• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

ҚР Ұлттық экономика министрі Р.Е. Дәленовтың 2019 жылғы қаңтар-мамырдағы ҚР ӘЭД қорытындылары туралы ҚР Үкіметінің отырысында баяндамасы 2019 жылғы 11 маусым

Жалпы осы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің оң серпіні сақталды.

Жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,0% құрады. Жылдық мәндегі инфляция деңгейі 5,3% құрады. Бұл 4-6% инфляция дәлізінің шегінде.

Инвестициялар серпіні жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынынан түседі. Өсу осы жылғы 4 айдағы 6,7% қарағанда 7,8% дейін үдеді. Инвестициялар ауыл шаруашылығында және құрылыста бір жарым есеге өсті. Өнеркәсіпте инвестициялар 17,5% өсті.

Өткен аймен салыстырғанда халықаралық резервтер 0,4% өсті. Олардың көлемі 86,7 млрд. долларды құрады.

Тұтастай алғанда жалпы ішкі өнім серпінінің үдеуі байқалып отыр.

ӨНЕРКӘСІП

Осы жылғы қаңтар-мамырда кен өндіру өнеркәсібі 2,0% ұлғайды. Бұл ретте мұнай өндіру көлемі 3,2% қысқарды. Бұл жоспарлы жөндеу жұмыстарымен байланысты.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде өсу 3,6% құрады. Бұл мұнай өндірудегі қысқарудың орнын толтырды.

Өңдеу өнеркәсібінде екі таңбалы өсуге жеңіл өнеркәсіп (23,0%), сусындар өндірісі (18,9%), машина жасау (16,0%), пластмасса бұйымдары өндірісі (12,0%), сондай-ақ фармацевтика (11,6%) қол жеткізді.

Бұл ретте металлургия өнеркәсібінде өндіріс қалпына келді. Өндіріс шығарылымы өткен жылғы деңгейге жетті.

ҚҰРЫЛЫС

Құрылыс қарқыны үдей түсті. 5 айда өсу 8,8% жетті.

Өнеркәсіп объектілерінің, автомобиль жолдарының, газ құбырларының құрылысы бойынша жұмыстар артты. Сондай-ақ ірі зауыттарда құрылыс-монтаждау жұмыстары ұлғайды.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Ауыл шаруашылығында орнықты өсу байқалып отыр. Өндіріс көлемі 3,7% артты. Өсу мал шаруашылығының 3,6% және өсімдік шаруашылығының 8,1% ұлғаюынының есебінен қамтамасыз етілді.

КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР САЛАСЫ

Көрсетілетін қызметтер саласында үдеу байқалады. Есепті кезеңде осы сала қаңтар-сәуірдегі 4,2% қарағанда 4,7% өсті. Бұл сектордың барлық салаларында серпіннің үдеуі байқалып отыр.

Көрсетілетін қызметтер сегментінде сауда ең жоғары өсуді көрсетіп отыр.

5 айда сату көлемі 7,5% өсті. Бұл негізінен автокөлік құралдарын, автомобильдердің қосалқы бөлшектерін, мұнай өнімдерін сатудың ұлғаюымен байланысты.

Көлік саласында 5,3% дейін үдеу тіркелді. Аталған салада әуе көлігінің жүк айналымы 81,3%, автомобиль көлігінің жүк айналымы 9,3% өсті.

СЫРТҚЫ САУДА

Ағымдағы жылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда айналымы 28,7 млрд. долларды құрады. Экспорт көлемі 18,5 млрд. долларды құрады. Импорт 7,2 млрд. Долларды құрады.

Сәйкесінше сауда балансының оң сальдосы 8,3 млрд. долларды құрады.

ӨҢІРЛЕР

Өнеркәсіп бойынша 6 өңір теріс мәнді көрсетіп отыр. Бұл Қызылорда, Павлодар,Батыс Қазақстан, Атырау,Маңғыстау және Қарағанды облыстары.

Аталған өңірлерде мұнай (Атырау, Қызылорда, Маңғыстау), газ конденсатын өндіру (БҚО), мұнай өңдеу (Павлодар), жазық илек және легірленбеген болат (Қарағанды) өндірісі қысқарды.

Ауыл шаруашылығы бойынша барлық өңірлерде өсу қамтамасыз етілді. Маңғыстау облысы енді оң өсуді көрсетіп отыр.

Құрылыс бойынша жағдай жақсарып келеді. Енді Маңғыстау облысынан және Нұр-Сұлтан қаласынан басқа барлық өңірлерде өсу байқалады.

Бұл ретте Шымкент қаласы және Ақмола облысы жағдайды түзетті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша төмендеу Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында сақталып отыр.

Ақмола облысын атап өткім келеді. Осы өңірде 4 айда құрылыс және инвестициялар бойынша қысқару болған. Қазір олар өсуді көрсетіп отыр.

Жалпы бірқатар өңірлер бірнеше көрсеткіштер бойынша жақсы серпінді көрсетуде. Бұл өнеркәсіп, өңдеу, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру және инвестициялар.

Қостанай облысында барлық 6 көрсеткіш, Павлодар облысында – 5 көрсеткіш, Атырау, Түркістан және Қарағанды облысында - 4 көрсеткіш және Шығыс Қазақстан облысында - 3 көрсеткіш жақсы өсуді көрсетеді.

Маңғыстау облысы, Нұрсұлтан және Шымкент қалалары бойынша бірнеше көрсеткіштер бойынша төмендеу байқалады.

Маңғыстау облысы бойынша – инвестициялар, құрылыс және өнеркәсіп, оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі салалары.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – инвестициялар және тұрғын үйлерді пайдалануға беру салалары.

Шымкент қаласы бойынша – инвестициялар кен өндіру өнеркәсібі және тұрғын үйлерді пайдалануға беру салалары.

Бұдан басқа, аталған өңірлерде инфляция деңгейі, оның ішінде азық-түлік тауарларына орташа республикалық мәннен жоғары тіркелген.

Жалпы, осы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша көптеген көрсеткіштер бойынша оң серпін сақталғаны байқалады.

Ағымдағы үрдістерді ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға:

Біріншіден, артта қалған көрсеткіштер бойынша экономика салаларында бақылауды арттыру.

Екіншіден,инвестициялық жобалар шеңберінде инвестицияларды тарту бойынша жұмысты күшейту.

Үшіншіден, «Экспортты ілгерілету жаңа жол картасын» іске қосу және оның іс-шараларын іске асыруды жандандыру.

Төртіншіден, азық-түлік тауарларына, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалардың маусымдық төмендеуі кезеңінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша бақылауды қамтамасыз ету.

Бесіншіден,бюджет қаражатын тиімді игеруді жүзеге асыру қажет.