• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Ұлттық экономика министрі Р.Е. Дәленовтің 2019 жылғы 9 сәуірдегі ҚР Үкіметі отырысынғы баяндамасы

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі-Бағдарлама/ «БЖК-2020») іске асырылу барысы, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жағдайы туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.

 «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты:

- өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету;

- бар жұмыс орындарын қолдау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру болып табылады.

Бағдарлама іске асырылған 4 жылда республикалық бюджеттен 210 млрд.теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражат:

- 13 мың ШОБ субъектілерін қаржыландыруға;

- орта есеппен жылына 20 мың кәсіпкерді оқытуға,

10 мың жұмыс орнын құруға, 3,3 трлн.теңгеге өнім шығаруға мүмкіндік берді. 

Ал, төленген салық сомасы жыл сайын 175 млрд.теңгені құрайды.

Бөлінген қаражаттың көп бөлігі кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталды.

53 млрд. теңге немесе бөлінген қаражаттың 25%-і

фабрикалар, зауыттар мен шағын және орта бизнестің өндірістік объектілеріне жетіспейтін инфрақұрылым жүргізуге бағытталды.

Қаражаттың қалған бөлігі кредиттерді кепілдендіруге, гранттар беруге, оқытуға және кәсіпкерлерге консультациялық қызмет көрсетуге бағытталды.

Осы жылдар бойы бөлінген қаражаттың 100% игерілуі қамтамасыз етілді. Бағдарлама құралдарына сұраныс өте жоғары.

Бұл ретте 2019 жылы қаржыландыруға бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 57%-ке артық қаражат көзделген.

Қаржылық қолдау көрсету

Бағдарлама іске асырылған 4 жылда

246,5 млрд. теңге сомасына 13 231 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

2019 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша 715 жобаға қолдау көрсетілді, олар бойынша 11,5 млрд. теңге сомасына субсидиялар мен кепілдіктер төленді.

Бағдарламаның іске асырылуының 4 жылында 135 млрд. теңге сомасына 7 466 жоба субсидияланды, 56 млрд. теңге сомасына 4 148 жобаға кепілдік берілді.

Республика бойынша субсидияланған жобалардың жылдық орташа саны 466 жобаны құраған кезде, аталған көрсеткіштің  төменгі мәні Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар  облыстарында екенін атап өту қажет.

Республика бөлінісінде бір жылда кепілдік берілген жобалардың орташа саны 259 жобаны құраған кезде, кепілдік берілген жобалардың ең төмен саны Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында байқалды.

Қаржылай емес қолдау

Кәсіпкерлік қызметті қаржылай емес қолдау маңызды фактор болып табылады.

Бұл – кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алу және шағын, орта бизнестің құзыреттілігін арттыру мүмкіндігі.

Бұл – бизнес-жоспарды қалай әзірлеу, салықты қалай төлеу және декларацияны қалай тапсыру, банктерге өтінімді қалай беру, лицензияны қалай алу және т.б. туралы консультациялар.

Осының бәрі бизнеске түсіндіріледі.

Осылайша, жыл сайын 20 мыңға жуық кәсіпкер білім алады және құзыреттілігін арттырады, сонымен қоса жыл сайын орта есеппен 154 мың кәсіпкер консультациялық және сервистік қызмет алады.  

Ортақ шаралардың нәтижесінде экономикада шағын және орта бизнестің маңызы артты.

2015 жылы шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 24,9%-ды құраса, 2018 жылғы 9 айдың деректері              бойынша - 28,9%.  Осылайша, 2015 жылмен салыстырғанда шағын және орта кәсіпкерлердің ел экономикасына қатысуы

4 пайыздық тармаққа өскен.

2017 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің өнім шығару көлемі 23 трлн. теңгені құрады.

Бұл ретте, өнім шығару құрылымының бестен бір бөлігі өнеркәсіптің үлесіне тиесілі.

2018 жылғы  9 айдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі әртүрлі өзгерген.

Шағын және орта бизнестің көп үлесі Нұр-Сұлтан, Алматы  қалаларына және Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Ең төмен бөлігі – Қызылорда, Павлодар және Қарағанды облыстарында.

Бұл ретте, соңғы 4 жылда бірқатар өңірлерде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесінің төмендеуі байқалады.

Олар Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары.

Сонымен бірге, 2017 жылы ел бойынша өнімнің заттай көріністегі шығарылымының өсімі 2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда 128% немесе 23,2 трлн теңгені құрады.

Өңірлер бөлінісінде ең үлкен өсім Атырау облысында, Алматы қаласында және Қостанай облысында қамтасамыз етілген.

Ең төмен өсім – Ақтөбе, Павлодар және Маңғыстау облыстарында байқалған

2019 жылғы 1 қаңтарда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,2 млн. бірлікке жетті. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8,3%-ке өсті.

Өткен жылға жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің санының ең үлкен өсімі Нұр-Сұлтан қаласында, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

Ең төмен өсім – Солтүстік Қазақстан, Алматы және Ақмола облыстарында

Жобалық басқару шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілерінің барынша сапалы пулын қалыптастыру үшін жылдық айналымы 2 млн. теңгеден асатын шағын және орта бизнес санын ұлғайту бойынша индикатор орнатылған.

2018 жылғы 1 қаңтарға жалпы осындай кәсіпорындар саны 337 мың субъектіден асты, бұл жоспарлы көрсеткіштен 2,6%-ке жоғары.

Сонымен қатар, 7 өңірде жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілмеген.

Жүргізіліп отырған жұмыс нәтижесін қорыта келе жалпы бизнес дамуының оң серпіні байқалады.

Әкімдіктердің әліде атқаратын жұмыстары бар. Мысалы, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында соңғы жылдары экономикадағы шағын және орта бизнес үлесінің төмендегені байқалады. Ал, көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларының саны республикалық орташа мәннен төмен.

Әкімдіктер осы бағытта жұмысты күшейтуге тиіс.

Одан әрі. Биылғы жылы Елбасының тапсырмасымен «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша қолжетімді кредиттеу міндетін шешу үшін 600 млрд. теңге бөлінді.

65 экономкалық қызмет түрінен 365 тауарлық позиция айқындалды. Бұл кредиттер «Бизнестің жол картасы-2020» арқылы субсидияланады. 

Мақұлданған 6 жоба бойынша Даму қоры 4,4 млрд. теңгеге субсидияландыру шарттарын жасады.

Қазіргі кезге 283 млрд. теңге кредит сомасына 282 өтінім дайындалу сатысында.

Екінші деңгейдегі банктер қарауында 17 млрд. теңгеге 52 өтінім.

Сонымен бірге бизнесті қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру үшін бірқатар шаралар пысықталуда:

Бірінші (1). «Қарапайым заттар экономикасы» кредиттеуінің инвестициялар мен аййналым қаражаты арасындағы арақатынасын қайта қарау;

Екінші (2). «Бизнестің жол картасы-2020» арқылы «Қарапайым заттар экономикасын» кепілдендіру құралын енгізу;

Үшінші (3). «Бизнестің жол картасы-2020» қаржыландыруын арттыру.

Жыл сайын «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша субсидиялау және кепілдендіруге өтінімдер артып келуде. Осыған дейін қабылданған міндеттемелерді ескере отырып, «Бизнестің жол картасы-2020» мақұлданған жобаларына субсидиялау және кепілдендіруге қосымша 12,7 млрд. теңге қажет.

Әкімдіктер өңірлердің экономикасын дамытуға мүдделі болуы тиіс. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қолдау шараларын бірлесіп қаржыландыруы қажет.

Мысалы, бүгінде Шымкент қаласының әкімдігі субсидиялауға 600 млн.теңге және кепілдендіруге 250 млн. теңге бөлді. Атырау облысы әкімдігі субсидиялауға 600 млн.теңге бөлді.

Қалғандары олардың мысалы болуы керек. Бұл қосымша резервтер.

Қорытындылай келе, кәсіпкерлік мемлекеттің тұрақты экономикалық өсуі мен халықтың әл-ауқатының маңызды буыны болып табылады.

Шағын және орта бизнестің дамуын одан әрі ынталандыру үшін Министрлік тиісті жұмыстар жүргізуде.

Бизнес ортаны дамыту бойынша заңнамалық түзетулердің:

- кәсіпкерлік қызметті дамыту және сауда саласына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған 7-пакеті қабылданды;

- «БЖК – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту шеңберінде қаржылық қолдау құралдарын жетілдіруге бағытталған түзетулер дайындалды.

Бұл шаралар бизнесті мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру шараларының қол жетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ оның ел экономикасына үлесін арттыруға мүмкіндік береді.