• Special version
  • Mobile version

You are here

Regulation

Экономика және қаржы департаменті туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

1. Экономика және қаржы департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Министрлік туралы ережені, Министрлік басшыларының бұйрықтарын және тапсырмаларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департаменттің құрылымын және штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Министрмен келісілгеннен кейін Министрліктің жауапты хатшысы бекітеді.

4. Департамент:

1) Бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру басқармасы (бұдан әрі - ББЖҚБ);

2) Бухгалтерлік есеп және есептілік басқармасы (бұдан әрі - БЕЕБ);

3) Бюджеттік бағдарламаларды мониторингілеу және іске асыру басқармасынан (бұдан әрі - ББМІБ) тұрады.

2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

5. ББЖҚБ:

5.1. Міндеті: бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру мәселелері бойынша жұмысты ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау.

Функциялары:

  1. бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға Министрліктің бюджеттік өтінімдерін жинақтайды және уақтылы ұсынады;
  2. «Мемлекеттік жоспарлау жүйесі» ақпараттық бағдарламасына бюджеттік өтінім деректерін енгізеді;
  3. Министрліктің жоспарлы кезеңге арналған Стратегиялық жоспарының Бюджеттік бағдарламаларын жинақтайды;
  4. тиісті қаржы жылының бюджетіне нақтылаулар мен түзетулерді енгізу бойынша ұсыныстарды қалыптастырады;
  5. бюджет жобасы бойынша талдамалық және анықтамалық материалдарды, баяндамаларды дайындайды;
  6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві бойынша есептерді жасайды және ұсынады;
  7. Министрліктің қаржыландыру жоспарларын жинақтайды және уәкілетті органға уақтылы ұсынады;
  8. жиынтық және жеке қаржыландыру жоспарларына өзгертулерді енгізеді;
  9. мемлекеттік органның бюджет қаражатын басқарудың тиімділігін бағалау бойынша есеп жасауға қатысады;
  10. Операциялық жоспарды әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
  11. өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлейді;
  12. қаржы жылына республикалық бюджеттік бағдарламаларды іске асыру үшін жауапты орындаушыларды бекіту туралы бұйрықты әзірлейді;
  13. қаржыландыру жоспарларын қалыптастыру және нақтылау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұйымдастырады және қабылдауды жүзеге асырады;
  14. құжаттардың сақталуын, есептік деректерді электрондық өңдеу бағдарламаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен  оларды мұрағатқа тапсыруды бақылайды;
  15. Қазақстан Республикасының заңнамасына және Министрлік басшылығының тапсырмаларына сәйкес өзге функцияларды жүзеге асырады.

6. БЕЕБ:

6.1. Міндеті: Министрліктің, ведомстволық бағынысты мекемелердің және сауда өкілеттігінің бухгалтерлік есебін және есептілігін ұйымдастыру, үйлестіру, іске асыру және бақылау;

Функциялары:

  1. құжаттарды уақтылы және дұрыс ресімделуін және жасалынатын операциялардың заңдылығын бақылауды жүзеге асырады;
  2. міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес міндеттемелерді (шарттар, келісімдер, келісімшарттар және т.б.) қабылдауды бақылау, белгіленген тәртіпте енгізілген өзгерістерді ескере отырып, төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес қаражаттың дұрыс, тиімді және нысаналы жұмсалуын, сондай-ақ «Қазынашылық-клиент» ақпараттық бағдарламасы арқылы ақша қаражаты және материалдық құндылықтардың сақталуын бақылайды;
  3. «1С платформасындағы бюджет», «Қазынашылық-клиент» ақпараттық бағдарламалары арқылы мемлекеттік мекеменің қызметшілері мен еңбек келісімдері бойынша қабылданған тұлғалардың жұмыс өтілі бойынша хаттамаға сәйкес жалақының мезгілінде есептелуін және төленуін бақылайды;
  4. мемлекеттік мекемелермен, ұйымдармен және жекелеген тұлғалармен қаржыландыру жоспарларын орындау барысында туындайтын есептеулерді уақытылы жүргізуді бақылауды жүзеге асырады;
  5. құжаттардың уақытылы және дұрыс ресімделуін бақылауды, жалақыны есептеуді және төлеуді бақылауды, шетел валютасын сатып алу және айырбастау кезінде сауда өкілеттігі бойынша қаржыландыру жоспарларын орындау барысында туындайтын есептеулердің уақытылы орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
  6. ақшалай қаражаттарды, негізгі құралдарды, есептеулер мен материалдық құндылықтарды түгендеу жүргізуге қатысады, түгендеу нәтижелерін уақытылы және дұрыс айқындау және мүлікті есептен шығару және олардың Министрліктің есебінде «1С платформасындағы бюджет», «1С платформасындағы негізгі құралдарды есепке алу жүйесі» ақпараттық бағдарламалары арқылы көрсетілуі;
  7. олардың материалды жауаптылығындағы құндылықтардың есебі және сақталуы мәселелері бойынша  материалдық-жауапты тұлғаларға нұсқамалық өткізеді;
  8. «е-Минфин» ИААЖ «Шоғырландыру» кіші жүйесі арқылы бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган белгілеген мерзімде және тәртіпте Министрліктің (ведомстволық бағынысты мекемелер және сауда өкілдігі) тоқсандық, жартыжылдық және жылдық дебиторлық және кредиторлық берешекті жасайды және ұсынады;
  9. «е-Минфин» ИААЖ «Шоғырландыру» кіші жүйесі арқылы бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік аясында қызметті реттеуді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган белгілеген мерзімде және тәртіпте Министрліктің (ведомстволық бағынысты мекемелер және сауда өкілдігі) қаржылық және бухгалтерлік  жартыжылдық, жылдық есептілікті жасайды және ұсынады;
  10. уәкілетті орган белгілеген мерзімде және тәртіпте салық және статистикалық жылдық, тоқсандық және айлық есептіліктерді жасайды және ұсынады;
  11. резидент еместерге қойылатын қаржылық талаптар мен олардың алдындағы міндеттемелер туралы резидент емес тұлғалардан алынған көрсетілетін қызметтер мен субсидиялар туралы, резидент емес тұлғалармен жасалған халықаралық операциялар туралы тоқсан сайынғы есептерді жасайды және ұсынады және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жібереді;
  12. негізгі құралдардың, материалдық емес активтердің және басқа материалдық құндылықтардың, олардың сақтау және пайдалану орындарында сақталуына бақылау жүргізеді;
  13. мемлекеттік органның бюджеттік қаражатты басқару тиімділігін бағалау бойынша есепті жасауға қатысады;
  14. Операциялық жоспарды әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
  15. ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің жалақы бойынша қарыз бойынша есепті жасайды және ұсынады;
  16. Министрліктің және ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің штаттық кестесін құру және келісу дұрыстылығын тексеруді жүзеге асырады;
  17. «1С платформасындағы бюджет», «1С платформасындағы негізгі құралдарды есепке алу жүйесі» ақпараттық бағдарламаларын сүйемелдеу бойынша көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыруды және қабылдауды жүзеге асырады;
  18. бастапқы құжаттардың, бухгалтерлік есептің тіркелімдерінің, есептіліктің, есептік деректерді электрондық өңдеу бағдарламаларының сақталуын, оның есептеулерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңңамасында белгіленген тәртіпте оларды мұрағатқа тапсыруды бақылайды;
  19. өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлейді;
  20. Қазақстан Республикасының заңңамасына және Министрлік басшылығының тапсырмаларына сәйкес өзге функцияларын жүзеге асырады.

7. ББМІБ:

7.1. Міндеті: бюджеттік бағдарламалардың атқарылуын жүзеге асыруды ұйымдастыру және үйлестіру, ведомстволық бағынысты ұйымдармен жұмысты үйлестіру.

Функциялары:

  1. жоспарланған кезеңге арналған Министрліктің стратегиялық жоспарының 7. «Бюджеттік бағдарламалар» деген бөлімін іске асырады;
  2. бюджеттік бағдарламалар мен кіші бағдарламалардың атқарылуы бойынша, Министрлікке ведомстволық бағынысты құрылымдық бөлімшелердің қаржы-экономикалық қызметі бойынша жиынтық экономикалық талдауды жүзеге асыру;
  3. инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) және даму бағдарламаларының іске асырылуын мониторингілеу нәтижесі туралы ай сайынғы есепті даярлайды;
  4. бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша бюджет қаражатын күтілетін игеру туралы есепті жасайды және ұсынады;
  5. бюджеттік бағдарламалар және экономикалық сыныптаманың ерекшеліктері бөлінісінде бюджеттің атқарылуына ай сайын талдауды жүргізеді;
  6. мемлекеттік органның бюджет қаражатын басқару тиімділігін бағалау туралы есепті жинақтау мен жасауды және оларды уәкілетті органдарға ұсынуды жүзеге асырады;
  7. Операциялық жоспарды әзірлеу және іске асыруда жинақтауды жүзеге асырады;
  8. ведомстволық бағынысты акционерлік қоғамдардың даму жоспарларын және даму жоспарының орындалуы бойынша есептерді қарайды және келіседі және оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне жолдайды;
  9. мемлекеттік органдардың сұрауы бойынша ведомстволық бағынысты акционерлік қоғамдардың қаржы-экономикалық қызметі бойынша деректерді жинақтауды жүзеге асырады және оларды Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне жолдайды;
  10. ведомстволық бағынысты республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың, акционерлік қоғамдардың, республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың жалақы бойынша берешек жөніндегі есепті жасайды және ұсынады;
  11. бюджет процесін мониторингілеу бойынша көрсетілетін қызметті ұйымдастырады және қабылдауды жүзеге асырады;
  12. Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген тәртіппен құжаттарды, есептік деректерді электрондық  өңдеу бағдарламаларын сақтауды және олардың мұрағатқа өткізілуіне бақылауды жүзеге асырады;
  13. өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілер жобаларын жүзеге асырады;
  14. Қазақстан Республикасының заңнамасына және Министрлік басшылығының тапсырмаларына сәйкес өзге функцияларды жүзеге асырады.

Бұдан басқа, Департамент:

өз құзыреті шегінде түсіндірмелер береді;

Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен құжаттарды, есептерді, анықтамаларды және басқа материалдарды сұратады және алады;

 атқарушылық және еңбек тәртібін, «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарын бұзу фактілері бойынша жүргізілетін қызметтік тексерулер бойынша комиссия құрамына қатысады;

жұмысты ұйымдастыру мәселелері бойынша Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне және ведомстволық бағынысты ұйымдарына  ұсыныстар мен әдістемелік нұсқаулар береді;

шығыс және кіріс ақпарат бойынша материалдарды және қорытындыларды уақтылы дайындауды жүзеге асырады;

Министрліктің стратегиялық және операциялық жоспарларын әзірлеуге, түзетуге және іске асыруға қатысады;

Департамент мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеуге және өткізуге қатысады;

Департамент құзыреті шегінде бұқаралық ақпарат құралдарында және Министрліктің интернет-ресурсында Министрліктің қызметін жариялайды;

басшылықтың өзге жұмыс тапсырмалары мен міндеттерін орындайды.

8. Құқықтары мен міндеттері:

мемлекеттік органдардан, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, орталық және жергілікті атқарушы органдардан, сондай-ақ өзге мүдделі ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан оған жүктелген функцияларды жүзеге асыруға қажетті ақпаратты және материалдарды заңнамада белгіленген тәртіпте сұрату және алу;

оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіпте кеңестер шақыру және өткізу, оларға қатысу үшін Министрліктің басқа құрылымдық бөлімшелеріннен, басқа да мемлекеттік органдардан және мүдделі ұйымдардан мамандар тарту;

Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен бағынысты кәсіпорындарының басшыларының келісімімен нормативтік және құқықтық актілерді, басқа да құжаттар жобаларын дайындау үшін, сондай-ақ Департамент жүзеге асырылатын іс-шараларды әзірлеу және жүзеге асыру үшін қызметкерлерді тарту;

оның мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардағы, Министрлік бөлімшелеріндегі өзге мүдделі ұйымдардағы кеңестерге қатысу;

өз құзіреті шегінде мемлекеттік және өзге ұйымдарда (басшылықтың тапсырмасы бойынша) Министрліктің мүдделеріне өкілдік ету;

Департамент құзіретіне кіретін мәселелер бойынша Министрлік басшылығына ұсыныстар енгізу;

Қазақстан Республикасының қолданысындағы заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

Департамент қызметінің нақты ұйымдастырылуын және оның жетілдірілуін қамтамасыз ету;

орындайтын тапсырмаларының мерзімі мен сапасына жеке жауапкершілік алу, қызметтік міндеттемелерді адал орындау;

еңбек және атқарушылық тәртіпті, мемлекеттік және қызметтік құпияны қатаң сақтау;

өз біліктілігін жүйелі түрде арттырумен айналысу;

қызметтік этика қағидаларын қатаң сақтау;

 «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы Заңына сәйкес, өз құзыреті шеңберінде, анық және толық ақпарат беру;

департаменттің құзыреті шегінде бұқаралық акпарат құралдарында және Министрліктің интернет-ресурсында Министрліктің қызметін жариялау;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтау.

3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

9. Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасы өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Департамент негізгі мақсаттары мен функцияларын іске асыру үшін қажет өкілеттіктерге ие.

10. Департаментті Қазақстан Республикасының заңдамасында белгіленген тәртіпте қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын Директор басқарады.

11. Департамент директорының үш орынбасары болады.

12. Департамент директоры Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

13. Департамент директоры Министрлік басшылығына Департамент құрылымы және штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді;

14. Осы мақсаттарда Департамент директоры:

1) орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) Басқармалар басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

3) заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

15. Департамент директорының орынбасарлары:

1) өз өкілеттіктері шеңберінде Департамент қызметін үйлестіреді;

2) Департамент директоры болмаған кезде Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен функцияларының жүзеге асырылуы үшін дербес жауапты болады;

3) Департамент директоры жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

16. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда, оны алмастыратын адам қол қояды.