• Special version
  • Mobile version

You are here

«Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасы бойынша баяндама

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімге 2018 жылғы 17 мамырда қол қойылды.

Келісім жасасу бойынша келіссөздерді бастау туралы шешімді Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары 2016 жылы қабылдады.

Бұл ретте, Мемлекет Басшысының Иранмен еркін сауда аймағын құру бастамасы 2014 жылы Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитінде айтылды.

Бұл келісімді іске асыру 80 миллионнан астам халқы бар Иранның перспективті нарығына отандық тауарлардың экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, мұндай келісімді жасау экспортты әлемдік нарыққа шығару құралдарының бірі болып табылады.

Иранмен өзара сауда көлемі 2018 жылы 516,3 млн. долларға жетті, оның ішінде 82,6%-і Иранға экспортты құрады. Экспортқа шығарылған негізгі тауарлар - арпа, болат илек , рапс тұқымы және қой еті .

Келісімге сәйкес Иран тарапы 864 тауарға қатысты импорттық баж мөлшерлемесін төмендетті.

Иран нарығына сиыр және қой еті, бұршақ дақылдары, өсімдік майлары, макарон және кондитерлік өнімдер, болат илек, рельстер, аккумуляторлар, арматура, құбырлар және тағы басқалары сияқты тауарларды жеңілдетілген тариф бойынша жеткізу мүмкін болады.

Бұл тауарлар бүгінгі күні Қазақстанның ағымдағы  экспортының жартысынан астамын құрайды.

Өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері 502 тауар бойынша импорттық баж мөлшерлемесін төмендетеді. Олар: пісте, құрма, інжір, жүзім, креветкалар, кондитерлік өнімдер, ыдыс, жуу құралдары, кілемдер, пластмасса бұйымдары.

Келісім ратификациялау рәсімдері аяқталған соң 60 күннен кейін күшіне енеді. Келісімнің қолданылу мерзімі

3 жыл.

Ратификациялаудан кейін 1 жыл ішінде тараптар еркін сауда аймағы туралы тұрақты келісім бойынша келіссөздерді бастайды.

Уақытша келісім ережелері Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына толық сәйкес келеді.

Заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қаржы қаражатын бөлуді талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды.