• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық барысы туралы

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев Астана қаласында EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық барысы туралы баяндады.

Мемлекет басшысының 6 желтоқсандағы тапсырмасына сәйкес Министрлік «ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастырудың және өткізудің 2013-2018 жылдарға арналған ұлттық жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізді.

Ұлттық жоспар іс-шараларының шамамен 90%-ы 2013 жылға жоспарланған. Сонымен бірге, 2013 жылғы қазанда Халықаралық көрмелер бюросының Атқарушы комитетінде Тіркеу дерекнамасы бекітілгеннен кейін Ұлттық жоспар 2014-2018 жылдарға түзетілетін болады.

Қазіргі уақытта Үкіметтің ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындалу жөніндегі жұмысының ұйымдастырушылық схемасы жасалды.

Мемлекеттік комиссия құрылды. Премьер-Министрдің Орынбасары Қ.Келімбетов бастаған Ұйымдастыру комитеті Мемлекеттік комиссияның орындаушы кеңесі болып табылады және 8 жұмыс штабтарының көрмені өткізу мен ұйымдастырудың негізгі бағыттары бойынша жұмысын үйлестіретін болады.

Айдың соңына дейін Ұйымдастыру комитетінің институционалдық құрылымы айқындалатын болады.

Сонымен қатар бүгін біз жарғылық мақсаттарды қалыптастыруға, сондай-ақ дайындық процестерін пысықтауға бағытталатын «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамын құру туралы» қаулы жобасын қабылдап отырмыз.

Бұдан өзге, жақын арада Министрлік – Ұлттық консультант кеңсесін, Астана қаласының әкімдігі – Қала объектілерін дайындау және салу дирекциясын құратын болады. «Нұрлы Астана» корпоративті қоры жанындағы ЭКСПО-2017 Қолдау қоры өз жұмысын жалғастырады.

Ұлттық компанияның басты міндеті Тіркеу дерекнамасының мазмұндық бөлігін іске асыру, ЭКСПО-2017 аумағында инфрақұрылым мен объектілерді жобалау және салу болады.

Ұлттық консультант кеңсесі қазақстандық делегацияның Халықаралық көрмелер бюросының Атқарушы комитеті мен Бас ассамблеясының отырыстарына қатысуын қамтамасыз етумен, Тіркеу дерекнама жобасын әзірлеумен және жылжытумен, халықаралық тәжірибені ескере отырып, құрылып жатқан Ұлттық компания қызметінің тұжырымдамалық бағыттарын әзірлеумен айналысады.

Астана қаласының әкімдігі жанындағы Дирекция көрмені тиімді өткізу үшін қала инфрақұрылымын дайындау және ұйымдастыру мәселелерімен айналысуы тиіс.

ЭКСПО-2017 Қолдау қоры қол қойылған меморандумдар бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде Халықаралық көрмелер бюросының мүше елдерімен ынтымақтастық бойынша жұмысты жалғастырады және жаңартылатын энергия саласындағы ғылыми әзірлемелерде қолғабысты қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта Сыртқы істер министрлігімен ЭКСПО-2017 Қолдау қорының қаражатын көрсетілген іс-шараларды өткізу үшін толықтыруға қажетті, 5 млн. еуро көлеміндегі сома келісілді.

 

Анықтама үшін: Астана қаласы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болғаннан кейін, 2012 жылғы 26 қарашада ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.

Бүгінгі күнгі жағдай бойынша Мемлекеттік комиссияның екі отырысы өткізілді.

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Мемлекеттік комиссияның кеңейтілген бірінші отырысының 2012 жылғы 6 желтоқсандағы хаттамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметіне үстіміздегі жылғы қаңтар-ақпан айларында:

- Көрмені ұйымдастырудың және өткізудің ұзақ мерзімді Ұлттық жоспарын әзірлеу және Мемлекеттік комиссияның қарауына енгізу;

- көрмені дайындау және өткізу бойынша компанияны құрып, оның ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны, ведомстволық бағыныстылығы және капитализациясы бойынша мәселелерді пысықтау;

- ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің жұмысын қамтамасыз ету;

- Ұлттық консультант кеңсесін құру;

- бюджеттен тыс көздер есебінен ЭКСПО-2017 Қолдау қорын қаржыландыруды ұлғайту мәселесін пысықту тапсырылды.