• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысындағы Ұлттық экономика министрі Р.Е. Дәленовтың баяндамасы, 11.04.19 ж.

Сіздердің назарларыңызға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ұсынылып отыр.

Жоба Жүз нақты қадам ұлт жоспарының 97 (тоқсан жетінші) – қадамын іске асыру үшін әзірленген және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға берудің құқықтық негізін қалыптастырады.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар функцияларын бәсекелес ортаға берудің айқын критерийлері жоқ. Осыған байланысты заң жобасында мыналар айқындалады:

  • Функцияларды беру мақсаттары, қағидаттары мен тәсілдері;
  • Функциялар сапасыз іске асырылған жағдайда, оларды қайтару тетігі;
  • Үкімет,  мемлекеттік органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, функцияларды орындаушылар және Үкімет жанынан құрылған Комиссия өкілеттіктері.

Жекелеген функцияларды бәсекелес ортаға беруге тыйым салынатынын атап өту керек. Бұл ұлттық және ақпараттық қауіпсіздікті, қорғанысты, қоғамдық тәртіп пен тағы басқаларын қорғауға бағытталған функциялар.

Сондай-ақ, жобада функцияларды бәсекелес ортаға берудің тәсілдері айқындалады.

Бұл функцияларды міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеу, аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мемлекеттік тапсырма арқылы және функцияларды қолданушылар есебінен беру тәсілдері.

Бұл ретте, функция бәсекелес ортаға мынадай екі тәсілмен толық беріледі. Олар міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеу және функцияларды пайдаланушылар есебінен беру. Бұл жағдайда функция заңнамалық түрде мемлекеттік органның құзыретінен алып тасталады.

Бұдан басқа, функция мемлекеттік орган құзыретінен алынбай, аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік тапсырма арқылы іске асырылатын тәсілдер көзделген.

Жобаға сәйкес, функцияларды бәсекелес ортаға беру Комиссияның шешімдері негізінде жыл сайын жүзеге асырылады.

Бұдан басқа, жобада берілген функциялардың іске асырылуын мониторингілеу рәсімі енгізіледі.

Мониторинг нәтижесі қанағаттандырмаған жағдайда, Комиссия жүргізілген талдау негізінде, тиісті заңнамалық өзгерістерді қабылдау жолымен, функцияларды қайтару жөнінде ұсынымдар әзірлейді.

Жалпы, осы рәсімдердің барлығы қоғам үшін ашық және айқын. Бұл азаматтық қоғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен талқылау үшін тартуға мүмкіндік береді.

Заң жобасы бәсекелес орта арқылы дамуға және мемлекеттік органдар функцияларының сапасын арттыруға бағытталған.