• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаменті туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

1. Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік)  құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Министрлік туралы ережені, Министрлік басшылығының бұйрықтарын және тапсырмаларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департамент құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысы бекітеді.

4. Департамент:

1) Мемлекеттік басқаруды дамыту саясаты басқармасынан
(бұдан әрі – МБДСБ);

2) Функционалдық талдау басқармасынан (бұдан әрі –ФТБ);

3) Мемлекеттік басқару мәселелері бойынша мемлекеттік органдарды үйлестіру басқармасынан (бұдан әрі –МБММОҮБ);

4) Мемлекеттік басқару жүйесін дамытудын әдіснамалық сүйемелдеу басқармасынан (бұдан әрі – МБЖДӘСБ);

5) Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау басқармасынан (бұдан әрі – МОҚТББ);

6) Еңбекке ақы төлеуді жетілдіру басқармасынан (бұдан әрі –ЕАТЖБ) тұрады.

2. Департаменттің негізгі мақсаттары, функциялары, құқықтары мен міндеттері

5. МБДСБ:

5.1. Мақсаты: мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру.

Функциялары:

1) әкімшілік реформаның негізгі бағыттарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

2) мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және жаңғырту жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

3) жергілікті мемлекеттік басқаруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

4) Дүниежүзілік экономикалық форумның Институттар бағыты бойынша Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі көрсеткіштерін жақсарту бойынша мемлекеттік органдар қызметін үйлестіреді және ұсыныстар әзірлейді;

5) Халықаралық ұйымдармен, оның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен ынтымақтастық пен өзара әрекеттесу бойынша мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен жұмысты үйлестіреді.

6. ФТБ

6.1. Мақсаты: мемлекеттік басқару және мемлекеттік органдар деңгейлері арасында мемлекеттік функцияларды оңтайлы бөлу жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

Функциялары:

1) мемлекеттік басқарудың барлық салалары бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне функционалдық талдауын жасайды;

2) мемлекеттік функцияларды ұтымды бөлу тұрғысынан заңнамаға талдау жүргізеді;

3) мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді және ұсыныстар әзірлейді;

4) мемлекеттік органдардың функционалдық талдауын әдіснамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;

5) орталық мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілері мен стратегиялық жоспарларының (стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобалары) оларда ішінде белгіленген мақсаттарға, міндеттерге, нысаналы индикаторлар мен мемлекеттік органдар қызметінің функцияларына, міндеттеріне тура нәтижелерінің көрсеткіштеріне сәйкестігіне сараптама жүргізеді.

7. МБММОҮБ

7.1. Мақсаты: мемлекеттік басқару мәселелері бойынша мемлекеттік органдарды үйлестіру.

Функциялары:

1) мемлекеттік органдардың функцияларды бәсекелес ортаға беру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

2) бәсекелес ортаға берілген мемлекеттік функцияларға мониторинг жүргізеді;

3) мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді;

4) мемлекеттік басқару мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

5) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар құрылымы мен штат санын оңтайландыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

6) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың құрылымы мен штат санының өзгеруін көздейтін нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізеді.

8. МБЖДӘСБ:

8.1. Мақсаты: мемлекеттік басқару жүйесін дамытуды әдіснамалық сүйемелдеу.

Функциялары:

1) мемлекеттік басқару мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді әзірлейді және оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындайды;

2) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға әдіснамалық басшылық жасауды жүзеге асыруды және консультациялық жұмыс жүзеді;

3) мемлекеттік функция құнын анықтау әдістемесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

4) нормативтік құқықтық актілерге уақтылы өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша шаралар қабылдайды;

5) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу бойынша орталық мемлекетттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіреді.

9. МОҚТББ:

9.1. Мақсаты: мемлекеттік органдардың органдар қызметінің тиімділігін бағалау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

Функциялары:

1) орталық мемлекеттік және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін бағалау жүйесінің жұмыс істеуін әдіснамалық қамтамасыз етеді;

2) жетекшілік етілетін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауды жүргізеді;

3) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалауды қалыптастырады.

10. ЕАТЖБ:

10.1 Мақсаты: еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

Функциялары:

1) мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдарының жұмыскерлеріне еңбекақы төлеудің жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

2) мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекiту жөнiндегi нормативтік құқтық акт әзірлейді;

Бұдан басқа, Департамент:

орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен Департаменттің және Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша консультациялық жұмыс жүргізеді;

олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілер жобаларын қарауға және әзірлеуге қатысады, оларды әзірлейді;

Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Министрліктің және Департамент басшылығының тапсырмалары бойынша материалдар мен қорытындыларды дайындайды, Департаменттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша азаматтардың хаттарын, ұсыныстарын, өтініштерін, жүгінулерін және шағымдарын қарайды;

Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзірлеуге, түзетуге, мониторингілеуге және іске асырылуын бағалауға қатысады;

Департамент құзыретінің шегіндегі мәселелер бойынша халықаралық қаржы және экономикалық ұйымдармен өзара іс-қимыл жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

Департамент құзыретіне кіретін кіріс және шығыс ақпарат бойынша материалдар мен қорытындыларды уақтылы дайындауды, жоғары тұрған басшылықтан алынатын өзге де тапсырмаларды орындауды жүзеге асырады;

Министрліктің стратегиялық және операциялық жоспарларын әзірлеуге, түзетуге және іске асыруға қатысады;

өз құзыреті шегінде әкімшілік реформаны жүргізу бойынша Ведомствоаралық комиссияның қызметін қамтамасыз етеді және жұмыс органы Департамент болып табылатын жұмыс топтарының, комиссиялардың отырыстарын ұйымдастырады;

олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажет болған жағдайда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруға қатысады;

олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажет болған жағдайда ақпараттық жүйелерді жетілдіруге қатысады;

Департаменттің құзыреті шегінде бұқаралық ақпарат құралдарында және Министрліктің интернет-ресурсында Министрліктің қызметін жариялайды;

Министрліктің мұрағатына сақтауға бергенге дейін материалдарды есепке алуды және сақтауды жүзеге асырады,олардың жай-күйі мен сақталуына бақылау жасайды.

11. Құқықтары мен міндеттері:

мемлекеттік органдардан, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, орталық және жергілікті атқарушы органдардан, сондай-ақ өзге де мүдделі ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан заңнамада белгіленген тәртіппен оған жүктелген функияларды жүзеге асыруға қажетті ақпараттар мен материалдарды сұрату және алу;

оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен кеңес шақыруға және өткізуге, оған Министрліктің басқа бөлімшелерінің, басқа мемлекеттік органдардың және мүдделі ұйымдардың мамандарын оларға қатысуға тарту;

оның мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардағы, Министрліктің бөлімшелеріндегі, өзге де мүдделі ұйымдардағы кеңестерге қатысу;

өз құзыреті шегінде (басшылықтың тапсырмасы бойынша) мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Министрліктің мүдделерін білдіру;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Министрлік басшылығына ұсыныстар енгізу;

өз құзыреті шегінде БАҚ-та, мемлекеттік органның интернет-ресурсында Министрліктің Қоғаммен байланыс департаментімен келісу бойынша министрліктің қызметі туралы ақпарат орналастыру;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтау;

Департамент жұмысын нақты ұйымдастыруды қамтамасыз ету және оны жетілдіру;

олар орындайтын тапсырмалардың мерзімі мен сапасы үшін дербес жауапты болу, қызметтік міндеттерді адал орындау;

еңбек және атқарушылық тәртіпті, мемлекеттік және қызметтік құпияларды қатаң сақтау;

өз біліктілігін арттырумен жүйелі түрде айналысу;

қызмет этикасы қағидаларын қатаң сақтау.

3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

12. Департамент Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

13. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын  директор басқарады.

14. Департамент директорының үш орынбасары болады.

15. Департамент директоры Департаменттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

16. Департамент директоры Министрліктің басшылығына Департаменттің құрылымы мен штаттық кестесі жөнінде ұсыныстар береді.

17. Департамент директоры осы мақсатта:

1) өзінің орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) басқармалар басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

3) Қазақстан Республикасы заңдары мен Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

18. Департамент директорының орынбасарлары:

1)  өз өкілеттіктері шеңберінде Департаменттің қызметін үйлестіреді;

2) Департамент директоры болмаған кезде Департаментке жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

3) жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелердің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тапсырмаларды уақтылы және сапалы орындалу үшін дербес жауапты болады;

4) Департамент директоры жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

19. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.