• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

«Поэзия – әсемдікті мүсіндеу...»

Ішкі әкімшілендіру департаментінің ұйымдастыруымен «Поэзия – әсемдікті мүсіндеу» атты конкурс есте қаларлықтай қызықты да әсерлі өтті.

Бұл Министрліктің Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізіліп отырған іс-шара, оған құрылымдық бөлімшелер мен бағынысты ұйымдардың қызметкерлері қатысты.

Қатысушылар сахна төрінде қазақ және орыс тілдерінде классиктер мен қазіргі заманғы авторлардың, сондай-ақ өз шығармаларын оқыды.

Тақырыбы – еркін, қойылатын талабы да аса қиын емес алғаш өткізіліп отырған бұл конкурсқа ең талантты, шығармашыл, белсенді деген қызметкерлер қатысты. Орындаушы шығарма авторының ойын жеткізіп қана қоймай, мәнерлеп, түсініп оқу қабілетін, сахна шеберлігін де көрсетуге тиіс.  

Көрермендер де белсенділік танытып, әр қатысушыны бағалап, қолдау көрсетті. 

Шын мәнінде талантыңды ашатын шығарма таңдау өте маңызды. Э. Смағұлова қазіргі заманғы өзекті болып отырған мәселе төңірегінде жазылған шығарманы («Жетім қыздың монологы») ерекше сахналық шеберлікпеп орындап, көрермендердің ықыласына бөленді. Терең ой салған шығарма желісін, кейіпкердің ішкі әлемін, эмоциясын театр орындаушысынан кем орындамаған Эльмираның орындаушылық шеберлігіне риза болған көрермендер оны көпке дейін жібермей, қол соғып ризашылықтарын білдірді.

Д. Амангелдиева Отанға, жерге деген махаббатпен жазылған өз шығармашылығынан өлең оқыды («Тәуелсіздік», қобызда сүйемелдеген Р.М. Рахметова). Ерекше көңіл-күймен, жарқын, шеберлікпен орындап, барша көрермендерге рухани қуат сыйлады.

А. Қақатаева шығармасын («Ана жер ана») өте жоғары шеберлікпен, мәнерлеп оқып, конкурсқа ерекше реңк, серпіліс беріп, көрермендердің ықыласына бөленді.

Туған жерге, елге деген махаббатпен жазылған ұлағатты, ғибратты өлең жолдарын А. Амангельдыева («Мен қазақпын») ерекше шабытпен оқып,  көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Киелі поэзия әлеміне, автордың ой төркініне бойлай білген Ақнұрдың орындаушылық шеберлігіне тәнті болдық.

 

Е. Байболат өзі шығарған өлең жолдары («Ана туралы»)  арқылы дүниедегі ең асыл адам – анаға деген махаббатын жеткізуге тырысты. Автордың ерекше талантын, ақыл парасатын, ішкі жан дүниесінің қаншалықты бай екенін байқадық. Ерлан Мемлекеттік тілді дамыту және редакциялау басқармасы өткізетін іс-шараларға үзбей ат салысып келеді.  

Өзіндік сыр, бояуы бар, жырларымен оқырман қауымын елең еткізген  авторлардың бірі – Б. Ақылов өз өлеңін («С надеждой») нақышына келтіре, тек ақындарға ғана тән сырлы сипатта, өте әсерлі оқыды. Нәзік те сиқырлы ақын жүрегінен шыққан жыр жолдары көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Погиб поэт! - невольник чести —

Пал, оклеветанный молвой,

С свинцом в груди и жаждой мести,

Поникнув гордой головой!... осылайша басталатын Ю. Лермонтовтың атақты поэмасын  З. Сандыбаева («Смерть поэта») нақышына келтіре оқыды. Өлең оқи білу, әр адамға оны жеткізе білу – ерекше өнер екенін ескерсек, Зәуреш өзі таңдаған шығармадағы ойды сауатты, эмоционалды реңкпен жеткізе біліп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

А. Мыңбаева таңдаған шығармасын («Ғашықпын») шеберлікпен, нәзік орындап, автордың айтайын деген ойын, сиқырлы сезім иірімдерін өте әсерлі бере білді.  

Д. Мамбаева С. Әбеновтың шығармасын («Сен бақытты боласың») нақышына келтіре, әдемі оқыды. Бұл қазіргі жастар сүйіп оқитын, бірден-бір танымал автор. Эмоцияны, сезімді, автордың айтайын деген ойын білдіру үшін де өлеңді оқып отырған адамның ішкі жан дүниесі бай, нағыз шығармашылық адамы болуға тиіс десек, Дана өз бойында да осы қасиеттің барлығының бар екенін көрсетті.

Қатысушылардың сахна шеберлігін қазылар алқасы ережеге сәйкес бағалады. Жеңімпаздар балл жүйесі арқылы айқындалды.  

Конкурстың нәтижесінде ӘСМОДД Денсаулық  сақтау, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғауды дамыту басқармасының бас сарапшысы Э. Смағұлова «Үздік орындаушы» деп танылып, балл саны тең түскен «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Ішкі және электронды сауда секторының ассистенті Д. Амангелдиеваны, Ішкі аудит  департаменті Сәйкестік аудиті басқармасының сарапшысы А. Амангельдыеваны, Статистика комитеті Қаржы және құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының сарапшысы А. Қақатаеваны Министрдің Алғыс хаттарымен марапаттау ұсынылды.

Көрермендердің пікірінше, конкурс жоғары деңгейде өтті.  Ұйымдастырушылар да, қатысушылар талантты деген қызметкерлердің шығармашылық әлеуетін дамыту үшін осындай конкурстың қажет екенін айтты. Барлық қатысушыларды осы әдімі поэзия кешіне ат салысып, жарқын көңіл-күй  сыйлап, алғырлық, батылдық білдіргендері үшін зор алғысымызды білдіреміз!

Конкурс бұдан да үлкен ауқымда, министрлігіміздің ең талантты, шығармашылыққа толы қызметкерлерінің қатысуымен жыл сайын өткізілетін болады деген үміттеміз.