• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

Адами ресурстармен жұмыс департаменті туралы

ЕРЕЖЕ

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Адами ресурстармен жұмыс департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі-Заң), Қазақстан Республикасының актілерін, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Министрлік туралы ережені, Министрлік басшылығының бұйрықтары мен тапсырмаларын, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.

3. Департаменттің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің Жауапты хатшысы бекітеді.

4. Департамент:

1) Персоналмен  жұмыс басқармасынан (бұдан әрі – ПЖБ);

2) Қызметкерлерді ынталандыру және дамыту басқармасынан (бұдан әрі – ҚЫДБ);

3) Трансформациялау басқармасынан (бұдан әрі – ТБ) тұрады.

 

2. Департаменттің негізгі мақсаттары, функциялары, құқықтары

мен міндеттері

 

5. ПЖБ:

5.1. Міндеті: Министрлік персоналын басқарудың тұтас жүйесін қалыптастыру.

Функциялары:

1) Министрліктің персоналын басқару стратегиясын әзірлейді және іске асырады;

2) Министрліктің кадрларға, оның ішінде мамандықтар мен біліктіліктер бойынша қажеттілігін талдайды және жоспарлайды;

3) Министрліктің кадрлық құрамын қалыптастырады және конкурстық іріктеуді ұйымдастырады;

4) Министрліктің кадрларын және кадрлық іс жүргізуді мониторингілеуді, оның ішінде «Е-қызмет» персоналды басқарудың ақпараттық жүйесі арқылы жүргізеді.

5) «Персоналды басқару» бағыты бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне есепті жылдың қорытындылары бойынша есепті ақпарат ұсынады.

6) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді түзетуді қамтамасыз етеді.

5.2. Міндеті: Министрлік персоналын басқарудың тұтас жүйесі шеңберінде мемлекеттік қызмет өткеруді қамтамасыз ету.

Функциялары:

1) кадрлық мәселелер жөніндегі конкурстық, аттестаттау және өзге де комиссиялардың қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

2) мемлекеттік қызметке кіру, мемлекеттік қызметті өткеру және тоқтату рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;

3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында айқындалатын персоналды басқару бойынша өзге де міндеттер мен функцияларды іске асырады.

5.3. ПЖБ:

1) оған Заңмен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы № 15 бұйрығымен бекітілген Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) туралы үлгілік ережемен жүктелген міндеттері мен функцияларын орындау үшін қажетті мәліметтер мен құжаттарды Министрліктің басқа құрылымдық бөлімшелерінен сұратады және алады;

2) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасасады.

 

6. ҚЫДБ:

6.1. Міндеті: Министрлікте корпоративтік мәдениетті қалыптастыру және қолайлы әлеуметтік-психологиялық еңбек ахуалын дамыту.

Функциялары:

1) еңбек режимін сақтауды, Министрлікте еңбек заңнамасының және мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың орындалуын қамтамасыз етеді; 

2) Министрлік қызметкерлерінің, ведомство басшылары мен олардың орынбасарларының, сондай-ақ аумақтық органдар басшылары мен олардың орынбасарларының еңбек және орындаушылық тәртібін бақылауды жүзеге асырады; 

3) тәртіптік комиссияның қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді, қызметтік тергеп-тексеруді жүргізуді, мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тартуды қамтамасыз етеді;

4) Министрліктің, ведомстволар мен аумақтық бөлімшелердің қызметкерлерін мемлекеттік, ведомстволық наградалармен және Министрліктің құрмет грамоталарымен, Министрліктің алғыс хаттарымен наградтау үшін ұсыныстардың, наградалық материалдардың жобаларын дайындау бойынша жұмыс жүргізеді;

5) мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ұсыну үшін кандидатураларды қарау және ілгерілету бойынша Министрліктің награда комиссиясының қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

6) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасасады және тәртіптік комиссияның қызметі туралы тоқсан сайынғы есептік ақпаратты ұсынады;  

7) «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесінде жұмыс жүргізеді;

8) Министрлік қызметкерлеріне, ведомстволар басшылары мен олардың орынбасарларына, сондай-ақ аумақтық органдардың басшылары мен олардың орынбасарларына қызметтік куәлікті есепке алу, тіркеу, ресімдеу, беру жұмысын қамтамасыз етеді; 

9) қызметтік куәліктерді, ведомстволық наградаларды, құрмет грамоталарын, алғыс хаттарды, электрондық рұқсаттаманы дайындау бойынша техникалық ерекшеліктер мен шарттар жасасу жұмысын, сондай-ақ орындалған жұмыстар актілерін жасауды қамтамасыз етеді; 

10) Министрліктің қызметкерлеріне электрондық рұқсаттаманы есепке алу, тіркеу, ресімдеу, беру жұмысын қамтамасыз етеді.

6.2. Міндеті: Министрлік кадрларының кәсіби дамуын қамтамасыз ету.

Функциялар:

1) Министрлікте кәсіби бейімделу мен тәлімгерлікті ұйымдастырады;

2) Министрліктің кадрларының кәсіби дамуын, оның ішінде белгіленген мерзімдерге сәйкес мемлекеттік қызметшілерді тағылымдамаларды, даярлауды, қайта даярлауды, біліктілігін арттыруды ұйымдастыру жолымен қамтамасыз етеді;

3) әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалауды ұйымдастырады, оқыту рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

 

7. ТБ:

Міндеті: Министрлік жұмысының тиімділігі мен корпоративтік мәдениетін арттыру бойынша ұсыныстар мен жаңа тәсілдерді әзірлеу.

Функциялары:

1) құрылымдық бөлімшелердің жұмысын стандарттау, оңтайландыру, автоматтандыру бойынша ұсыныстар әзірлейді және басшылыққа тиісті ұсыныстар енгізеді;

2) Министрліктің корпоративтік мәдениеті деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдайды;

3) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасайды;

4) жергілікті жерге бара отырып, үздік тәжірибелерді, халықаралық тәжірибені зерделейді және оларды Министрлікке енгізу жөніндегі ұсыныстарды басшылыққа енгізеді.

8. Құқықтары мен міндеттері:

Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен және ведомстволарынан заңнамада белгіленген тәртіппен өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін материалдар мен ақпаратты сұрату және алу;

өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен кеңестер шақыру және жүргізу, оларға Министрліктің басқа құрылымдық бөлімшелерінің, басқа мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдардың мамандарын қатысу үшін тарту;

оның мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардағы, Министрліктің бөлімшелеріндегі, өзге де мүдделі мемлекеттік ұйымдардағы кеңестерге қатысу;

өз құзыреті шегінде мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Министрліктің (басшылықтың тапсырмасы бойынша) мүдделерін білдіру;

Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Министрлік басшылығына ұсыныстар енгізу;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтау;

Департамент жұмысын нақты ұйымдастыруды қамтамасыз ету және оны жетілдіру;

орындалатын тапсырмалардың мерзімі мен сапасына дербес жауап беру, қызметтік міндеттерді адал орындау;

еңбек және атқарушылық тәртіпті, мемлекеттік және қызметтік құпияларды қатаң сақтау;

өз біліктілігін арттырумен жүйелі түрде айналысу;

қызмет этикасы қағидаларын қатаң сақтау;

өз құзыреті шегінде «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес анық және толық ақпарат береді;

Департаменттің құзыреті шегінде Министрліктің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында және Министрліктің интернет-ресурсында жариялайды.

 

3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

 

9. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президенттің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

10. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын директор басқарады.

11. Департамент директорының орынбасары болады.

12. Департамент директоры Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

13. Департамент директоры Министрлік басшылығына Департаменттің құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді.

14. Департамент директоры осы мақсатта:

1) орынбасарының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) басқармалар басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

3) Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарына және актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

15. Департамент директорының орынбасары:

1) өз өкілеттігі шеңберінде Департаменттің қызметін үйлестіреді;

2) Департамент директоры болмаған кезеңде Департаменттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

3) Департамент директоры жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

16. Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.