• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Жаңалықтар

18.10.2017 г.
Мажилис в первом чтении одобрил проект нового Налогового кодекса Казахстана

Мәжіліс Қазақстанның жаңа Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Астана, 18 қазан – ҚР ҰЭМ. Мәжіліс депутаттары палатаның пленарлық отырысы барысында «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексін қолданысқа енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.

«Кодекс жобасында идеологияны өзгерту, ынталандыруды енгізу және әкімшілендіруді жеңілдету көзделген. Идеология енді адал салық төлеушінің мүддесін қорғауға бағытталатын болады. Ынталандыруды экономиканың түрлі салалары алады. Әкімшілендіру оңайлайды және салықты өз еркімен төлеуге ынталандыратын болады», - деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, заң жобасын таныстыра келіп.

Ол жаңа баламалы режим – тиянақталған шегеріс режимі ұсынылып отырғандығын хабарлады. Бұл режимде ұлғайтылған өлшемдер бар. Мәселен, неғұрлым көп табыс жылына 300 млн. теңгені құрайды делік және жалдамалы жұмыскерлердің саны 50 адам болуы мүмкін. Өз табысының 30%-ын растаусыз шегеруге болады. Бұл ретте салық төлеушілерге режимді таңдау құқығы беріледі. Қолданыстағы арнайы салық режимдерін де сақтау көзделіп отыр.

Бұдан басқа, патенттегі мөлшерлеме 2%-дан 1%-ға дейін төмендетіледі. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуімен байланысты салықтық жүктемелерді төмендету үшін жасалып отыр. Шағын және орта бизнес үшін талап қою мерзімі 5-тен 3 жылға дейін қысқартылады.

«ҚҚС бойынша шама 30 мың АЕК мөлшерінде сақталады. Өздеріңіз білетіндей, қолданыстағы редакцияда оны 2020 жылға қарай 15 мың АЕК-ке дейін төмендету көзделген», - деп атап өтті Сүлейменов.

Оның айтуынша, тау-кен саласындағы үстеме пайда салығын көмір экспортының рента салығы жүктемесіне толық көшіру арқылы жою ұсынылып отыр. Табысты барлауды ынталандыру мақсатында коммерциялық табу бонусы жойылады, ал теңіз және терең мұнай кен орны үшін жер қойнауын пайдалануға едәуір қарапайым баламалы салық ұсынылады.

Қаржы саласын сауықтыруға бағытталған бірқатар шаралар қарастырылып отыр. Мәселен, коллекторларға проблемалық активтерді беру кезінде коллектордың дисконтына салық активті өтегеннен кейін факт бойынша салынатын болады. Сақтандыру нарығын дамыту мақсатында жинақтаушы сақтандыруға ЖТС салу тәртібін өзгерту ұсынылып отыр.

«Қазірде инвестициялық преференциялар тек жаңа жобалар мен жаңа кәсіпорындарға ғана ұсынылады. Жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар үшін қазіргі қуаттылықты жаңғырту және қайта құрылымдау кезінде жеңілдіктер қарастырылмаған. Мұндай кәсіпорындарды ынталандыру мақсатында жаңғырту және қайта құру бойынша жобаларды жүзеге асырудағы жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға ЖТС бойынша жеңілдіктер ұсынылып отыр. Жеңілдіктер жаңғырту және қайта құру аяқталған сәттен бастап және егер инвестициялар 5 млн. АЕК-тен кем болмаған жағдайда, 3 жылдан аспайтын мерзімде әрекет етеді», - деді Сүлейменов.

Бұдан басқа, ағымдағы жүктемені сақтау үшін әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорына берілетін жарналардың мөлшерлемесін төмендетудің есебінен әлеуметтік салық мөлшерлемесін 11%-дан 9,5%-ға дейін төмендету ұсынылып отыр.

Заң жобасы арқылы ДСҰ талаптарына қарама-қайшы келетін жеңілдіктер жойылады, өйткені ДСҰ талаптарына сәйкес ішкі өндіріс тауарлары мен импорт үшін салық салудың тең шарты қолданылуы тиіс.

«Жаңа идеология, жаңа ынталандырулар және әкімшілендірудің жаңа әдістері сапалы жақсартуларға негіз болмақ. Салықтық жаңашылдықтардың қабылдануы арқылы салықтық даулар азаяды, тексерулердің саны төмендейді, әкімшілендіру оңайлайды. Шикізат өңдеу ынталандыруға ие болмақ, несиелендіруге қолдау жасалады, АӨК және ШОБ қолайлы режимге ие болады. Салықтық саясат пен әкімшілендіру тұтас алғанда айқын және түсінікті болады», - деді Сүлейменов.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар баламалы салық режиміне және үш бағыттағы әкімшілендірудің енгізілуіне зор қызығушылық білдірді. Мәжілісмен Серік Сейдуманов жаңа Салық кодексінің жобасында заңға тәуелді актілер бойынша көптеген сілтемелік нормалардың сақталып отырғандығын атап өтті. Ұлттық экономика министрі бұл бағытта жұмыстар жүргізілгендігін және ұсынылып отырған заң жобасы осы тұсқа қатысты айтарлықтай жеңілдетілгендігін баяндады, дегенмен аталған ескертудің екінші оқылымдағы заң жобасын дайындау кезінде ескерілетіндігіне сендірді. 

Бұдан басқа, депутат Берік Дүйсенбинов отандық тауар өндірушілерді қолдауға қатысты ДСҰ талаптарына қайшы келетін жеңілдіктерді жою туралы сауал қойды. ҰЭМ басшысы Қазақстанның қазақстандық кәсіпорындарды қолдаудан бас тартпайтындығын атап көрсетті. «Салық жүктемесі сол деңгейде сақталатын болады, алайда отандық тауар өндірушілердің ҚҚС-ты 70%-ға дейін азайту құқығы бар деген тікелей нормалар болмайды. Істің мәнісіне келгенде, бұл сәл күрделіректеу және біздің ДСҰ-мен арада проблемалар туғызатындай соншалықты тура қолдау әдісі емес. Жүктеме өзгермейді, дегенмен есептеу әдісі азырақ күрделенеді», - деді Сүлейменов.


Читайте также:

Біздің жаңалықтарымызға жазылғыңыз келе ме?