• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шарт

Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты негізге ала отырып,

Еуразиялық экономикалық одақта бірыңғай кедендік реттеуді қамтамасыз ету мақсатында төмендегілер туралы уағдаласты.

1-бап

Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі

Мүше мемлекеттер осы Шартқа № 1 қосымшадағы Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексін қабылдайды.

2-бап

Шарттың күшіне енуі

Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап, бірақ 2017 жылғы 1 шілдеден кейін күшіне енеді.

Осы Шарттың күшіне енуіне байланысты осы Шартқа № 2 қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Еуразиялық экономикалық одақ құқығына кіретін халықаралық шарттардың қолданысы (уақытша қолданылуы) тоқтатылады және осы Шартқа № 3 қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Еуразиялық экономикалық одақ құқығына кіретін халықаралық шарттар ережелерінің күші жойылды деп танылады. 

3-бап

Шартқа өзгерістер енгізу

Осы Шартқа мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

4-бап

Ескертпелер

Осы Шартқа ескертпелер жасауға жол берілмейді.

5-бап

Дауларды шешу

Осы Шартты түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

6-бап

Қорытынды ережелер

Осы Шарт Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақ құқығына кіреді.

Осы Шарт 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақ құқығына кіретін, кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін өзге халықаралық шарттардан басым күшке ие.

20___ жылғы «__» __________  __________ қаласында орыс тілінде бір данада жасалды.

Осы Шарттың төлнұсқа данасы осы Шарттың депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.

Армения Республикасы

үшін

Беларусь Республикасы

үшін

Қазақстан Республикасы

үшін

     Қырғыз Республикасы

       үшін

Ресей Федерациясы

үшін

 
Орналастырылған: 25.09.2018
Жаңартылған: 25.09.2018