• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

«Iшкi сауда қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы27 наурыздағы № 264 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

БҰЙЫРАМЫН:

1. «Iшкi сауда қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы

27 наурыздағы № 264 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11148 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылы 28 қыркүйекте жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

көрсетілген бұйрықпен бекітілген Iшкi сауда қағидаларында:

2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) автодүкен – сауда жабдықтарымен жарақталған мамандандырылған автокөлiк құралы;

2) автомат – тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы;

3) арзандатылған тауар – кемшілігі болуға не кемшілігін жоюға байланысты төмендетілген бағамен сатылатын тауар;

4) асхана – тұтынушылар өзіне өзі қызмет көрсететін қоғамдық тамақтандыру объектісі;

5) аутлет орталық – бірыңғай тауар белгісімен немесе маркасымен айналымға шығарылған өнімдер шығарылымының алдыңғы маусымының азық-түлік емес тауарлар тобын (киім-кешек, аяқ киім, аксессуарлар және басқалар) елеулі жеңілдіктермен (жиырмадан тоқсан пайызға дейін) сатуды жүзеге асыратын сауда объектісі;

6) әмбебап сауда базары – әртүрлі сыныптағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда орындары бар сауда базары;

7) баға – тауар құнының ақшалай мәні;

8) бар – тұтынушыларға тіске басар, десерттер және кондитерлік бұйымдар, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;

9) бөлшек сауда – сатып алушыға жеке, отбасылық, үй iшiнде немесе кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға арналған тауарларды сату жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;

10) гипермаркет – бірнеше сауда қызметі субъектілерінен тұратын, он бес мың және одан көп атау (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауарлар ассортиментін сататын, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін көтерме-бөлшек сауда объектісі;

11) дәмхана – тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, дайындалуы күрделі емес тағамдар ассортиментін, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;

12) дискаунт орталық – бір немесе бірнеше сауда қызметі субъектілерінен тұратын, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, күнделікті сұраныстағы нарықтық бағадан төмен бағадағы азық-түлік тауарларының (тез бұзылатын азық-түлікті есепке алмағанда, жалпы көлемінің жиырма пайызы негізінен «құрғақ» немесе терең мұздатылған өнім) және азық-түлік емес (жалпы көлемнің сексен пайызы тамақ өнімдері, тұрмыстық химия және қосалқы тауарлар) тауарлардың шағын ассортименті бар эконом сыныбының сауда объектісі;

13) дүкен – сауда, қосалқы, әкiмшiлiк-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етілген тұрақты жұмыс істейтін күрделi құрылыс немесе оның бөлiгi;

14) дүңгiршек – бір немесе бірнеше сауда орындарына есептелген, азық-түлік тауарларын сақтауға арналған сауда залы және үй-жайлары жоқ, сауда жабдықтарымен жарақталған күрделi емес тасымалданатын құрылыс;

15) жаппай сату – сапасы сай тауарларды төмендетілген бағамен өткізу;

16) жарамдылық мерзiмi – аяқталғаннан кейiн тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңi;

17) жылжымалы сөре – арнайы бөлінген орынға орнатылатын, сауда орнын білдіретін, тасымалданатын уақытша құрылыс (конструкция);

18) қоғамдық тамақтандыру – тамақ өнімдерін өндірумен, өңдеумен, өткізумен және тұтынуды ұйымдастырумен байланысты кәсіпкерлік қызмет;

19) көтерме сауда – кейiн сатуға немесе жеке, отбасылық, үй iшiнде және осындай өзге де пайдаланумен байланысты емес, өзге мақсаттарға арналған тауарларды өткiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;

20) көтерме-тарату орталығы (бұдан әрі – КТО) – азық-түлік тауарларымен, кейін оларды ішкі және сыртқы нарықтарда көтерме өткізу үшін арналған сатып алу, дайындау, тарату және өзге операцияларды орындау үшін және қойма құрылыстарынан, сауда павильондарынан және арнайы жабдықтары бар басқа да үй-жайлардан тұратын көп функционалды сауда-логистикалық инфрақұрылым кешені»;

21) көшпелi сауда – мамандандырылған немесе сауда үшін арнайы жабдықталған көлiк құралдарын, сондай-ақ тек көлік құралымен жиынтықта қолданылатын мобильді жабдықты пайдалана отырып, тұрақты жұмыс iстейтiн бөлшек сауда желiсiнен тыс жүзеге асырылатын бөлшек сауда;

22) мамандандырылған дүкен – ассортиментінің көлемі жиырма бес мың атауға (бірлікке) дейін болатын, ассортименті мамандандырылған (құрылыс материалдары, тұрмыстық электротехника, жиһаз және тағы басқа), сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін сауда қызметінің көптеген субъектілерін білдіретін сауда объектісі;

23) мамандандырылған сауда базары – тауарлардың жалпы санынан жетпіс және одан астам пайызы бір сыныптағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары;

24) мейрамхана – тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, тапсырыстық және фирмалық тағамдарды, сондай-ақ алкоголь өнімдерін қоса алғанда, дайындалуы күрделі тағамдар ассортиментін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;

25) сақтау мерзімі – белгіленген сақтау шарттары сақталған кезде тауар (жұмыс нәтижесі) осы уақыт кезеңі ішінде тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құжаттарда және (немесе) шартта көрсетілген сапасын, қасиеттерін және сипаттамаларын сақтайтын уақыт кезеңі;

26) сатушы – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сауда қызметiн жүзеге асырушы сауда қызметiнiң субъектiсі;

27) сатып алушы – тауар сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;

28) сауда ақпараты – тауар, дайындаушы, сатушы туралы заңнамада көзделген және тауармен және оны пайдаланудың ерекшелiктерiмен таныстыру мақсатында сатушыға жеткiзiлетiн мәліметтер;

29) сауда базары – аумақта шаруашылық қызметін көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негізде жұмыс істейтін және өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшін алаңмен қамтамасыз етілген, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігі, сәулет-құрылыс талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талаптарға сәйкес келетін сауда қызметіне арналған оқшауланған мүліктік кешен;

30) сауда желiсi – сауда базарларын қоспағанда, ортақ басқарудағы және бiрыңғай коммерциялық белгi және дараландырудың өзге де құралдары аясында пайдаланылатын екi және одан да көп сауда объектiлерiнiң жиынтығы;

31) сауда залы – сатып алушыларға қызмет көрсетуге арналған сауда үй-жайының арнайы жабдықталған негiзгi бөлiгi;

32) сауда қызметi – жеке және заңды тұлғалардың тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсiпкерлiк қызметi;

33) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган – сауда саясатын қалыптастыратын, сауда қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

34) сауда мүкәммалы – сауда қызметін жүзеге асыруға арналған заттар;

35) сауда объектiсi – арнайы құрал-жабдықпен жарақтандырылған, тауарлар сату кезiнде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет етуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi, құрылыс немесе құрылыстың бiр бөлiгi, сауда базары, автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;

36) сауда-ойын-сауық орталығы – көптеген сауда қызметі субъектілерінен тұратын, жиырма бес мың және одан көп атау (бірлік) аралас ассортименті бар тауарларды, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық қызметтерін (фуд-корт, сұлулық салондары, ойын-сауық, кино театрлар және басқалары) қамтитын, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағы шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңы бар сауда объектісі;

37) сауда орталығы – көптеген сауда қызметі субъектілерінен тұратын, аралас ассортименті бар, ассортиментінің көлемі жиырма бес мың және одан көп атау (бірлік) сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағы шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңы бар сауда объектісі;

38) сауда орны – тауарларды сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын құрал-жабдықпен жарақтандырылған орын;

39) сауда үйi – тұтас объекті ретінде басқарылатын сауда объектiлерiнiң және қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң жиынтығы орналасқан сауда қызметiне арналған және сауда, әкiмшiлiк-тұрмыстық және қойма үй-жайларымен және өзінің аумағының шекарасы шегiнде автокөлiк құралдарын қоюға арналған алаңмен қамтамасыз етiлген күрделi стационарлық құрылыс;

40) стационарлық емес сауда объектісі – инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуының (технологиялық қосу) болуына немесе болмауына қарамастан, жермен берік байланыстырылмаған уақытша құрылыс немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;

41) стационарлық сауда объектісі – жермен берік байланыстырылған және инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылған (технологиялық қосу) ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй-жай), құрылыс немесе құрылыстың бiр бөлiгі (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй жай);

42) заманауи форматтағы сауда объектілері – бір мыңнан бастап және одан астам атау (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауар ассортименті бар, қызмет көрсетудің дәстүрлі әдісімен бірге өзіне-өзі қызмет көрсету әдісі бойынша, сондай-ақ қосымша сауда қызметтерін көрсете отырып жұмыс істейтін, төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтары (құрылғылары) бар, еңбек өнімділігі және сауда алаңының шаршы метрінен сатылымы жоғары, аумағының шекарасы шегiнде автокөлiк құралдарын қоюға арналған алаң көзделген, ауданы кемінде 500 шаршы метр стационарлық сауда объектілері;

43) супермаркет – бірнеше сауда қызметі субъектілерінен тұратын, бір мыңнан бастап жиырма бес мыңға дейінгі атау (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауар ассортиментін сататын, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін сауда объектісі;

44) тауар – айналымнан алынбаған, сатуға немесе айырбастауға арналған кез келген еңбек өнiмi;

45) тауар ассортименті – қандай болмасын бiр немесе жиынтық белгiлері бойынша бiрiктiрiлген тауарлар жиыны;

46) тауарлар сыныбы – функционалдық мақсаты ұқсас тауарлар жиынтығы;

47) тауарлардың көршiлестігі – шикi және дайын өнiмдердi бiрге сақтауды және өткізуді, олардың ластануын және тауардың сапасына әсер ететiн бөгде иiстердiң сiңуiн болдырмайтын шарттар;

48) тауар сапасы – тауардың тұтынушылық сипаттарының жиынтығы;

49) тез бұзылатын тамақ өнiмдерi – қатаң регламенттелетiн мерзімдерде тасымалдаудың, сақтаудың және сатудың арнайы шарттарын талап ететiн тамақ өнiмдерi;

50) үй жанындағы дүкен – негізінен сауда желілеріне кірмейтін бес мың атауға (бірлікке) дейін күнделікті қажетті тауарлардың мамандандырылған ассортиментін өткізетін бір сауда қызметі субъектісін білдіретін сауда объектісі;

51) шағынмаркет – он мыңға дейінгі атау (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауар ассортиментін сататын бірнеше сауда қызметі субъектілерін білдіретін, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңы болуын көздейтін сауда объектісі;

52) шатыр (павильон) – құрастырмалы-жинамалы конструкциялардан, бір немесе бірнеше сауда орындары үшін сауда жабдықтарымен жарақталған, сауда қорына арналған алаңы бар және арнайы белгіленген орынға орналастырылатын жеңiл құрастырылатын құрылыс;

53) iшкі сауда – Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сауда қызметі;

54) электрондық сауда – ақпараттық техногиялар арқылы жүзеге асырылатын тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет.».

5-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5-1. Стационарлық сауда объектілерінің түрлері:

КТО;

сауда ойын-сауық орталығы;

сауда орталығы;

гипермаркет;

аутлет орталығы;

дискаунт орталығы;

мамандандырылған дүкен;

сауда үйі;

супермаркет;

шағынмаркет;

үйдің жанындағы дүкен.»;

Бұл ретте осы Қағидалардың 2-тармағының 42) тармақшасына сәйкес болған жағдайда сауда ойын-сауық орталығы, сауда орталығы, гипермаркет, аутлет орталығы, дискаунт орталығы, мамандандырылған дүкен, супермаркет замануи форматтағы сауда объектілеріне жатады.».

3-тарау мынадай мазмұндағы 2-1 параграфпен толықтырылсын:

«Параграф 2-1. КТО-ның қызметін жүзеге асыру тәртібі

33-1. КТО-ның құрылымы мынадай аймақтардан тұрады:

1) терминалды – жүкті түсіру және тиеу операцияларын өткізуге арналған аймақ, сондай-ақ жүкті және жеңіл автомобилдер үшін тұрақ орындары;

2) бақылау – ветеринариялық, санитариялық және фитосанитариялық, санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды және Қазақстан Республикасының заңмамасына сәйкес өзгеде бақылау түрлерін жүргізуге арналған аймақ;

3) қойма – жүктерді түсіруге, сақтауға және жинақтауға арналған құралдармен жабдықталған аймақ;

4) сауда-көрме – тауарларды көрсетуге, жайып қоюға, сондай-ақ сатып алушыларға қызмет көрсетуге және шарттар жасасу мен төлемдер жүргізуге арналған, арнайы құралдармен жабдықталған аймақ; 

5) технологиялық – жууға, өңдеуге, кептіруге, құрғақ тазылауға, сұрыптауға, калибрлеуге, өлшеп орауға, орауға және/немесе ұқсас операцияларды орындауға арналған аймақ;

6) әкімшілік – әкімшілік үй-жайлар кешені орналаскан аймақ.

33-2. КТО:

1) ветеринариялық, санитариялық және фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру үшін тиісті мамандардың, зертханалардың және басқа да қажетті жабдықтардың болуын;

2) тиеу және түсіру техникасының, салмақты өлшейтін жабдықтың болуын көздейді.

КТО-да сауда орындарының кемінде 80%-ы азық-түлік  тауарларын өткізу үшін, оның ішінде сауда орындарының кемімде 30%-ы, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қоса алғанда, тікелей азық-түлік тауарларын өндірушілерге жалға беріледі.

33-3. КТО-да азық-түлік тауарларын өткізуді өндірушілер, ауыл шаруашылығы кооперативтері, дайындаушы ұйымдар, сондай-ақ импорттаушылар жүзеге асырады.

33-4. КТО-да азық-түлік тауарларын өткізу нысандары:

1) өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден, ауыл шаруашылығы кооперативтерінен, қызметтік-дайындаушы орталықтардан, дайындаушы ұйымдардан және (немесе) өңдеу кәсіпорындарынан сатып алу;

2) консигнация шартының жасасу иеленуші (консигнант) өнімді КТО қоймасына жібереді. Бұл ретте өнім оны өткізгенге дейін консигнанттың меншігінде қалады. Өтпеген жағдайда, тауар тиісті келісімде аталған шарттарға сәйкес консигнантқа қайтарылады.

33-5. КТО-ның міндеттеріне:

1) электрондық дерекқорды қалыптастыру (азық-түлік өнімінің көлемдері мен бағалары бойынша ақпаратты жинақтау мен талдау, сұраныс пен ұсыныс, олардың динамикасының өзгеруі туралы мәліметтер);

2) сатушы мен сатып алушылардың есебін жүргізеді, оларды электрондық базада тіркеуді жүзеге асырады;

3) азық-түлік тауарларын тікелей өткізуге немесе одан әрі өткізу үшін оларды сатып алу үшін азық-түлік тауарларын өндірушілерге, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне, дайындаушы ұйымдарға сауда алаңдарын беру;

4) азық-түлік өнімін сатудың арналарын іздеу және құру;

5) өнімді сату алдындағы дайындық;

6) тауар партияларын жиынтықтау;

7) азық-түлік тауарларын сақтау;

8) КТО-ға қатысушыларды ақпараттық қолдау, азық-түлік тауарларын өндіру мен жылжыту бойынша талдау жүргізу кіреді;

33-6. Қазақстанның өңірлері бойынша азық-түлік тауарларын қайта бөлу үшін КТО-ның арасында өзара сауда-саттық іс-қимылы жасалады.»

33-7. КТО қызметтері және оларды нарық субъектілеріне беру шарттары КТО мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы жеке келісімде көрсетіледі.».

2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Сауда қызметін реттеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде қағаз және электрондық түрдегі оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға, сондай-ақ «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін жіберілуін;

3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін;

5) осы бұйрықты жергілікті атқарушы органдарының назарына жеткізуді.

3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Ұлттық экономика министрі                                        Т. Сүлейменов

«КЕЛІСІЛГЕН»

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары –

       Қазақстан Республикасының

    Ауыл шаруашылығы министрі   _____________ А. Мырзахметов

2017 жылғы «___» ____________

 

«КЕЛІСІЛГЕН»

       Қазақстан Республикасының

    Инвестициялар және даму министрі министрі   _____________ Ж. Қасымбек

2017 жылғы «___» ____________

 

«КЕЛІСІЛГЕН»

       Қазақстан Республикасының

Қаржы министрі

_____________ Б. Сұлтанов

2017 жылғы «___» ____________

 

«КЕЛІСІЛГЕН»

       Қазақстан Республикасының

Ішкі істер министрі _____________ Қ. Қасымов

2017 жылғы «___» ____________