• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Жаңалықтар

04.05.2018 г.
Ответ Казахстана на глобальные вызовы: отечественные эксперты обсудили повестку XI АЭФ

Қазақстанның жаһандық сын-тегеуріндерге жауабы: отандық сарапшылар ХІ АЭФ күн тәртібін талқылады

Бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) базасында «Астана экономикалық форумы: XXI ғасырдағы жаһандық сын-тегеуріндер және Қазақстан» тақырыбында сарапшылық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына экономикалық даму үрдістерін зерттеу жөніндегі жетекші отандық орталықтардың өкілдері қатысты.
Шараны аша отырып, дөңгелек үстелдің модераторы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шәукенова «Қазақстан әлемдік үрдістердің негізгі ағымында екенін, бүгінгі таңда бізде бәсең дамып, баяу бейімделуге уақыт жоқ екенін, сондықтан да жедел жаңғырту моделі қабылданғанын» атап өтті.
Зарема Шаукенова
«Мемлекет басшысы үнемі елімізді дамудың жоғары деңгейіне шығаруды көздейтін ауқымды күн тәртібін ұсынады. Елбасының Қазақстанды әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосу жөніндегі мақсаты, бес институционалдық реформа, ауқымды Жаңғырту 3.0, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері, рухани жаңғыру, әлеуметтік бастамалар — бұл инновациялық даму, батыл институционалдық реформаларды іске асыру және әлеммен бірлесу тұрғысынан Қазақстанның жаһандық сын-тегеуріндерге жауабы», — деді З. Шәукенова.
GVA Kazakhstan серіктесі Булат Столяров алда өтетін Форумның жаңартылған форматымен таныстырды. Ол Форумның бағдарламасы, негізгі тректер, әлемдік қауымдастықта танымал қонақтар мен конгресс қатысушылары туралы толығырақ айтып берді.
Булат Столяров
«XI Астана экономикалық форумы жаһандық өзгерістер аясында өтеді. Форумның бағдарламасын жасау барысында біз Қазақстан жағдайын ескеру арқылы ғаламшар дамуының басты мега-трендтерін қарастыруға тырысамыз, Қазақстанның топырағына сай қарастыра отырып, елдің даму жоспарын нақтылау туралы сұрақтарға жауап беруге тырысамыз», — деді Б. Столяров.
Сонымен бірге, Булат Столяров «бұл конгресті ұйымдастыру оңайға соққанын айтты, себебі Қазақстан әлемге өз идеяларымен, мега-жобаларымен танылып келеді, атап айтқанда «Экспо-2017» көрмесін өткізу, рухани жаңғыру, Астана мерейтойы, биыл іске қосылатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы және т.б.»
Дөңгелек үстел барысында технологиялық жаңару және цифрландыру, азаматтық қоғамның жаңа парадигмалары, Қазақстанның экономикалық өсімі және Ұлы Еуразияның келешегін әлеуметтік өлшеу бойынша сындарлы диалог жүргізілді.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары, саясаттану ғылымының докторы Санат Көшкімбаевтың айтуынша, Астана экономикалық форумы үйлестіруші құрал болып қала бермек, ол ұлттық экономикалық саясат пен жаһандық саясат арасындағы көпір болуды көздейді. Саясаттанушы биыл Форумның соңғы пікірталастары қазақстандық сарапшылар мен Үкіметке 2019–2020 жылдарға арналған ұлттық даму стратегиясын дайындауға және келешек болжамдарын жасауға көмек беретініне сенім білдіреді.
Санат Кушкумбаев
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Шаһарбану Жақыпованың айтуынша, АЭФ дұрыс бағытта жүріп жатқанымызды тексерудің бірегей алаңына айналды.
Шахарбану Жакупова
Форумның күн тәртібінде белгіленген жаһандық сын-тегеуріндер арасында спикер «Цифрлық әлем» трендін ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық реформалар орта мерзімді келешекте осы жаңа сын-тегеуріндерге бейімделуге бағытталған, деп есептейді сарапшы.
Өз сөзінде, әлемдік экономиканың бәсеңдеуі тренд пе әлде ауытқушылық па деген сұраққа ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додонов жауап беруге тырысты.
Вячеслав Додонов
«Әлемдік өсімнің баяулауы, әсіресе, қаржы дағдарысы әлемдік тауар нарықтарының өзгеруі арқылы Қазақстанға қатты әсер етеді және бұл фактор өсудің баяулауы және әлемдік экономиканың жүйелік мәселелерінің артуы кезінде ел экономикасына өз әсерін күшейтеді», — деп санайды сарапшы.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының директоры, экономика ғылымдарының докторы Сара Алпысбаева тақырыпты жалғастыра отырып, әлемдік экономикалық өсімнің баяулауы жаһандық супер циклді аяқтайтынын атап өтті.
Оның пікірінше, Қазақстан Мемлекет басшысының бастамалары мен уақытылы қабылданған шаралардың арқасында барлық қиындықтарды сәтті еңсере алды.
«2017 жылы экономика өсімі 4% құрады, бұл посткеңестік елдер арасындағы жақсы көрсеткіш. Оң қарқыннан таймау үшін, әлемдік нарықтарда бәсекеге қабілеттілікті сақтауымыз керек», — деді С. Алпысбаева.
Осыған байланысты экономист С. Алпысбаева жаһандық өзгерістер жағдайында экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар мемлекеттік шараларды атап өтті, соның ішінде, ұлттық инвестициялық стратегияны, ЕАЭО Кеден кодексін қабылдау және бизнес шығындарын төмендету.
Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы әлеуметтік-мәдени өзгерістер туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Ләззат Нұрқатова баяндады.
Лязат Нуркатова
«Біз өткір, өзекті мәселелерді талқылауды ұсынамыз. Олардың шешімін табудың Қазақстанда жаңа «senior help» индустриясын дамыту стратегиясын іздестіру, аға ұрпақтың өмір сүру сапасын жақсарту, өмір сүру сапасының қазақстандық стандартын жетілдіру үшін тәжірибелік мәні бар», — деді спикер.
Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары, саясаттану ғылымдарының докторы Наталья Калашникова АЭФ-тің 11 трегі арасынан «Жаңа адам әлемі» тақырыбын ерекше атап өтті. Форумға мықты спикерлер қатысады, соның бірі — азаматтар арасындағы байланысты дамытуға және тілектестікті нығайтуға ықпал ететін бастамаларға қолдау көрсету бойынша «Адал Франция» қорын басқаратын Франсуа Олланд. Осыған орай, сарапшы Қазақстанның азаматтық қоғамға проекциялаумен, Мемлекет басшысының елде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бастамалары тұрғысынан талқылауға ұсынатын тақырыбы бар деп есептейді.
Наталья Калашникова
«Астана экономикалық форумы – бұл теориямен және тәжірибемен алмасу, адамдардың жаһандық үдерістерге қатысуын бағалау мүмкіндігі», — деді Н. Калашникова.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов өз сөзінде АЭФ-те талқылауға ұсынылған «Қалалар әлемі» тренді аясында агломерациялар мәселелеріне тоқталды.
Кайсар Нигметов
«БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай қала халқының саны 67% құрайды. Қазақстанда төрт қала агломерациясы белсенді дамып жатыр», — деді Қ. Нығметов.
Осыған байланысты сарапшы АЭФ-тің «Қалалар әлемі» сессиясында пікірталастар өте қызықты әрі мазмұнды болып, ал әкімдіктер «ақылды қалаларды» дамыту саласында баға жетпес тәжірибе алады деп сендірді.
Ботагоз Туреханова
Сондай-ақ, мәселені талқылау барысында Ұлы Еуразия келешегін әлеуметтік өлшеу мәселелері бойынша Еуразиялық интеграция институтының әлеуметтік зерттеулер департаментінің директоры Ботагөз Төреханова және Еуразиялық интеграция институтының жаңғырту және интеграциялық үрдістерді зерттеу орталығы басшысының орынбасары Дәурен Базаров «Экспо – АЭФ: қазақстандық шынайылықты құрылымдаудың жаңа векторлары» тақырыбында баяндама жасады. «Экспо» көрмесін өткізу «жаңа таза энергия» жаһандық сын-тегеурініне жауап іздеудегі Қазақстанның батыл қадамдарының бірі екенін атап өткен жөн.
Даурен Базаров
Анықтама: XI Астана экономикалық форумы: Global Challenges Summit 2018 17–19 мамырда Астанада өтеді. Жаңартылған АЭФ «Экспо» конгресс-орталығында және Hilton Астанада өтеді.
Форумға әлемнің 24 елінен 500-ге жуық қонақ келеді деп күтілуде. Қатысушылар форумға конгресс сайтында тіркеле алады.
* * *
Бұдан өзге, бүгін Астана экономикалық форумының ұйымдастыру комитеті «Мен АЭФ-2018-ге барамын» байқауын жариялады, жеңімпаздарға тегін жол жүру, тұру және Астана экономикалық форумына қатысу мүмкіндігі беріледі.
 

Байқау шарттары туралы толық ақпаратты форумның ресми сайтынан көре аласыздар.

primeminister.kz


Читайте также:

Біздің жаңалықтарымызға жазылғыңыз келе ме?