• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

Сыртқы сауда қызметін дамыту департаменті туралы 

1. Жалпы ережелер

1. Сыртқы сауда қызметін дамыту департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Министрлік туралы Ережені, Министрлік басшылығының бұйрықтары мен тапсырмаларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департаменттің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің Жауапты хатшысы Министрдің келісімі бойынша бекітеді.

4. Департамент:

1) Сыртқы сауда келіссөздері басқармасынан (бұдан әрі – ССКБ);

2) Тарифтік емес реттеу басқармасынан (бұдан әрі – ТЕРБ);

3) Қорғау шараларын қолдану жөніндегі басқармасынан (бұдан әрі –  ҚШҚБ);

4) Кедендік-тарифтік реттеу басқармасынан (бұдан әрі – КТРБ);

5) Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі жөніндегі басқармасынан (бұдан әрі – ДСҰБ) тұрады.

2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

5. ССКБ:

5. Міндеті: халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жолымен сыртқы сауданы дамытуға бағытталған мемлекеттің сыртқы сауда тәртібін қалыптастыру, халықаралық сауда шарттарын әзірлеу және жасасу.

Функциялары:

1) сыртқы сауданы дамыту саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жетілдіру мен сыртқы сауда саясатын дамыту саласындағы басымдықтарды айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

2) сыртқы сауда саласында нормативтiк құқықтық актілерді әзірлеу және оларды мүдделi мемлекеттiк органдармен және ұйымдармен келiсуді қамтамасыз етеді;

3) үшiншi елдермен преференциялық және еркiн сауда туралы сауда келiсiмдерін әзірлеуге қатысу жолымен сыртқы сауда саясатын дамыту саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

4) мемлекеттiң сауда-экономикалық мүдделерiн ескере, үшінші елдермен сыртқы сауда ынтымақтастығы бойынша ұсыныстар әзірлейді;

5) Министрлік жанындағы «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қызметін үйлестіреді;

6) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан халықаралық сауда ұйымдарымен, өңірлік интеграциялық бірлестіктермен және т.б. келiссөздерге қатысады;

7) жеке және заңды тұлғалардың сыртқы сауда саясатын жетілдіру мәселелері бойынша өтініштері мен ұсыныстарын қарайды.

6. ТЕРБ:

6. Міндеті: сыртқы сауда қызметін тарифтік емес реттеу шараларын қолдану жолымен отандық өндірісті дамыту және қолдау үшін жағдай жасауға бағытталған мемлекеттің сыртқы сауда режимін қалыптастыру.

Функциялары:

1) сыртқы сауда қызметін тарифтік емес реттеу шараларын қолдану бойынша ұсыныстар әзірлейді;

2) тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарының қызметiн үйлестiредi;

3) Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингіндегі «Халықаралық сауда» индикаторы бойынша ұстанымын жақсарту бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді;

4) сыртқы сауданы тарифтік емес реттеу мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуді және оларды мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісуді қамтамасыз етеді;

5) сыртқы сауда қызметін тарифтік емес реттеу шараларын қолданудың орындылығы туралы қорытынды дайындайды;

6) сыртқы сауда қызметін тарифтік емес реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан халықаралық сауда ұйымдарымен келіссөздерге қатысады;

7) тарифтік емес реттеу мәселелері бойынша сауда саясатын жетілдіру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен ұсыныстарын қарайды.

7. ҚШҚБ:

7. Міндеті: үшінші елдерінен шығарылатын және Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты қорғау, өтемақы, демпингке қарсы шараларын (бұдан әрі – сауда шаралар) қолдану жолымен отандық өндiрушiлердi қолдау және дамыту саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастыру үшін ұсыныстар әзірлеу.

Функциялары:

1) Үшінші елдерден шығарылатын және Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты сауда шараларын қолдану жолымен ішкі нарықты қорғауда мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша ұсыныстар дайындайды;

2) сауда шараларын, оның ішінде Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін бұзатын немесе халықаралық шарттарға сәйкес қабылданған мiндеттемелерін орындамайтын мемлекеттерге қатысты сыртқы сауда саласында қарсы шаралар қолдану бойынша ұсыныстар әзірлейді;

3) Үшінші елдерден шығарылатын және Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты сауда шараларын қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдарымен және Еуразиялық экономикалық комиссиямен (бұдан әрі – ЕЭК) өзара қарым-қатынастарды іске асырады;

4) Үшінші елдерден шығарылатын және Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты сауда шараларын енгізу мақсатында ЕЭК-мен тергеулерді бастау жөнінде отандық өндірушілердің ұсыныстарын қарастырады;

5) Үшінші елдерден шығарылатын және Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты сауда шараларын қолдану мәселелері бойынша келіссөздер өткізу және ЕЭК-мен шешімдерді қабылдау кезінде консультациялық көмек және техникалық жәрдем көрсетеді;

6) Үшінші елдерден шығарылатын және Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты сауда шараларын қолдану алдындағы тергеулер шеңберінде ЕЭК жүргізетін келіссөздерге, бұқаралық тыңдауларға, консультацияларға қатысады;

7) Үшінші елдерден шығарылатын және Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты сауда шараларын қолдану бойынша ЕЭК шешімдерінің жобаларын қарастырады және Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдарымен келісуді іске асырады;

8) Үшінші елдерден шығарылатын және Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты сауда шараларын қолдану саласында нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлейді;

9) Үшінші елдерден шығарылатын және Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты сауда шараларын қолдану мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен ұсыныстарын қарастырады.

8. КТРБ:

8. Міндеті: кедендік-тарифтік саясат шараларын қолдану жолымен отандық өндірісті дамыту мен қолдау үшін жағдай жасауға бағытталған сыртқы сауда режимін қалыптастыру.

Функциялары:

1) отандық өндірісті дамыту үшін жағдайлар жасауға бағытталған сыртқы сауда қызметіне сауда-тарифтік реттеу шараларын қолдану бойынша ұсыныстар әзірлейді;

2) кедендік-тарифтік реттеу бөлігінде сыртқы сауда тәртібін өзгерту бойынша Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ұсыныстарын қарастырады, оның ішінде тарифтік преференцияларды ұсынады;

3) тарифтік квоталарды қолданудың орындылығы туралы қорытындылар дайындайды;

4) тауарларды өндіру және сату үшін сыртқы сауда саясатын дамыту мен қолайлы жағдай жасау жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

5) сыртқы сауда саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және оны мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісуді қамтамасыз етеді;

6) сыртқы сауда қызметінде кедендік-тарифтік реттеу шараларын қолданудың орындылығы туралы қорытындылар дайындайды;

7) сыртқы сауда қызметінде кедендік-тарифтік реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан халықаралық сауда ұйымдарымен келіссөздерге қатысады;

8) сауда саясатын жетілдіру, оның ішінде кеден баждары мөлшерлемелерін өзгерту мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен ұсыныстарын қарайды.

9. ДСҰБ:

9. Міндеті: Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) кіруіне байланысты сыртқы сауда тәртібін қалыптастыру.

Функциялары:

1) ДСҰ-ның нормалары мен ережелерін ескере отырып, сыртқы сауда қызметін дамыту саласында ұсыныстар әзірлейді;

2) ДСҰ-ға кіру шеңберінде Қазақстанның келіссөз ұстанымын дайындау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының қызметін үйлестіреді;

3) отандық тауар өндiрушiлермен және тұтынушылармен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, ДСҰ нормалары мен ережелеріне сәйкестігі тұрғысынан Қазақстан Республикасы қабылдайтын сыртқы сауда мiндеттемелерi бойынша талдау жүргізеді және ұсыныстарды әзірлейді;

4) Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне байланысты мәселелерді шешу кезінде еуразиялық экономикалық одақ, БЭК, ТМД және басқа да интеграциялық бірлестіктер мен ұйымдар органдарының жұмысына қатысады; 

5) Қазақстанның ДСҰ-ға кіру мәселелері жөніндегі нормативтiк құқықтық актілерді әзірлейді және оларды мүдделi мемлекеттiк органдармен және ұйымдармен келiсуді қамтамасыз етеді;

6) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерге және ДСҰ отырыстарына қатысады;

7) Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша Жұмыс тобының келіссөздері мен отырыстарына материалдар дайындайды;

8) ДСҰ мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізеді.

Бұдан басқа, Департамент:

материалдарды дайындап, сауда саясаты мәселелері және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу бойынша Қазақстан Республикасының Ведомствоаралық комиссиясының жұмысын қамтамасыз етеді;

орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ жетекшілік ететін салалары бойынша Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне консультациялық көмек көрсетеді;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қауіпсіздік Кеңесінде, Президент Әкімшілігінде, Үкіметте, Парламентте, басқа да мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдар мен бірлестіктерде өткізілетін іс-шараларда басшылықтың сөз сөйлеуі үшін баяндамалар, материалдар жобаларын дайындауды іске асырады;

Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзірлеуге, түзетуге, мониторингілеуге және іске асырылуын бағалауға қатысады;

сыртқы сауда саласында мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалардың орындалуын және стратегиялық құжаттардың іске асырылуын үйлестіреді;

Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажет болған жағдайда ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізуді ұйымдастыруға қатысады;

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажет болған жағдайда ақпараттық жүйелерді жетілдіруге қатысады;

кіріс және шығыс ақпараттар бойынша материалдарды және қорытындыларды уақтылы дайындауды жүзеге асырады;

Министрліктің стратегиялық және операциялық жоспарларын әзірлеуге, өзгертуге, мониторингілеуге және іске асыруға қатысады;

құжаттарды есепке алуды және сақтауды, олардың Министрліктің мұрағатына жіберілгенге дейінгі жай-күйі мен сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

Департамент мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеуге және өткізуге қатысады;

Департаменттің құзыреті шегінде БАҚ және Министрліктің интернет-ресурсында Министрліктің қызметін жариялайды;

басшылықтың басқа да жұмыс тапсырмалары мен тапсырыстарын орындайды.

 

10. Құқықтары және міндеттері:

заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, орталық және жергілікті атқарушы органдардан, сондай-ақ өзге де мүдделі ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан өзіне жүктелген функцияларды орындау үшін қажетті ақпаратар мен материалдарды сұратады және алады;

оның заңнамада белгіленген тәртіпте құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер шақыруға және өткізуге, оған қатысу үшін Министрліктің басқа да бөлімшелерінің, басқа да мемлекеттік органдардың және мүдделі ұйымдардың  қызметкерлерін тартады;

оның мүддесін қозғайтын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардағы, Министрліктің бөлімшелеріндегі, өзге де мүдделі ұйымдардағы кеңестерге қатысады;

өз құзыреті шегінде мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Министрліктің (басшылықтың тапсырмасы бойынша) мүдделеріне өкілдік етеді;

өзінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Министрлік басшылығына ұсыныстар енгізеді.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларының талаптарын сақтауға;

Департамент жұмысын нақты ұйымдастыруды және оны жетілдіруді қамтамасыз етуге;

өздері орындайтын тапсырмалардың  мерзімі мен сапасы үшін дербес жауапты болуға, қызметтік міндеттерін адал орындауға;

еңбек және орындаушылық тәртібін, мемлекеттік және қызметтік құпияны қатаң сақтауға;

жүйелі түрде өзінің біліктілігін арттырумен айналысуға;

қызмет этикасы ережелерін қатаң сақтауға міндетті.

3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

11. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президенттің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерге ие.

12. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын  Директор басқарады.

13. Департамент директорының үш орынбасары болады.

14. Департамент директоры Департамент қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

15. Департамент директоры Министрлік басшылығына құрылымдық бөлімшенің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

16. Департамент директоры осы мақсатта:

1) өзінің орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) басқарма басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

3) Қазақстан Республикасы Президентінің заңдарына және актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

17. Департамент директорның орынбасарлары:

1) өз өкілеттіктері шеңберінде Департаменттің қызметін үйлестіреді;

2) Департамент директоры болмаған кезде Департаментке жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;

3) Департамент директоры жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

18. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департамент атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда оны ауыстыратын адам қол қояды.