• Special version
  • Mobile version

You are here

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысына заңжобасы бойынша Ұлттық экономика министрі Р.Е. Дәленовтың баяндамасы, 14.03.19

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңжобасы бойынша Ұлттық экономика министрі Р.Е. Дәленовтың баяндамасы

Заң жобасы 56 заңнамалық актілерге (11 кодекс және 45 заңға) 400-ге жуық түзетулер қарастырады, олар:

  • кәсіпкерлік қызметті дамыту және сауда саласында инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай жасауға;
  • салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге;
  • электрондық және биржалық сауданы, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі сауданы жетілдіруге;
  • Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен сыртқы сауданы одан әрі дамытуға;
  • қолма қол ақшасыз төлемдерді дамыту есебінен экономиканың көлеңкелі айналымын төмендету және тауар таңбалау және қадағалау жүйесін енгізуге бағытталған.

***

Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларға өз аумағында тауарларды сату кезінде нөлдік ҚҚС мөлшерлемесін қолдануға құқық беріледі. Сонымен бір мезгілге пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесі (ПҚӨС) төмендетілді. Салықтық әкімшілендіру шеңберінде «Виртуалды қойма» модулі мен «Электрондық шот-фактура» ақпарат жүйесі енгізілуде.

Сондай-ақ, онлайн бақылау-кассалық машинаны жаппай қолдануды 2024 жылдан 2020 жылға ауыстыру көзделуде. Сонымен бірге заң жобасымен бір мезгілде онлайн БКМ-ға кедергісіз көшу үшін шағын бизнеске ынталандырулар қарастырылып отыр. Атап айтқанда, онлайн БКМ сатып алу кезінде салық сомасын 60 мың теңгеге дейін төмендету мүмкіндігі бар.

***

Электрондық сауданы дамыту үшін мынадай бірқатар түзетулер көзделді:

  • декларация ретінде пошта құжаттарын пайдалану жолымен, кедендік декларациялауды жеңілдету;
  • электрондық сауда ұғымын енгізу және электрондық сауда субъектілерін дәл жіктеу;
  • көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту;
  • тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың айқын және тиімді жүйесін енгізу.

Сондай-ақ заң жобасында электрондық саудадағы тұтынушылардың құқығын қорғауға ерекше назар аударылды. Сауда қызметі туралы заңда көзделген тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейінен төмен емес электрондық саудадағы мүддені қорғау қағидасы бекітілген.

***

Заң жобасы аясында тауар биржаларын жақсарту бойынша да нормалар қарастырылған. Нарықтық баға, яғни таза бәсекелестік және кәсіпкерлік субъектілерінің биржалық саудаларға еркін қол жеткізуі есебінен қалыптасқан баға ұғымы енгізіледі.

Барлық биржа қатысушыларының тең бәсекелестігін қамтамасыз етпейтін, классикалық аукцион режимі алынып тасталды.

Брокерлер мен дилерлерді лицензиялаудың тиімсіз институты алынып тасталды. Сонымен қатар биржаларда аккредиттеу институтының сақталуы мен ерікті кәсіптік өзін-өзі реттеуді енгізу арқылы бизнес-қауымдастықтың өз жауапкершілігі күшейтілді.

***

Заң жобасында агроөнеркәсіптік сектордағы сауда мәселелеріне көп көңіл бөлінеді.

Отандық тауар өндірушілердің сауда желілеріне қолжетімділігін арттыру мақсатында заң жобасында әлеуметтік маңызды тауарларды сату үшін ретро-бонус тағайындауға тыйым салу қарастырылған.

Басқа азық-түлік өнімдері үшін 5%-тен аспайтын мөлшерде ретро-бонус белгілеу лимиті енгізілді. Тұрақтандыру қорларының қызметін оңтайлы етудің нормасы қарастырылған. Атап айтқанда, сатып алынатын тауардың уақыты мен санын дербес анықтау, сондай-ақ оны кейіннен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ӘКК өкілеттігі кеңейтілуде.

Сонымен қатар, ӘМАТ бағасының өсуін тежеу үшін қосымша шаралар ұсынылуда. Әкімдіктерге азық-түлік өнімдерін өзіндік құны бойынша сататын (нарықтық бағадан төмен) сауда желілерін қолдау мүмкіндігі беріледі. Бұл шара тұрақтандыру қорларының резервтерін пайдаланудың баламасы болып табылады.

Ішкі сауда субъектілерінің отандық тауарларды көз жететін және қолжетімді жерде орналастыру міндеті енгізілді.

***

Көлеңкелі экономиканы азайту және контрафактілік өнімдермен күресу мақсатында заң жобасында тауарларды таңбалау мен қадағалау көзделген. Тауарлардың таңбалануы сатып алушының өнімнің құрамы мен сипаттамасы, оны жасау күні мен өндірілген орны, сатушының оны сатуға құқығының барлығын, сондай-ақ оны жеткізуге және сақтауға қатысатын делдалдардың бүкіл тізбесі туралы жан-жақты хабардар болуын қамтамасыз етеді.

Өнімді сәйкестендірудің бұл түрі тұтынушылардың құқығын қорғайды және жосықсыз кәсіпкерлердің алдау әрекетінен сақтайды. Міндетті таңбалауға жататын тауар тізбесін Үкімет бизнес субъектілерімен келісе отырып, бекітіледі (алдын-ала РӘТ және оң пилот талап етіледі).

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау кезінде заңнамалық деңгейде сыртқы сауданы реттеудің мақсаттары мен қағидаттарын, тарифтік жеңілдіктер мен артықшылықтарды қолдану ерекшелігі мен шартын нақтылау ұсынылады.

***

Жалпы, заң жобасы кәсіпкерлік қызметті қолдауға, бизнес шығындарын азайтуға, инвестициялық тартымдылықты арттыру мен сауда инфрақұрылымын кешенді дамытуға арналған.