• Special version
  • Mobile version

You are here

ҚР ӘЭД 2019 жылғы қаңтардағы қорытындылары бойынша Үкімет отырысында Т.М. Сүлейменовтің сөйлеген сөзі, 12.02.19

МАКРОЭКОНОМИКА

Есепті кезеңде жалпы ішкі өнімнің өсуі 2,9% құрады. Өсу тұтыну нарығындағы, сондай-ақ өнеркәсіптің өндіру секторларындағы сұраныстың сақталуымен қамтамасыз етілді.

Бұл ретте, экономиканың өсу қарқындарының бәсеңдеуі өңдеу өнеркәсібіндегі және құрылыстағы төмендеумен, сондай-ақ инвестициялық белсенділіктің бәсеңдеуімен негізделеді.

Жалпы, негізгі салалардың барлығына өткен жылғы жоғары база әсері тиді.

Инфляция деңгейі 2018 жылғы сәйкес кезеңге қарағанда жақсы қалыптасты. Жыл басынан бері ол 0,5%, жылдық мәнінде – 5,2% құрады.

Өткен жылғы жоғары базаның аясында осы жылғы қаңтарда негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 2,5% төмендеді. Төмендеу Шымкент мұнай өңдеу зауыты және Ақсу ферроқорытпа зауытын жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстарын аяқтауымен байланысты.

Осы жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша елдің халықаралық резервтері 88,8 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде алтын валюта резервтері – 30,6 млрд. АҚШ долларын және Ұлттық қордың активтері – 58,2 млрд. АҚШ долларын құрады.

ӨНЕРКӘСІП

Өнеркәсіп өндірісінің өсуі қаңтарда 1,9% дейін баяулады.

Сонымен қатар, сусын, пластмасса бұйымдарын өндіру, жеңіл және химия өнеркәсібі жоғары өсімді көрсетті.

Есепті кезеңде кен өндіру өнеркәсібінің көлемі 6,8% артты. Өсу мұнай өндірудің 5,3%, табиғи газдың6,1% және түсті металдар кенінің – 15,8% өсуімен байланысты.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр. Өндіріс көлемі 3,5% ұлғайды. Өсім мал шаруашылығындағы өндірістің 3,6% өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте, өсімдік шаруашылығы көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталды.

ҚҰРЫЛЫС

Құрылыс секторында төмендеу үрдісі байқалады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,8% қысқарды. Бұған көп пәтерлі үйлер мен өнеркәсіп ғимараттарын, білім беру объектілерін, мұнай және газ магистральды құбыр жолдарын салу бойынша жұмыс көлемдерінің азаюы әсер етті.

КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР САЛАСЫ

Қызмет көрсету саласының шығарылымы 3,6%өсті. Көлік саласында өсім 3,7% құрады.

Айтарлықтай өсім саудада 7,5% деңгейінде тіркелді.

ӨҢІРЛЕР

Ағымдағы жылдың басынан бері елідің кейбір өңірлерінде тұрақсыз жағдай байқалуда.

Мәселен, өнеркәсіп бойынша Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақмола облыстары теріс серпінді көрсетті.

Бұл өңірлерде мұнай, газ конденсатын, уран кенін, жалпақ илек және жүк вагондарын өндіру қысқарды.

Сонымен бірге, өнеркәсіпте Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарында, Астана қаласында жоғары өсім байқалып отыр.

Ауыл шаруашылығында Атырау облысынан басқа, барлық өңірлерде өсім байқалады.

Айтарлықтай өсімді Ақмола облысы көрсетуде.

Құрылыс бойынша 6 өңірде төмендеу байқалды. Бұл, Астана қаласы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары.

Өңірлердегі құлдырау техногендік минералдық түзілімдерді қайта өңдеу фабрикасының, «Абу-Даби Плаза» кешенінің, магистральды мұнай және газ құбырларының, тұрғын және өнеркәсіптік ғимараттардың, білім беру объектілерінің құрылысы бойынша жұмыстардың азаюымен байланысты.

Негізгі капиталға инвестициялар көлемінің айтарлықтай төмендеуі 3 өңірде байқалады.

Инвестицияларды тарту бойынша 4,3 есеге өсумен Қызылорда облысы көшбасшы болып отыр.

Сондай-ақ, инвестициялардың айтарлықтай өсуі Қарағанды, Ақмола, Түркістан, Қостанай облыстарында байқалады.

Жалпы 2019 жылдың бірінші айының қорытындысы бойынша экономиканың көптеген салаларында өсудің баяулау үрдісі байқалады.

Бұл ретте, өңдеудің негізгі салаларындағы құлдырау және құрылыстағы төмендеу тұтастай алғанда экономикалық өсуге барынша теріс ықпал етті. Біздің бағалауымыз бойынша, осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне теріс салымы 1,1 проценттік тармақты құрайды.

Осыған байланысты, салалар мен өңірлері бөлінісінде экономиканың өсуінің төмендеу себептерін түбегейлі зерделеу және оларды жою қажет.

Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдер экономикалық белсенділіктің өсуіне қолдау көрсету және ынталандыру бойынша барлық түбегейлі шаралар қабылдауы тиіс.