• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау және дамытудың Бірыңғай бағдарламасы бойынша ақпарат

Бірыңғай бағдарлама 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады.

Бағдарламаның бірінші бағыты кәсіпкерлерге мынадай қаржылық қолдау шараларын көрсетуді көздейді:

1. Банктердің/Лизингтік компаниялардың кредиттері/қаржылық лизинг шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бөлігін субсидиялау.

  • Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жүзеге асырылатын кредит/қаржылық лизинг шартының сомасы бір кәсіпкер үшін 750,0 млн. теңгеден аспауға тиіс және олармен үлестес тұлғалардың/компаниялардың кредиті/қаржылық лизинг шарты бойынша берешекті ескермей есептеледі.
  • Субсидиялау номиналды сыйақы мөлшерлемесі 19 %-дан аспайтын, оның 10 %-ын мемлекет субсидиялайтын, ал айырмасын кәсіпкер төлейтін кредиттер/қаржылық лизинг шарттары бойынша ғана жүзеге асырылады.

2. Банктердің/Даму банкінің кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру.

Ісін жаңа бастаған кәсіпкер/ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер үшін:

1) кепілдік беру жүзеге асырылатын жоба шеңберіндегі кредит сомасы 20 млн. теңгеден аспайды. Бұл ретте кредит сомасы ісін жаңа бастаған бір кәсіпкер/ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер үшін онымен үлестес тұлғалардың/компаниялардың кредиті бойынша берешекті ескермей есептеледі;

2) кепілдік мөлшері кредит сомасының 85%-ынан аспайды;

3) ұсынылатын кепілдік мерзімі 5 (бес) жылдан аспайды. Қаражатының 100%-ы айналым қаражатын толықтыруға жіберілген 20 млн. теңгеге дейінгі кредиттер бойынша кепілдік мерзімі 3 (үш) жылды құрайды.

Жұмыс істеп тұрған Кәсіпкер үшін:

1) кепілдік беру жүзеге асырылатын кредит сомасы 180 млн. теңгеден аспайды. Бұл ретте кредит сомасы бір кәсіпкер үшін онымен үлестес тұлғалардың/компаниялардың кредиті бойынша берешекті ескермей есептеледі;

2) кепілдік мөлшері кредит сомасының 50%-ынан аспайды;

3) ұсынылатын кепілдік мерзімі 5 (бес) жылдан аспайды. Айналым қаражатын толықтыруға бағытталған кредиттер бойынша, сондай-ақ қаражатының 100%-ы айналым қаражатын толықтыруға жіберілген 60 млн. теңгеге дейінгі кредиттер бойынша кепілдік беру мерзімі 3 (үш) жылды құрайды.

3. Мемлекеттік гранттар беру;

Мемлекеттік гранттар шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, сондай-ақ әйелдерге, мүгедектерге және 50 жастан асқан тұлғаларға Бағдарлама шеңберінде экономиканың басым секторларында және өңдеуші өнеркәсіп салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі.

Бір кәсіпкер үшін ең жоғары грант сомасы 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайды. Грант нысанында қолдау шараларын қаржыландыру жергілікті бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

4. Микроқаржы ұйымдарының Банктер алдындағы кредиттеріне ішінара кепілдік беру.

Ішінара кепілдік беру моноқалалардың, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердің кәсіпкерлеріне кейіннен микрокредит беру мақсатында банктерден айналым қаражатын толықтыруға алынған микроқаржы ұйымдарының жаңа кредиттер бойынша ғана беріледі.

Микроқаржы ұйымдары үшін ішінара кепілдікті қаржы агенттігі береді.

Микроқаржы ұйымдарының банктер алдындағы кредиттеріне кепілдік беруді қаржыландыру уәкілетті орган мен қаржы агенттігі арасында тиісті шартқа қол қою арқылы республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

Бағдарламаның екінші бағыты кәсіпкерлерге мынадай қаржылық қолдау шараларын көрсетуді көздейді:

1. Банктердің/даму банкінің/лизингтік компаниялардың кредиттері/қаржылық лизинг шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау.

Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тиімді инвестициялық жаңа жобаларды, сондай-ақ өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған жобаларды іске асыруға берілетін жаңа кредиттер/қаржылық лизинг шарттары бойынша жүзеге асырылады.

Тиімді инвестициялық жаңа жобалар, сондай-ақ өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған жобалар деп:

1) кәсіпкерлердің Бағдарламаның жергілікті үйлестірушісіне (Астана және Алматы қалаларында – Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі) өтініш бергенге дейінгі өткен 3 (үш) жылда кірістерінің өсуіне және бюджетке төленетін салықтар көлемінің 20 %-ға өсуіне қол жеткізген орта немесе ірі кәсіпкерлік субъектілерінің;

2) ӨҮК шешімі шыққан күннен бастап 2 (екі) қаржылық жылдан кейін міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) әлеуметтік аударымдар бойынша деректер негізінде кірістердің өсуін, жұмыс орындарының орташа жылдық санының ұлғаюын және бюджетке төленетін салықтар көлемінің 10 %-ға өсуін қамтамасыз ететін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары түсініледі.

2. Банктердің/даму банкінің кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру.

Ішінара кепілдік беру жаңа тиімді инвестициялық жобаларды, сондай-ақ өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін берілетін жаңа кредиттер бойынша ғана ұсынылады.

Тиімді инвестициялық жаңа жобалар, сондай-ақ өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған жобалар деп:

  • кәсіпкердің 180 млн. теңгеден асатын кредиттері бойынша Бағдарламаның жергілікті үйлестірушісіне (Астана және Алматы қалаларында – Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне)/180 млн. теңгеге дейінгі кредиттері бойынша Қаржы агенттігіне өтініш бергенге дейінгі өткен 3 (үш) жылда кірістерінің өсуіне және бюджетке төленетін салықтар көлемінің 20 %-ға өсуіне қол жеткізген орта немесе ірі кәсіпкерлік субъектілерінің;
  • 180 млн. теңгеден асатын кредиттер бойынша ӨҮК-нің шешімін/180 млн. теңгеге дейінгі кредиттер бойынша Қаржы агенттігінің шешімін алған күннен бастап 2 (екі) қаржылық жылдан кейін міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) әлеуметтік аударымдар бойынша деректер негізінде кірістің өсуін, жұмыс орындарының орташа жылдық санының ұлғаюын және бюджетке төленетін салықтар көлемінің 10 %-ға өсуін көздейтін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары түсініледі.

3. Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту.

Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту жекелеген жобалар үшін дара (оның ішінде бірнеше жобаларды қамтамасыз ету үшін), индустриялық аймақтар құру шеңберінде де жаңа өндірістерді құруға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту мен кеңейтуге бағытталған шағын және орта кәсіпкерліктің жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізуді білдіреді.

Шағын және орта кәсіпкерлік және индустриялық аймақтар жобаларының инфрақұрылымын дамытуға қаражат бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Индустриялық аймақтары құру.

Индустриялық аймақтың аумағында өндірістік мақсаттағы (өндірістік, қойма және әкімшілік үй-жайлар), әлеуметтік қызметтерді көрсету объектілері (қоғамдық тамақтандыру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, коммуналдық қызметтер көрсету орындары), банктік қызметтерді көрсету объектілері орналастырылады.

Индустриялық аймақтарды құрудың негізгі міндеттері:

1) өнеркәсіп саласындағы жеке кәсіпкерліктің жедел дамуына жәрдемдесу;

2) жаңа өндірістердің инфрақұрылымын құруға және дамытуға жұмсалатын шығындарды оңтайландыру;

3) өндіріс тиімділігін арттыру;

4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.

5. Ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыру.

Ұзақ мерзiмдi лизингтiк қаржыландыру 10 жылға дейiнгi мерзiмге берiледi. Қаржылық лизинг шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесі өтінім беруші үшін 5 % құрауға тиiс, бұл ретте "ҚДБ-Лизинг" АҚ бюджеттік кредиті мен өзге де қорландыру құралдарының қатынасы 80/20 құрауға тиіс. Ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды ұсыну көлемін ұлғайту мақсатында осы Бағдарламада айқындалған шарттармен өтелген лизингтік төлемдер есебінен ақша қаражатын қайта пайдалануға жол беріледі. Осы талаптар "Өнімділік 2020" бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 наурыздағы № 254 қаулысымен бекітілген "Өнімділік 2020" бағдарламасы шеңберінде 2011–2012 жылдары жасалған шарттарға да қолданылады.

Үшінші бағыт банктердің/Даму банкінің/лизингтік компаниялардың қолданыстағы кредиттері/қаржылық лизинг шарттары бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесін ұлттық және шетелдік валютада субсидиялауды көздейді.

Қызметін Бағдарламаға 1-қосымшаға сәйкес экономиканың басым секторларында немесе ИИДМБ-да айқындалған өңдеуші өнеркәсіптің басым салаларында және көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерінде жүзеге асыратын және кәсіпкер Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне өтінім бергенге дейінгі алдыңғы алты айдағы ақшалай пайданың жалпы көлемінің кемінде 10%-ы мөлшерінде валюталық пайда түсіретін кәсіпкерлер Бағдарламаның үшінші бағытына қатысушы бола алады.

Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жүзеге асырылатын кредиттің/қаржылық лизинг шартының сомасы бір кәсіпкер үшін 4,5 млрд. теңгеден аспауға тиіс және онымен аффилирленген тұлғалардың/компаниялардың кредиті/қаржылық лизинг шарттары бойынша берешегі есепке алынбай есептеледі.

Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау банктердің номиналды сыйақы мөлшерлемесі 19 %-дан аспайтын, оның 6 %-ын мемлекет өтейтін, ал айырмасын кәсіпкер төлейтін кредиттері бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте, банк:

1) кредит беру шарттарының өтініш берушінің бастамасымен өзгеруіне байланысты;

2) өтініш берушінің кредит бойынша міндеттемелерін бұзу себебі бойынша алынатындарын қоспағанда, кредитке байланысты ешқандай комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді алмайды.

Төртінші бағыт - Кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылай емес шаралары жеке кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа мынадай функционалдық бағыттар бойынша мемлекеттік қаржылай емес қолдау көрсетуді көздейді:

1) кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;

2) кәсіпкерлердің құзыреттерін дамыту;

3) кәсіпкерлердің өнімділігін арттыру;

4) іскерлік байланыстарды кеңейту.

Осы бағыттардың шеңберінде қаржылай емес қолдаудың мынадай құралдарын ұсыну көзделеді:

1) кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету функционалдық бағыты бойынша:

  • "Бизнес насихат" құрауышы бойынша мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру;
  • Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттары туралы түсіндіру;
  • агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін (бұдан әрі - АӨК субъектілері) мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру;

2) кәсіпкерлердің құзыреттерін дамыту функционалдық бағыты бойынша:

  • кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқыту;
  • кәсіпорындар мамандарының, топ-менеджерлерінің біліктілігін арттыру;
  • жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету;
  • рұқсат құжаттары мен техникалық шарттар алу мәселелері бойынша консультациялар беру;

3) кәсіпкерлердің өнімділігін арттыру функционалдық бағыты бойынша:

  • жаңа басқару әдістерін, өндіріс технологияларын енгізу, кәсіпорындардың өнімділігі мен энергия үнемділігін арттыру мәселелері бойынша сырттан консультанттарды тарту;
  • кәсіпорындарды технологиялық дамыту;

4) іскерлік байланыстарды кеңейтудің функционалдық бағыты бойынша: шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнату.