетті. «Бұл Қазақстан аумағына Қырғыз және басқа да ЕуразЭО елдерінен әкелінетін тауарлардың қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Сүлейменов.

Құжат Қазақстан Парламенті Сенатына одан әрі қарау үшін бағытталады.

 


Құпиялылық туралы

010000, Қазақстан, Астана қаласы, Сол жағалау, Мәңгілік ел даңғылы, №8 үй, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимараты, 7 кіреберіс,

Кеңсе телефоны: +7(7172) 743-798, 743-291, 743-512, 743-801, 743-033
e-mail: info@economy.gov.kz