• Special version
  • Mobile version

You are here

Ұлттық экономика министрі Р.Е Дәленовтің ҚР 2020-2024 жылдарға арналған екінші кезеңдегі ӘЭДБ бойынша ҚР Үкіметінің отырысында баяндамасы

Қарастыруға елдің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы енгізіледі.

Болжамды қалыптастырудың негізгі факторлары:

1) Жалпы ішкі өнім бойынша 2018 жылғы есептік статистикалық деректер. Ағымдағы жылғы 7 айдағы экономика дамуының қорытындылары. Жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,2%  құрады. Инфляция нысаналы дәлізде (5,4%), инвестициялар 11% деңгейінде өсуде.

2) Әлемдік экономиканың өсуі бойынша өзектендірілген болжамдар.

3) Әлемдік тауар нарықтарындағы үрдістер. Әлемдік қаржы ұйымдарының мәліметтеріне сәйкес 2019 жылы мұнай бағасының консенсус-болжамы 65 долларды құрайды. Ал 2020 жылы бір баррель үшін 63 долларына дейін төмендейді.

Сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасы дамуының ықтимал үш сценарийі қаралды.

Болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастыру үшін базалық сценарий негізге алынды. Ол мұнай бағасын 55 доллар көлемінде көздейді.

Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2020 жылы 4,1% деңгейінде болжанып отыр. 2024 жылы ол 4,7% жетеді. Орташа жылдық өсу қарқыны 5 жылда 4,4% құрайды.

Инвестициялар экономикалық өсуді қолдаудың маңызды факторы болады.

Салалық бөліністе негізгі өсім шикізаттық емес секторына тиесілі болады. Бұл өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және құрылыс. Бұл салалардың орташа өсімі 4,7% деңгейінде болады. Жалпы ішкі өнімнің өсуіндегі салымы 3,5 проценттік тармақты құрайды.

Мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 миллион тоннаға, 2024 жылы 100 миллион тоннаға дейін өседі. Өндірудің өсуі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сондай-ақ теңіздегі кен орындарын пайдалануға беру есебінен болады.

Номиналды жалпы ішкі өнім 2020 жылы 75 триллион теңгені, ал 2024 жылы - 106  триллион теңгені құрайды.

Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2020 жылы 10,5 мың долларды құраса, 2024 жылы ол 14,3 мың долларына дейін ұлғаяды.

2020-2021 жылдары инфляцияның жылдық нысаналы дәлізі 4,0-6,0% деңгейінде сақталады. Ал 2022-2024 жылдары ол дәліз 3,0-5,0% шегінде болады.

Жұмыссыздық 2024 жылы 4,7% дейін төмендейді.

Макроэкономикалық болжамның негізінде 2020-2022 жылдарға арналған бюджет параметрлері мен Ұлттық қордың болжамы әзірленді.

Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді қоспағанда) 2020 жылы 8,0 трлн. теңге сомасында, 2021 жылы – 8,6 трлн. теңге, 2022 жылы – 9,4 трлн. теңге сомасында болжанады.

Бюджет тапшылығын 2020 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,1%, 2021 жылы – 1,5% дейін және 2022 жылы – 1,0% дейін төмендетілген мөлшерінде белгілеу ұсынылады.

Мұнайлық емес тапшылық 2020 жылы жалпы ішкі өнімнің 7% дейін, 2022 жылы – 5,1% дейін төмендейді.

Осы параметрлерді есепке ала отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы 12,7 трлн. теңге, 2021 жылы 13,2 трлн. теңге, 2022 жылы – 13,6 трлн. теңге көлемінде белгіленді.