• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

Салық және кеден саясаты департаменті туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

1. Салық және кеден саясаты департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Министрлік туралы ережені, Министрлік басшылығының бұйрықтарын және тапсырмаларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департамент құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысы Министрдің келісімі бойынша бекітеді.

4. Департамент:

1. Салық саясаты басқармасы (бұдан әрі – ССБ);

2. Салықтық және салықтық емес түсімдерді талдау және болжамдау басқармасы (бұдан әрі – ССТТББ);

3. Кеден саясаты басқармасы (бұдан әрі – КСБ);

4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды сараптау басқармасынан (бұдан әрі – ЖКСБ) тұрады.

2. Департаменттің негізгі мақсаты, функциялары мен құқықтары

5. ССБ:

5.1. Міндеті: салық саясатын қалыптастыру.

Функциялары:

1) салық саясатының негізгі бағыттарын әзірлейді;

2) салық заңнамасына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстарды талдайды және әзірлейді;

3) алыс және жақын шетел мемлекеттерімен салық саясатын жүргізу тәжірибесі, сондай-ақ осы салада халықаралық экономикалық және қаржылық ұйымдармен тығыз ынтымақтастықты ұйымдастыру бойынша ақпаратты жинақтайды және талдайды;

4) салық саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

5) салық салу мәселелері жөніндегі Консультациялық кеңестің жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүргізеді;

6) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесіне Департамент құзыретіне кіретін салық салу мәселелері бойынша жұмыс тобына ұсыныстар әзірлейді;

7) Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық шарттардың, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайды;

8) салық саясаты саласындағы халықаралық делегациялармен кездесулерге талдамалық ақпаратты дайындайды;

9) Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша рентабельділігі төмен келісімшарттар бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге жеке салық мөлшерлемесінің нақты мөлшерлері бойынша ұсыныстар әзірлейді;

10) қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізеді.

6. ССТТББ:

6.1. Мақсаты: жоспарлы кезеңге республикалық, жергілікті бюджеттерге және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына кірістер (трансферттер түсімдерін қоспағанда) түсімдерін болжамдау.

Функциялар:

1) әлеуметтік-экономикалық даму болжамын есепке ала отырып жоспарлы кезеңге арналған Бірыңғай бюджет сыныптамасының санатттары, сыныптары, кіші сыныптар бойынша мемлекеттік және республикалық бюджетке, Ұлттық қорға түсімдерді болжайды;

2) жоспарлы кезеңге арналған мемлекеттік бюджет кірістерінің болжамы жөнінде ұсыныстарды дайындау бойынша орталық, жергілікті атқарушы органдармен және басқа органдармен, сондай-ақ министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасайды;

3) тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеуге және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысады;

4) Республикалық бюджет комиссиясының қарауына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет жобасына материалдар дайындауға қатысады;

5) ел экономикасын дамытудың әртүрлі сценарийлері бойынша республикалық бюджетке және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына кірістер түсімдерін болжайды;

6) Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджет сыныптамасы кодтары бөлінісінде шоғырландырылған бюджеттің, оның ішінде республикалық бюджеттің, жергілікті бюджеттердің және Ұлттық қордың кірістері түсімдерінің мониторингін жүргізеді;

7) Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджет сыныптамасы ерекшеліктері бөлінісінде республикалық бюджеттің, жергілікті бюджеттердің және Ұлттық қордың кірістері түсімдеріне талдау және бағалау жүргізеді;

8) республикалық және облыстық бюджеттердің арасында  үшжылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасына жергілікті бюджеттер кірістері түсімдерін болжайды;

9) үшжылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттерді белгілеу мақсатында жергілікті бюджеттер (өңірлер бөлінісінде) кірістерінің көлемін қалыптастыру кезінде үшжылдық кезеңге еңбекақы төлеу қорын болжамдауды айқындау тәсілдері бойынша ұсыныстарды әзірлейді;

10) бюджетке түсімдерді болжамдау Әдістемесін әзірлейді және жетілдіреді;

11) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

12) жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы ҚР Заң жобасын және Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өзге заңнамалық актілерді қарау бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің палатасы депутаттарымен өзара іс-қимыл жасайды;

13) Басқарма мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеуге және жүргізуге қатысады.

7. КСБ:

7.1. Мақсаты: кеден саясатын қалыптастыру.

Функциялары:

1) кеден саясатының негізгі бағыттарын әзірлейді;

2) кеден заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарды талдайды және әзірлейді;

3) алыс және жақын шетел мемлекеттерімен кеден саясатын жүргізу тәжірибесі, сондай-ақ осы салада халықаралық экономикалық және қаржылық ұйымдарымен  тығыз ынтымақтастықты ұйымдастыру бойынша ақпаратты жинақтайды және талдайды;

4) Қазақстан Республикасының шетел мемлекеттерімен ынтымақтастық мәселелері бойынша үкіметаралық комиссияның шешімдерін дайындауға және құзыреті шегінде іске асыруға қатысады;

5) құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық шарттардың, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайды;

6) кеден саясаты саласында халықаралық делегациялармен кездесулерге талдамалық ақпаратты дайындайды.

8. ЖКСБ:

8.1. Мақсаты: пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, бірлескен барлау және өндіру жүргізуге келісімшарттар жобаларына экономикалық сараптаманы, сондай-ақ оларға толықтыруларды жүргізеді.

Функциялары:

1) барлау, өндіру, бірлескен барлау және пайдалы қазбаларды өндіру не құрылыс және (немесе) барлау және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын, сондай-ақ оларға қосымша құрылыстарды пайдалану келісімшарттары жобаларына экономикалық сараптама жүргізеді;

2) жер қойнауын пайдалану және мұнай операцияларын жүргізу мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды қарайды;

3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісім шарт жобасынының экономикалық сараптамасы қағидаларын әзірлейді;

4) келіссөздер жүргізу және жер қойнауын пайдалану келісімшарттарының жобаларын, бұрын жасалған келісімшарттарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылау жөніндегі жұмыс тобына қатысады;

5) жер қойнауын пайдалану құқығына конкурстар өткізу бойынша комиссияға қатысады;

6) жер қойнауын пайдалану құқығын алуға конкурсқа шығаруға жататын жер қойнауы учаскелерінің (блоктарының) тізбесін келіседі;

7) жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған өтінімдерді қарауға қатысады;

8) Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша рентабельділігі төмен келісімшарттар бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге жеке салық мөлшерлемесінің нақты мөлшері бойынша ұсыныстар әзірлейді;

9) пайдалы қазбаларды өндіру бойынша жұмыстарды жүргізуге жобалық құжаттарға техникалық-экономикалық негіздемеге экономикалық сараптама жүргізеді.

Бұдан басқа, Департамент:

жетекшілік ететін салалар бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне консультативтік көмек көрсетеді;

Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және Министрлік басшылығының тапсырмалары бойынша материалдар мен қорытындыларды  уақтылы дайындауды, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және азаматтардың хаттарын, ұсыныстарын және өтініштерін уақтылы қарауды қамтамасыз етеді;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Министрлік пен өзге мемлекеттік органдар әзірлейтін заңнамалық және өзге нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындауға қатысады;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қызметті бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және жетілдіру жөніндегі мәселені қарайды;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шаруашалық субъектілерінің және азаматтарының өтініштері мен  шағымдарын уақытылы қарауды қамтамасыз етеді;

құжаттарды есепке алу мен олардың сақталуын, оларды Министрліктің мұрағатына сақтауға бергенге дейінгі жай-күйі мен сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді;

Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша бұқаралық акпарат құралдарына және Министрліктің интернет-ресурсында Министрліктің қызметін жариялайды;

басшылықтың өзге де тапсырмаларын орындайды.

9. Құқықтары мен міндеттері:

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Министрлік басшылығының тапсырмаларын орындауға қажетті қорытындыларды және Департаментке жүктелген функцияларды орындау үшін қажетті басқа құжаттарды, анықтамалар мен материалдарды алу;

Министрліктің басқа бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдарының келісімімен Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларға сәйкес материалдарды дайындау үшін мамандарды тарту;

құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманы, ережелерді, Министрліктің нұсқамаларын, нұсқаулықтары мен бұйрықтарын қолдану бойынша түсініктеме беру;

Департамент міндеттерін орындау мен оның қызметін ұйымдастыру бойынша Министрлік басшылығына ұсыныстармен шығу және осы ұсыныстарды қарау туралы ақпарат алу;

Техникалық көмек және шетелдік ұйымдармен ынтымақтастықты қоса алғанда, қолданыстағы жүйелер мен үлгілер арқылы Департамент қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды жүзеге асыру;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жиналыстар шақыру және өткізу, оларға қатысу үшін белгіленген тәртіпте жетекшілік ететін министрліктердің бөлімшелері қызметкерлерін тарту;

Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыру үшін Министрліктің құзыреті шегінде өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының, оның ішінде ақпаратқа қол жеткізуге қатысты, талаптарын сақтауға;

олар орындайтын тапсырмалардың мерзімі мен сапасы үшін жеке жауапты болу, қызметтік міндеттерді адал орындау;

еңбек және атқарушылық тәртіпті, мемлекеттік және қызметтік құпияны қатаң сақтау;

өзінің біліктілігін арттырумен жүйелі айналысу;

қызмет этикасы ережелерін қатаң сақтау.

3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

10. Департамент Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

11. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын  директор басқарады.

12. Департамент директорының екі орынбасары болады.

13. Департамент директоры Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

14. Департамент директоры Министрлік басшылығына Департаменттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

15. Департамент директоры осы мақсаттарда:

1) өз орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) басқарма басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

3) Қазақстан Республикасының заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

16. Департамент директорының орынбасарлары:

1) өз өкілеттіктері шегінде Департаменттің қызметін үйлестіреді;

2) Департамент директоры болмаған кезеңде Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

3) Департамент директоры жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

17. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.