• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Ұлттық экономика министрі Т.М. Сүлейменовтің 2018 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатінің пленарлық отырысына арналған «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы» баяндамасы, 20.12.18

«Табиғи монополиялар туралы» Заң жобасы енгізіліп отыр.

Заң жобасы мына негізгі міндеттерді шешуге бағытталған:

Бірінші. Табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы жүйелендіру.

Екінші. Табиғи монополиялар субъектілері көрсететін реттеліп көрсетілетін қызметтердің тиімділігін, сапасы мен сенімділігін арттыру мақсатында олардың қызметінің реттеудің жаңа ынталандыру әдісін енгізу.

Үшінші. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметінің ашықтығын арттыру және тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейту.

Осы міндеттердің әрқайсысына кеңінен тоқталуға рұқсат етіңіздер.

Бірінші міндет.

«Табиғи монополиялар туралы» Заңның  қолданыстағы редакциясы 1998 жылы қабылданған болатын.

Жиырма жылдың ішінде Заңға 15 заңмен 200 астам түзетулер енгізілді.

Осыған байланысты Заң жүйелілігін жоғалтты және сілтемелер саны өте көп, сондай-ақ қабылдауға ауыр.

Бұдан басқа, бүгінгі күні табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу, тарифтерді қалыптастыру және бекіту рәсімдері 79 заңға тәуелді актіде бекітілген.

Заң жобасында сілтеу нормаларын азайту және барлық заңға тәуелді актілерді екі базалық құжатқа біріктіру көзделеді, олар:

  • табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу тәртібі;
  • олардың реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру тәртібі.

Екінші міндетке қатысты.

Мемлекет басшысы Парламенттің алтыншы шақырылымындағы үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде инвесторлар мен халықаралық қаржы институттарын тарту үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тариф белгілеу саласындағы заңнаманы жетілдіру қажеттілігіне баса назар аударды.

Мемлекет басшысы 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, су және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту және заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туралы атап өтті.

Министрлік субъектілерді қолданылу мерзімі 5 және одан астам жылдарға арналған шекті тарифтер бойынша қызметтер көрсетуге ауыстыру шеңберінде 2015 жылдан бастап табиғи монополиялар саласына, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмысты жүргізіп келеді.

Бұл табиғи монополиялар саласына 2021 жылға дейін 2,2 трлн. теңге көлемінде инвестициялар, оның ішінде шамамен 1,3 трлн.теңгені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына тартуға мүмкіндік берді.

Соңғы 3 жылда 1,02 трлн.теңге сомаға инвестициялар, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына – 684 млрд. теңге тартылды, олардың 98 % толығымен бюджеттен тыс көздер есебінен қаржыландырылды.

Одан басқа, жаңа тарифтік саясат шеңберінде халықаралық қаржы ұйымдарының инвестициялары белсенді түрде тартылуда.

Соңғы 2 жылда 19,6 млрд.теңге кредит қаражаты тартылды.

Бұл инфрақұрылымның тозу өсімін тоқтатып қана қоймай, теріс трендті өзгертуге мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында табиғи монополиялар туралы заңнамаға табиғи монополиялар субъектілерін өздері көрсететін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға ынталандыруды көздейтін өзгерістер енгізуді тапсырды.

Жалпы, субъектілерді және тариф белгілеуді реттеу әдістерін жетілдіру жөніндегі жұмысты Министрлік тұрақты негізде, оның ішінде халықаралық сарапшыларды тартумен жүргізуде.

Осылайша, 2014 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі және Еуропа Қайта құру мен даму банкі (ЕҚҚДБ) арасында ынтымақтастық туралы келісім жасасты.

2016-2017 жылдарда өткізілген ЕҚҚДБ зерттеулерінің нәтижелері, негізінде «Табиғи монополиялар туралы» Заң жобасы бойынша мыналарды көздейтін тариф белгілеудің жаңа ынталандыру әдісін енгізу жоспарланып отыр:

  1. Инвестицияларды тарту.
  2. Субъектілерді операциялық шығындарды төмендетуге ынталандыру.
  3. Субъектілер қызметінің тиімділігін, олар көрсететін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыру.

Табиғи монополиялар субъектілері үшін реттеліп көрсетілетін қызметтердің тиісті тиімділік, сапа және сенімділік көрсеткіштері белгіленетін болады.

Мәселен,

Электр энергетикасы саласында:

  • қызметтерге қосылудан немесе техникалық шарттарды ұсынудан бас тартуға арналған шағымдар саны;
  • ұзақ мерзімді жоспарлы және жоспардан тыс сөндірулердің орташа саны және ұзақтығы.

Жылумен жабдықтау саласында:

  • жылу энергиясы және жылу желілері өндірісі көздеріндегі технологиялық бұзушылықтардың жылдық саны;
  • жылу беру маусымындағы жылумен жабдықтауды сөндіруді тұтынушылардың (күндердің) саны.

Сумен жабдықтау саласында:

  • 4 сағаттан астам су берудегі үзілістер саны;
  • су құбыры желісіне берілген жалпы су көлемінде тасымалдау кезінде сумен жабдықтау жүйесіндегі су ысыраптарының үлесі.

Осы көрсеткіштерге қол жеткізбеу тариф деңгейіне оны төмендету арқылы әсер ететін болады.

Сондай-ақ, тарифті қалыптастыру кезінде субъектінің шығындарын жыл сайын төмендетуге бағытталған тиімділік көрсеткіші қолданылатын болады. Яғни, бекітілген тарифте шығындарды жыл сайын төмендету индексі директивті түрде берілетін болады.

Осылайша, субъект өз шығындарын индекс шеңберінде тарылтуға мәжбүр болады.

Берілген индекстен асу субъектіні шығындарға алып келеді, және керісінше шығындарды оңтайландыру субъектіге ақшалай қаражаттың үнемделген бөлігіне дербес иелік етуге мүмкіндік береді.

Тариф белгілеудің жаңа ынталандырушы әдісін қолдану субъектілердің экономикалық және технологиялық дайындығы кезінде мүмкін болады.

Үшінші міндет.

Табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру және тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды орындалуын бақылауды күшейту мақсатында Заң жобасымен мыналар көзделеді.

 Бірінші.

2 жаңа институтты енгізу.

Тарифтік саясат жөніндегі кеңес.

Бұл табиғи монополиялар салаларында реттеудің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу бойынша ұсыныстарды талқылау және әзірлеу жөніндегі консультативтік кеңес органы.

Бұл кеңес:

  • монополисттердің инвестициялық бағдарламалар жобаларын қарастырады;
  • табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметаларды, инвестициялық бағдарламаларды орындау туралы есептерің тыңдайды;
  • Кенестің құрамына Парламент депутаттары, «Атамекен» палатасының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, тәуелсіз сарапшылар және басқалар кіретін болады.

Екінші институт.

Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері.

Бұл монополисттердің қызметтерін тұтынушылардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құрылатын коммерциялық емес ұйым.

Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері:

  • тарифтік сметалардың және инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептерді қарауға қатысады;
  • қызмет тиімділігінің көрсеткіштеріне қол жеткізу және табиғи монополиялар субъектілері қызметтерінің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін сақтауы туралы есептерді қарау;
  • уәкілетті, мемлекеттік органдармен, табиғи монополия субъектілерімен, соттармен және басқа тұлғалармен қарым-қатынаста  тұтынушылардың мүдделерін білдіру;
  • табиғи монополия субъектілерінің қызметтерін тұтынушылардың атынан тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы сотқа арыз-талаптар беру.

Осы институттардың жұмысы тұтынушылардың қаражаттарын пайдалану және ұсынылатын қызметтердің сапасы мәселелеріндегі монополисттердің қызметіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Екінші

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап монополистердің тарифтерді бекітуге арналған өтінімдерін қарау және барлық тұтынушылар үшін материалдар мен тарифтердің есептеріне толық қол жетімділікті қамтамасыз етудің электрондық форматына ауысу жүзеге асырылады.

Министрлікте Е-монополист тиісті ақпараттық жүйесі ағымдағы жылдың  1 шілдесінен бастап енгізілді.

Осы база арқылы тұтынушылардың енгізген ұсыныстары кейіннен оларды жария тыңдауларда талқылаумен жүйелендірілетін болады.

Үшінші

Табиғи монополиялар саласындағы проблемалардың бірі – реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жетімділік.

Тұтынушылардың монополисттердің қызметтеріне қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында келесі шаралар ұсынылады:

  • субъектінің интернет-ресурсында немесе уәкілетті органның интернет-ресурсында тоқсан сайын бос және  қол жетімді  қуаттылықтардың болуы туралы жаңартылған ақпаратты орналастыру;
  • техникалық шарттарды беру сатыларын және қызметтерге қосылу мен бас тарту негіздемелерін егжей-тегжейлі айқындау;
  • халыққа қызмет көрсету орталықтары, «электрондық үкімет» веб порталы немесе табиғи монополиялар субъектісінің кеңсесі арқылы техникалық шарттарды беру қызметтерін көрсету
  • техникалық шарттарды беруден бас тартуды уәкілетті органға бас тартудың негізділігін растау үшін жіберу.

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында монополисттердің тариф белгілеу және тұтынушылардың қаражатын пайдалану, инвестициялық міндеттемелердің мониторингі мен бақылау ашықтығын арттыруды тапсырды.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы 2018 жылғы 7 қарашадағы Қауіпсіздік кеңесінде «Табиғи монополиялар туралы» Заң жобасын монополисттердің тариф белгілеу және инвестициялық міндеттемелерді орындау ашықтығын күшейту бөлігінде пысықтауды тапсырды.

Осыған байланысты, «Табиғи монополиялар туралы» Заң жобасына мыналарды көздейтін нормалар енгізілді:

1. Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң инвестициялық бағдарламаларды орындауына, қызметтің тиімділік көрсеткіштеріне, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге техникалық сараптама жүргізу.

2. Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң инвестициялық бағдарламаларды орындаудың қоғамдық мониторинг институтын енгізу.

3. Тарифтік саясат жөніндегі кеңестің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру шарттарын қоғамдық бірлестіктерді қаржыландыру үшін келісуі.

4. Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң тұтынушылардың алдында тарифтік сметаларды және инвестициялық бағдарламалардың іс-шараларын орындауы туралы жыл сайынғы жария есептерді өткізуді жарты жылдық сайын өткізуге өту.

5. Субъектілердің өз интернет-ресурсында инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысы туралы (объектілердің орналасқан жері, орындалу сатылары фото, бейне материалдарымен қоса) ақпаратты орналастыру.

6. Есепке алу құралдары жоқ тұтынушылар үшін әкімдіктердің коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын бекітуі кезінде жария тыңдаулар өткізу.

Осылайша, «Табиғи монополиялар туралы» жаңа Заң жобасын қабылдау мыналарды қамтамасыз етеді:

  1. Табиғи монополиялар саласына инвестициялар ағымын көбейту;
  2. Реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын және сенімділігін сақтау;
  3. Табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру;
  4. Тарифті қалыптастыру процесінің ашықтығын арттыру;
  5. Бекітілген тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейту.