• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

1. Экономикалық саясат жөнiндегi кеңес (бұдан әрi – ЭCK) Қазақстан Республикасы Үкiметiнің жанындағы консультативтiк-кеңесші орган болып табылады, Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық саясатының негiзгi бағыттарын, экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ететін стратегияны және оны іске асыру шараларын, тетіктерін айқындау жөніндегі ұсыныстарды қарайды.

2. ЭСК қызметінің мақсаты әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта және ұзақ мерзiмдi перспективаға арналған негiзгi бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзiрлеу болып табылады.

3. ЭCK өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын және осы Ережені басшылыққа алады.

4. ЭСК-нің негiзгi мiндеттерi:

1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының негiзгi бағыттарын әзiрлеу және iске асыру жөніндегі келiсілген тәсілдерді әзiрлеу;

2) экономиканы және әлеуметтiк саланы дамытудың орта және ұзақ мерзiмдi перспективаға арналған қағидатты маңызды мәселелерi, экономикадағы дағдарысты құбылыстардың туындауын болдырмау немесе олардың ықтимал терiс салдарын жеңілдету жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу болып табылады.

5. ЭСК-нің қызметін ұйымдастыру және оның тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

6. ЭСК-ның төрағасы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып табылады, ЭСК құрамына: Ұлттық Банкінің төрағасы; Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарлары; Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі; ұлттық экономика, қаржы, инвестициялар және даму министрлері; «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқармаларының төрағалары кіреді.

7. ЭСК отырыстары қажеттілігіне қарай, бiрақ кемінде тоқсанына бiр рет өткiзiледi.