Жаңа Салық кодексі салықтық дауларды әділетті қарауға мүмкіндік береді – Дәленов

Жаңа Салық кодексі салықтық дауларды әділетті қарауға мүмкіндік береді – Дәленов  19.06.2017

Астана, 19 маусым – ҚР ҰЭМ. Қазақстанның ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов Әділет министрлігіндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында жаңа Салық кодексі жобаларының тұжырымдамасын және оған жалғас заң жобаларын таныстырды.

 «Біз жаппай кәсіпкерлікті дамытқымыз келеді. Сондықтан заңнама тым қолайсыз болмауы керек. Бүгінде кім өзінің ісін ашқысы келсе, салықты қалай төлейтіні туралы шатастырмағаны жөн. Құрылымын жеңілдету, сілтемелерді азайту және тілін оңайлату қажет», - деді Дәленов.

Ол ұсынылған құжаттардың идеологияны, әкімшілендіруді өзгертуге және ынталандыруды енгізуге бағытталғандығын атап өтті.

«Идеология адал ниетті салық төлеушінің мүддесін қорғауға бағытталатын болады. Барлық түсініксіз және анық емес жәйттер салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады. Аталған ұстаным салықтық дауларды әділетті қарауға мүмкіндік береді. Егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет еткен болса және соның салдарынан позиция өзгерген болса, айыппұл мен өсімпұлды қолданбау ұсынылуда», - деді Дәленов.

Үстеме төлемнің дәлелділігіне талап та күшейтілетін болады. Енді салықтық тексерудің актісінде сәйкес дәлел де болуы тиіс.

«Бизнеске заңнамадағы өзгерістерді зерделеуге көбірек уақыт берілмек. Түзетулерді 1 шілдеден кешіктірмей қабылдау ұсынылып отыр. Жыл бойы таусылмайтын түзетулерден қорғаныш пайда болмақ. Барлық туындаған түзетулерді бір заң жобасы арқылы шоғырландыру ұсынылып отыр. Бұл бизнеске Салық кодексіндегі барлық өзгерістерден хабардар болып отыруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, Салық кодексінің құрылымы өзгереді. «Әрбір бөлім дербестендіріледі. Яғни, салық төлеушінің әр типіне қарай өз бөлімі болады», - деді Дәленов. 

Ол шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салықтық режимдердің сақталуы қарастырылып жатқандығын атап өтті. «Дегенмен кейбіреуі жаңғыртылатын болады. Мәселен, патенттегі ставка 2%-дан 1%-ға дейін азайтылады. Ал «жеңілдетілген декларация» режиміндегі табыс көлемі бойынша талап жеке тұлға үшін де, заңды тұлға үшін де бірдей болады», - деді Дәленов.  

Сонымен қатар, жаңа режим ұсынылып отыр. «Белгіленген шегеріс режимі. Бұл кімнің айналысы үлкен, бірақ табысы аздар үшін тиімді. Салық төлеушілерге режимді таңдау құқығы беріледі», - деді вице-министр.

Ол сондай-ақ әкімшілендірудің салық төлеуге ынталандыруы тиістігін атап көрсетті. «Салықтық тексерулер үшвекторлы болады. Адал ниетті тарапты тексермеу керек. Орта тарапты тек ішінара тексеру қажет және салық төлеуде жәрдемдесу қажет. Ал «қызыл» аймақтағылар тексеруге алынуы қажет. Кімнің қайда жататындығы туралы нақты ереже белгілеу қажет. Бизнес өкілі «жасыл» аймақта болуға ұмтылғаны жөн. Электрондық фактураларды тапсыратын болса, салалық жүктемелерден төмен емес салық төлесе, айқын болса, – «жасыл» аймаққа келе берсін», деді Дәленов. 

ҚР ҰЭМ баспасөз қызметі  

743039 


Құпиялылық туралы

010000, Қазақстан, Астана қаласы, Сол жағалау, Мәңгілік ел даңғылы, №8 үй, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимараты, 7 кіреберіс,

Кеңсе телефоны: +7(7172) 743-798, 743-291, 743-512, 743-801, 743-033
e-mail: info@economy.gov.kz