• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Жаңалықтар

11.07.2019 г.

ТДМ ұлттық платформасын құруға арналған әріптестік

Нұр-Сұлтан қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Қазақстан Үкіметі «ТДМ ұлттық платформасын құруға арналған әріптестік» жобасы шеңберінде тұрақты даму саласындағы мақсаттарды (ТДМ) қаржыландыру жөнінде семинар өткізді.

БҰҰДБ-ның тұрақты өкілі Якуп Берис дамуды қаржыландыру ТДМ-ны іске асырудың маңызды элементі болып табылатынын атап көрсетті. Дамуды қаржыландыру туралы БҰҰ-ның соңғы баяндамасы тұрақты инвестицияларға деген қызығушылық өсіп келе жатқанын, бірақ қажет көлемде және қажет болған жерде әлі жүзеге асырылмай отырғанын көрсетеді.

«Біз Үкіметтің ТДМ-ны мемлекеттік қаражатпен байланыстыру қабілетін күшейтуге назар аударуымыз керек. Бұл ТДМ есебі тұрғысынан да, мемлекеттік бюджеттің ТДМ-ға қол жеткізуді қалай қаржыландыратыны тұрғысынан да нақты түсінуімізге көмектеседі. ТДМ-ны қаржыландырудағы іскерлік саланың рөлі де маңызды. Бүгінде біз Қазақстанның ТДМ-ны іске асыруға өз инвестицияларын жұмылдыратын және әсер етуін бағалай алатын жаңа тәсілдер туралы әңгімелегіміз келеді»,-деді ол. Толық мәлімдемені осы жерден оқыңыз.

Ұлттық экономика министрлігінің Әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдарды дамыту департаментінің директоры Жұлдыз Пернебаева Қазақстандағы тұрақты даму мақсаттарын қаржыландырудың маңыздылығын атап өтті.

«Өткен алты айда біз көп нәрсеге қол жеткіздік, біз ТДМ-ның ұлттық архитектурасын құрдық, алғашқы Ерікті ұлттық есебімізді дайындадық. БҰҰДБ бізге едәуір көмек көрсеткені үшін оларға алғыс айтқымыз келеді. Бұл ынтымақтастық одан әрі жалғасады деп үміттенемін. ТДМ көрсеткіштері қазірдің өзінде Қазақстандағы мемлекеттік жоспарлауға терең интеграцияланған. Біздің келесі кезеңіміз – ТДМ-ны нақты іске асыру және мұнда қаржыландыру маңызды рөл атқарады», - деді ол.

Семинар барысында БҰҰДБ Еуропа және ТМД бойынша Аймақтық бюросының аға экономисі Бен Слей мырза тұрақты дамудағы ТДМ қаржыландырудың жаһандық, аймақтық және жергілікті тәжірибелері туралы баяндама жасады. БҰҰДБ Тұрақты өкілінің көмекшісі Ирина Горюнова ханым ТДМ ұлттық платформасын құруға арналған әріптестік туралы әңгімеледі. БҰҰДБ Стамбул аймақтық орталығы Тұрақты даму бөлімі, бағдарламалар бойынша маман Елена Данилова-Кросс ханым Қазақстандағы ТДМ ((RIA) жедел кешенді бағалау нәтижелерін талқылады.

Қатысушылар, соның ішінде Ұлттық экономика, қаржы, сыртқы істер министрліктерінің, «Бәйтерек» холдингі, Экономикалық зерттеулер институты және Азия даму банкі өкілдері 2030 жылға дейін Қазақстандағы ТДМ-ны ағымдағы және болашақтағы қаржыландырудың ықтимал көздерін және мемлекеттік қаржыны басқару, тиімділікті арттыруға арналған күш-жігердің маңыздылығын талқылады. 

Ақпарат көзі: http://www.eri.kz/info/articles/information/proon-i-pravitelstvo-obsuzhdayut-finansirovanie-tseley-v-oblasti-ustoychivogo-razvitiya-v-kazakhstan/


Читайте также:

Біздің жаңалықтарымызға жазылғыңыз келе ме?