• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Мемлекеттік тіл және рухани жаңғыру

Ішкі әкімшілендіру департаменті 2017 жылғы 9 қарашада «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты жалпы тақырып шеңберінде «Мемлекеттік тіл және рухани жаңғыру» конкурсын өткізді. Конкурстың мақсаты мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілді дамыту, көпшілік алдында сөз сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.

Конкурстың шарты бойынша қатысушылар слайдтың әрбір бетінде рухани жаңғыру мен мемлекеттік тіл арасындағы байланыс, Елбасының Ұлытауда сөйлеген сөзіндегі, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы мемлекеттік тіл туралы негізгі ойларды келтіріп, оларды жан-жақты талдап жазуға және т.б. материалдарды (ақындардың өлеңдерінен үзінділер, мақал-мәтелдер және т.с.с.) қосып, суреттермен безендіруі тиіс болды. Слайдты музыкамен сүйемелдеу де құпталды.

Конкурсқа Министрліктің 8 қызметкері қатысты. Құрманбаева Мөлдір Құдайбергенқызы (Экономика және қаржы департаменті Бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру басқармасының бас сарапшысы), Мәлік Азамат Сапарғалиұлы (Экономика және қаржы департаменті Бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру басқармасының сарапшысы), Әлжанов Бауыржан Батырханұлы (Статистика комитеті Ұлттық санақты дайындау және жүргізу басқармасының сарапшысы), Каженов Ермек Нұрсолтанұлы (Бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту департаменті Бюджеттік инвестициялар басқармасының сарапшысы), Құлыбекқызы Ғалия (Өңірлерді талдау және бағалау департаменті Өңіраралық ынтымақтастық басқармасының бас сарапшысы), Сарманов Сержан Ерқалиұлы (Өңірлік даму департаменті Ауылдық және шекара маңы аумақтарын дамыту басқармасының бас сарапшысы), Ахметкәрімова Құндыз Маратбекқызы (Кәсіпкерлікті дамыту департаменті Ақпараттық-талдамалық және даму институттарымен жұмыс басқармасының сарапшысы) және Жолдықұлова Шапағат Маратқызы (Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Экономикалық интеграция басқармасының сарапшысы).

Бірінші болып шыққан Құрманбаева Мөлдір Құдайбергенқызы еңбегін қорғауды «ҚАЗАҚСТАН – егеменді, тәуелсіз мемлекет. Қазақстанды дамыған өркениетті 30 елдердің қатарына енгізетін біздің болашағымыз – БҮГІНГІ ЖАСТАР. Олардың міндеті – елінің намысын қорғап, әлемге таныта отырып, өз елінің тарихын, ТІЛІН жетік білу керек» деп бастап, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөздерімен жалғастырды. Одан кейін конкурс тақырыбына негіз болған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «XXI ғасырдағы ұлттық сана туралы” 1-бөлімі - тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағыттары атап өтілді:

1) Бәсекеге қабілеттілік;

2) Прагматизм;

3) Ұлттық бірегейлікті сақтау;

4) Білімнің салтанат құруы;

5) Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;

6) Сананың ашықтығы.

«Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания»

Одан әрі автор мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» атты 2-бөліміндегі қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауға қатысты мәселеге тоқталды. Қазақ әліпбиінің ертеден келе жатқан түптамырынан мағлұматтар келтірілді, яғни VI-VII ғғ. ерте орта ғасыр кезеңіндегі “Орхон-Енисей жазулары” деген атаумен руникалық жазу;

  • V-XV ғасырлардағы ортағасырлық түркі тілі;
  • 1910 жылдан бастау алған “Байтұрсынов әліпбиі” деген атқа ие болған “Оқу құралы” әліпбиі. Қазақ халқының 1072-1929 жылдары араб әліпбиін,  1929-1939 жылдары латын әліпбиін қолданғаны, 1940 жылдан бастап орыс графикасын пайдаланып келе жатқаны сөз болды.

Мөлдір баяндамасын ана тіліміз туралы мақал-мәтелдермен, ақын С.Торайғыровтың өлеңімен әрлей отырып, замандастарымыз Айгүл Құмағұлованың «Латын әліпбиі мемлекетiмiздiң тәуелсiздігінің жемісі және жеңісі, жер-жердегі қаны бір қазақтың басын қосатын құрал болмақ. Бұл менің жеке пікірім”; Ерден Қажыбектің “Біз – тілімізді бұзып, ережелеріміздің барлығын шатастырып жүрген елміз. Латын әліпбиіне ауысу арқылы осындай жүйесіздіктен құтыламыз”; Баян Омарованың “Латын әліпбиіне көшу технология мен инновацияны тез меңгерудің кілті” деген пікірлерін келтірді.

Автор өз ойын мынадай өлең жолдарымен түйіндеді: 

Тілім менің – елдігімнің айғағы,

Тілім менің – тірлігімнің айбыны,

Тілім барда “қазақпын” деп айта алам,

Тілім барда асқақтап бір мақтанам.

Конкурсқа қатысушылардың барлығы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында мемлекеттік тілдің маңыздылығы, латын әліпбиін енгізу мен қолданудың орындылығы, артықшылықтары туралы кеңінен баяндады. 

«Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания»

Құлыбекқызы Ғалия сайысқа ұлттық нақыштағы киіммен келіп, мемлекеттік тілдің мәртебесі салт-дәстүрімізбен тығыз байланыста екенін дәлелдеді.

Слайд қорғаушылардың ішінде Сарманов Сержанның, Мәлік Азаматтың және Ахметкәрімова Құндыздың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

Сержан баяндаманың негізгі бағыттары мен іске асырылатын нақты жобаларды атай келе, қазақ тілінің дүние жүзінде қолданылу аясына тоқталды. Оның мәліметінше, Қазақстанда 10 миллионға жуық адам қазақ тілінде сөйлей алады, Қытайдың Іле қазақ автономиялық облысында 1 миллионға жуық адам қазақ тілінде сөйлесе, Ресейде 500 мыңға жуық адам қазақ тілінде сөйлейді. Автор осы деректерін көпшіліктің және азшылықтың тілі ретінде картамен берген. Одан әрі тарихи мәліметтер келтірілді: «VI-VII ғасырларда «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қол­данылды. V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлы­ғының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1929-1940 жылдар аралығында латындандырылған әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылданды. 1940 жылы қазақ жазуы орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшірілді».

Бұдан кейін Сержан 1929 жылы қабылданған латын әліпбиінің нұсқасын, қазіргі кириллица бойынша жасалған пернетақта мен латын әліпбиіне ыңғайланған пернетақта нұсқаларын көрсетті. Бұл ретте латын әліпбиі пернетақтасының артықшылығына, яғни аз белгілерді қолдана отырып, тиімді жұмыс істеуге болатынына тоқталды.

Мәлік Азамат өз жұмысын Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» - деген сөздерімен бастады. «Кешегі күн бүгін тарих» демекші, «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласының тарихи маңыздылығы айрықша аталып өтті.

Одан әрі Азамат баяндамада аталған басты бағыттарды, мысалы прагматизмді талдай отырып, ұлы Абайдың:

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз» - деген өлең жолдарымен пысықтады. 

Ахметкәрімова Құндыз өз сөзін Мұқағали Мақатаевтың:

«Ал екінші бақытым – тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім» - деген өлең жолдарымен бастады. Ол да өзге әріптестерінің ізімен «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласының негізгі алты міндетін атап өтті. Одан әрі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауынан «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деген сөздерін келтірді. Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына қатысты өз пікірімен бөлісті. Құндыз баяндамасын ірі қоғам қайраткерлері, жазушылар Б.Момышұлы мен М.Әуезовтың қазақ тіліне қатысты айтылған сөздерімен жалғастырды.   

Ахметкәрімова Қ. баяндамасын өзі құрастырған өлең жоддарымен аяқтады:

«Бесігімде әлпештеген ана тілім,

Ғасырлардан бізге жеткен дана тілім.

Асыл мұрам дәуірлерден сақталған,

Ата-анаммен жастайымнан жатталған.

Қадірлейік қазынаны, достарым.

Осы - менің айтар ойым, қоспағым.

Тілімменен мақтанамын, қазақпын.

Шүкір дейміз біз бүгінде азатпыз.

Қазақша сөйле, қазақ баласы.

Мына әлемде өзіміз де аз-ақпыз.».

Қазылар алқасы жұмыстарды талдау барысында мәтінінің сауатты жазылуы, мазмұны және ауызша баяндалуы, безендірілуі сияқты өлшемшарттарды басшылыққа алып, 1-ден 5-ке дейінгі шәкілмен бағалады.  

Қазылардың шешімі бойынша 1-орынды Сарманов Сержан Ерқалиұлы, 2-орынды Құрманбаева Мөлдір Құдайбергенқызы иеленді, 3-орынды Мәлік Азамат Сапарғалиұлы мен Ахметкәрімова Құндыз Маратбекқызы бөлісті.

Алдағы уақытта мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қызметкерлердің мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауға ынтасын арттыру мақсатында осы іспетті іс-шаралар жалғаса беретін болады.