• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Қазақстандық делегация Қазақстанның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі ағымдық көрсеткіштері мен перспективаларын Дүниежүзілік экономикалық форум өкілдерімен бірге талқылады

Қазақстандық делегация Қазақстанның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі ағымдық көрсеткіштері мен перспективаларын Дүниежүзілік экономикалық форум өкілдерімен бірге талқылады

Астана, 28 ақпанҚР ҰЭМ. 2018 жылғы 25-28 ақпан аралығында Женева қаласында (Швейцария) ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов басқаратын қазақстандық делегация Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) өкілдерімен кездесулер өткізді. ҚР делегациясының құрамына Қаржы, Денсаулық сақтау, Инвестициялар және даму, Ақпарат және коммуникациялар, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктерінің, «Атамекен» ҰКП және Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері енді.

ҚР Ұлттық экономика министрі ДЭФ өкілдерін Қазақстанның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі (ЖБИ) ағымдық позициялары және ел Үкіметінің бағаланған индикаторларды арттыру жөніндегі жұмысы туралы хабардар етті.

«2017 жылғы бағалау қорытындысы бойынша ДЭФ ЖБИ рейтингінде Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда өз позициясын 4 тармаққа төмендете отырып, 137 елдің ішінен 57 орын алды. 12 бәсекеге қабілеттілік факторынан 4 фактор бойынша жақсарту орын алды, 8 фактор бойынша төмендеу орын алды. 114 индикатордан 28 индикатор бойынша жақсарту, 76 индикатор бойынша нашарлау орын алса, 10 индикатор бойынша өзгерістер тіркелген жоқ», - деді Т.Сүлейменов. 

Оның айтуынша, ел рейтингінің төмендеуіне 2016 жылғы макроэкономикалық ахуалдың нашарлауы айтарлықтай әсер етті. Сондай-ақ «Институттар», «Еңбек нарығының тиімділігі» тәрізді факторлар позицияның нашарлауына өз әсерін тигізді. Бастауыш біліммен қамту бойынша есептеу әдістемесін қайта қараудың арқасында «Денсаулық сақтау» және «Бастауыш білім» факторлары бойынша жақсартуға қол жеткізілді. «Технологиялық дайындық», «Нарық көлемі» және «Жоғары білім және кәсіптік дайындық» факторлары бойынша көрсеткіштер де жақсартылды.   

Министр елдің іргелі көрсеткіштері Қазақстанның бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі жоғары орындардан үміттенуіне мүмкіндік беретінін ескертті. Үстіміздегі жылы Үкімет индикаторларды жақсарту бойынша жүргізілген жұмыстарға сай 45 орынды иелену міндетін қойып отыр. Делегация басшысы бизнес-қоғамдастықпен бірлесе жүргізілген жұмыстар Үкіметтің экономикалық саясатының басым бағытының бірі екендігін атап көрсетті.

Еліміздің ЖБИ рейтингін көтеру жөніндегі шаралар туралы айта келіп, Т.Сүлейменов ҚР Үкіметінің жанынан құрылған Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңес, ДЭФ ЖБИ жақсарту жөніндегі іс-шаралардың мемлекеттік органдардың стратегиялық даму жоспарына енгізілгендігі, ДЭФ ЖБИ көрсеткіштерінің мемлекеттік органдар басшылары үшін КРІ ретінде бекітілуін, ДЭФ ЖБИ индикаторларын жақсарту бойынша үкіметтік Шаралар жоспарының қабылданғандығы туралы баяндады.

ДЭФ ЖБИ көрсеткіштерін факторлар тұрғысынан жақсарту бойынша жүргізілген жұмыстар туралы толық ақпарат ДЭФ өкілдеріне арнаулы тұсаукесер материалдары түрінде таныстырылды.

Өз кезегінде, ДЭФ өкілдері қазақстандық делегацияны жаңартылған ЖБИ әдестемесімен және Төртінші өнеркәсіптік революция бойынша ДЭФ жұмысымен таныстырды.

Бұдан басқа, сапар аясында Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің ДЭФ президенті Б.Брендемен, ДЭФ «Өндірістің болашағы» бастамасының басшысы Х.Леурентпен, ДЭФ Еуропа мен Еуразияның бизнес тарту бөлімінің басшысы Т.Калашниковамен, ДЭФ Еуразия бөлімінің басшысы А.Калининамен екіжақты кездесулері өткізілді.

Анықтама:

Давос форумы деген атпен белгілі (Davos summit) Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) – штаб-пәтері Женева қаласында (Швейцария Конфедерациясы) орналасқан ірі халықаралық үкіметтік емес ұйым.

ДЭФ жыл сайынғы форумы дәстүр бойынша Давос швейцарлық тау курортында өткізілетіндіктен, осындай бейресми атауды иеленген. Мұнымен қатар, ДЭФ түрлі елде жылсайынғы өңірлік және ұлттық саммиттер өткізеді. ДЭФ-тің басты мақсаты экономикалық даму және әлеуметтік прогресс мәселелерін шешуде әлемдік қоғамдастыққа жәрдем көрсету арқылы әлемнің жаһандық ахуалын жақсартуға арналған. Осы мақсатта ДЭФ жаһандық дамудың аса өзекті проблемаларын талқылау және шешу үшін әлемдік қоғамдастық көшбасшыларының арасындағы іскерлік, саяси, зияткерлік және басқа да саладағы әріптестікті дамуына ықпал етеді.

Қазақстан «ДЭФ жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің» рейтингіне 2006 жылдан бері қатысып келеді.  

Рейтинг 12 фактор бойынша қоғамдастырылған 114 индикатордан тұрады (34 статистикалық, 80 сауалнамалық).

2017-2018 жылдардағы рейтингте Қазақстан 137 елдің ішінен 57 орынға ие болды.

Факторлар бойынша өзгерістерге келсек, «Институттар» факторы бойынша Қазақстанның позициясы 49-дан 60 орынға, «Инфрақұрылым» бойынша 63-тен 68-орынға, «Макроэкономикалық орта» бойынша 69-дан 98-орынға төмендесе, «Денсаулық сақтау және бастауыш білім» бойынша 94-тен 59 орынға, «Жоғары білім және кәсіптік дайындық» бойынша 57-ден 56-орынға көтерілсе, «Тауар нарығының тиімділігі» бойынша 20-дан 35-орынға, «Қаржы нарығының дамуы» бойынша 104-тен 114-орынға, «Компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі» факторы бойынша 97-ден 108-орынға, «Инновациялар» факторы бойынша 59-дан 84-орынға төмендеді.

Қазақстандық делегация Қазақстанның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі ағымдық көрсеткіштері мен перспективаларын Дүниежүзілік экономикалық форум өкілдерімен бірге талқылады