• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Ұлттық экономика министрінің Еуразиялық экономикалық одақта Қазақстан Республикасының сауда саясатын іске асыру мәселелері бойынша Үкімет сағатына арналған баяндамасы, 08.02.19

Президенттің Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы аясында: «Ішкі нарықты қорғау шаралары мен ЕАЭО-ға мүше елдердің сыртқы сауда саясатының ерекшеліктері» Ұлттық экономика министрінің Еуразиялық экономикалық одақта Қазақстан Республикасының сауда саясатын іске асыру мәселелері бойынша Үкімет сағатына арналған баяндамасы

Қазақстан бес жыл бойы Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылады.

Тауарлардың еркін қозғалысы туралы негізгі уағдаластықтарды жүзеге асыру Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің өзара саудасының оң нәтижелерін көрсетуде.

Осылайша, 2018 жылдың 11 айының қорытындылары бойынша Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы  6,2%-ға ұлғайып, 17,1 млрд. АҚШ долл. құрады, оның ішінде  экспорт 10% - ға ұлғайып, 5,3 млрд. АҚШ долларын, импорт 4,6% ұлғайып, 11,8-ға млрд. АҚШ долларын құрады.

Анықтама: 2017 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 28,9%-ға ұлғайып, 17,8 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт –33,9%-ға ұлғайды (3,9 млрд. АҚШ долл.), импорт –26,9%-ға  ұлғайды (9,9 млрд. АҚШ долл).

ЕАЭО елдерінен инвестициялар ағыны өсуде. 2018 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінен  инвестициялар 31%-ға ұлғайды (941,5 млн. АҚШ долларынан 1,2 млрд. АҚШ долларына дейін).

Анықтама: Ресейден инвестициялар ағыны 2018 жылдың 3 тоқсанында 2017 жылдың 3 тоқсанымен салыстырғанда 34,4%-ға ұлғайды (876,9 млн. АҚШ долларынан 1178,7 млн. АҚШ долларына дейін), Беларусиядан 11%-ға қысқарды (63,7 млн. АҚШ долларынан 50,8 млн. АҚШ долларына дейін), Қырғызстаннан 4 есеге ұлғайды (0,9 млн. АҚШ долларынан 3,6 млн. АҚШ долларына дейін), Армениядан 5,2 есеге ұлғайды  (27 мың АҚШ долларынан 142 мың АҚШ долл. дейін).

Бұдан басқа, бірлескен кәсіпорындар саны да өсуде. Осылайша, ЕАЭО елдерімен бірлескен кәсіпорындар саны 69,8%-ға ұлғайды, 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 6272-ден 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 10654-ке дейін ұлғайды.

Анықтама: Ресеймен кәсіпорындар саны 63%-ға, 5649-дан 9028-ге дейін  ұлғайды; Қырғызстанмен 2,5 есеге, 364-тен 921-ге дейін, Беларусьпен  2 есеге, 158-ден 313-ке дейін, Армениямен 2,1 есе,  101-ден 212-ге дейін ұлғайды.

Қазақстанның Еуразиялық одаққа мүше болуы отандық салалардың инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады, олар өз кезегінде Қазақстанда өндірістер аша отырып, өз өнімдерін ЕАЭО елдерінің барлық нарықтарында сату мүмкіндігіне ие болады.

Анықтама: Мүше елдер экономикаларының жиынтық көлемі 1,8 трлн. АҚШ доллары шамасында, ал халық саны 183,4 млн. адамды құрайды.

ЕАЭО жұмысын бастаған кезінен (2015 жыл), мүше-мемлекеттер «Doing business-2019» әлемдік рейтингте өз позицияларын айтарлықтай жақсартты. Осылайша, Қазақстан 28 орынға (+49 позиция), Ресей 31-орынға (+31 позиция), Беларусь 37-орынға (+20 позиция), Армения 41-орынға (+4 позиция), Қырғызстан 70-орынға (+32 позиция) ие болды.

***

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта елдердің өзара іс-қимылдарының базалық негіздері қарастырылған. Жалпы, олар одаққа мүше барлық  елдердің интеграциялық әлеуетін іске асыруды қарастырады.

Шартты іске асыру үшін экономиканың әр түрлі салаларында: өнеркәсіпте, көлікте, кедендік әкімшілендіруде, экономиканы цифрландыруда және басқа салаларда ынтымақтастық жасасудың негізгі факторлары мен шарттарын айқындайтын негізгі бағдарламалық құжаттар  қабылданды.

Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексі күшіне енді, оған кеден процедураларын жеңілдету ережелері кіреді. Сонымен қатар кедендік тазарту кезеңінен тауар шығарылғаннан кейінгі кезеңге ауыстыру қағидасы негізіңде тауарларды электронды декларациялау енгізілген.

Мүше елдер арасындағы техникалық кедергілерді (талаптардың айырмашылығын) жою мақсатында техникалық регламенттерді қабылдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, бүгінде 47 техникалық регламент қабылданды. Мұның бәрі бірыңғай талаптарға сәйкес келетін тауарлардың ортақ нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді және, тиісінше, тауарлардың кедергісіз қозғалысы үшін жағдай жасайды.

ЕАЭО-ның газ, мұнай және мұнай өнімдері үшін жалпы нарықты қалыптастыру бойынша бағдарламалар қабылданды.

ЕАЭО-ның газдың ортақ нарығын қалыптастыру бағдарламасы бәсекелестікті дамытуға, газ тарату жүйелеріне кемсітушіліксіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге және нарықтық баға белгілеуге көшуге бағытталған.

Бірыңғай биржалық кеңістікті қалыптастыруға, биржалық және биржадан тыс бағалардың индикаторларының ашықтығын қамтамасыз етуге, мүше мемлекеттер субъектілерінің, мұнай мен мұнай өнімдері биржалық саудасына кемсітушіліксіз қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ, бірыңғай биржалық кеңістікте жасалған мәмілелерді орындау механизмін белгілеуге бағытталған мұнай мен мұнай өнімдерінің жалпы нарығын қалыптастыру бағдарламасы қабылданған.

Бұдан басқа, 2018 жылы тері мен темекі өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске қосылды, бұл бизнес жүргізу үшін тең жағдай жасауға: әділетсіз бәсекелестік оқиғаларын болдырмауға және тауарлардың дұрыстығын растауға мүмкіндік береді.

Барынша терең интеграция бірыңғай реттеуді жүзеге асыруды келіскен салаларда ғана қарастырылған. Бұл техникалық реттеу, санитарлық, фитосанитарлық, ветеринарлық шаралар, сыртқы сауда саясаты салаларын қамтиды.

Осының бәрі, айналымдағы өнімге қойылатын талаптарға қатысты бірыңғай қолжетімді шарттарды орнатып, кедергісіз бірыңғай нарық құрып және бизнес үшін сапалы, тиімді ауыртпалықсыз реттеу тәжірибесіне ұмтылыс жасау мақсатында жасалған.

Осындай тәсіл жалпы нарықта қойылатын барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес бола отырып өнімнің еркін айналымын қамтамасыз етеді.

ЕАЭО шеңберінде тауарлардың еркін айналым мәселесін шеше отырып, ішкі нарықтағы кедергілерді жою бойынша тараптармен белсенді жұмыс жүргізілуде.

70 кедергіден тұратын тізім келісілді. Оның ішінде 45-і ЕАЭО-да 2 мүше мемлекеттен аса қолданылады, 9 - РФ, 5 - ҚР, 6 - БР, 3 – ҚР (Қырғыз), 2 - АР аумағында.

Сонымен бірге, кедергілерді жою мақсатында 2018-2019 жылдарға арналған ЕАЭО ішкі нарығындағы алып тастаулар мен шектеулерді жою жөніндегі Жол картасы бекітілді. Жол картасының іс-шараларын орындау кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырады және тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын іске асыруды қамтамасыз етеді. Жол картасына енгізілген іс-шараларды іске асыру - біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Мысалы, биылғы жылы Жол картасының іс-шараларын жүзеге асыру шеңберінде тасымалданатын бақылау пункттерінің тізімі жойылды, ол арқылы халықаралық көліктік тасымал кітапшалары (ХКТ) қолдануымен жүктер тасылады, агроөнеркәсіптік кешен салаларында шешімдер қабылдау және техникалық реттеу үрдісі жеделдетілді, сонымен бірге қалған кедергілерді жою үшін тәсілдер мен амалдар іс-шарасы әзірленді.

Анықтама: 2018 – 2019 жылдарға арналған «Жол картасына» Одаққа мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша 17 кедергі: 2 алып тастау және 15 шектеу енгізілді. Енгізілген 17 кедергінің 12-і  Жол картасына келісілген тізбеден қосылды,  5 кедергіні  Одаққа мүше мемлекеттер Одақтың ішкі нарығында  тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін жылжуын барынша тежейтіндер ретінде  ұсынды. 

Бұл кедергілер еңбек көші-қоны, салықтық салымдар, кедендік және техникалық реттеудің агроөнеркәсіп кешені салаларына жатады.

Бұдан басқа, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары да  белсенді пысықталуда. Оның бірі - ЕАЭО-ның Цифрлы  күн тәртібі. Біз цифрлы күн тәртібі  сапалы және тұрақты экономикалық өсуге, инновацияларды дамыту үшін қолайлы орта жасауға, жаңа индустриялар мен нарықтар қалыптастыруға, сондай-ақ мүше мемлекеттер экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға  ықпал ету тиіс  деген ұстанымды ұстанамыз.

Осының бәрі ЕАЭО туралы базалық шартпен бірге  ЕАЭО-ның негізгі мақсатына қол жеткізуге – төрт еркіндікті (тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің жылжу еркіндігі) қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

***

Ірі әлемдік экономикалардың қарсыласуы кезінде, ішкі нарыққа тауарлар импортынан пайда болатын қатерлерге төтеп беру аса маңызды болып табылады.

Сыртқы сауда саясатының құрамдас бөлігі болып табылатын импортқа қатысты сауда шараларын қолдану құзыреті Еуразиялық экономикалық комиссияның Алқасына берілгендігін атап өту керек.

Сауда шаралары, атап айтқанда, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелерімен қатаң реттелетін тиісті тергеп-тексеру жұмыстарын өткізгеннен кейін қолданылады. Аталған шаралар Одақ елдерінің өндірушілерін демпингтен, субсидияланған немесе өскен импорт секілді отандық өндірушілерге зиян келтіруі мүмкін импорттаушылардың әділетсіз сауда әдістерінен қорғауға бағытталған.

Бүгінгі күні ЕАЭО аясында біз Қытай, Украина, Малайзия және Үндістан өндірушілеріне қарсы демпингке қарсы 16 шараны қолданамыз. Аталған шараларды қолдану Қазақстанға болат құбырларының жекелеген түрлерінің экспортын 60% -ға, подшипниктер өндірісін 11% -ға арттыруға мүмкіндік берді, Аталған шаралар ЕАЭО елдерінің отандық тауар өндірушілерін бірлесіп қорғауда оң нәтижесін көрсеткен жалғыз жетістіктері емес.

Анықтама: демпингке қарсы шаралар төмендегі өнімдерге қолданылады - роликті мойынтіректер, болат құбырлардың кейбір түрлері, полимерлі металлопрокат, графитизацияланған электродтар, суық деформацияланған тот баспайтын болат құбырлары, шойын ванналары, илектеу станоктары үшін болат құйылған орамдар, лимон қышқылы, тот баспайтын болаттан жасалған асхана аспаптары, мұнай мен газ ұңғымаларын бұрғылау үшін пайдаланылатын жіксіз болат құбырлары, бульдозерлер, жүк шиналары, болат дөңгелектер, 426 мм-ге дейінгі диаметрі бар тот баспайтын болаттан жасалынған жіксіз құбырлар, шыбықтар, ферриликонды марганец, болат бұрыштары.

Сонымен қатар, Қытай, Украинадан, АҚШ-тан және Жапониядан құйма дөңгелек дискілер, тот баспайтын болат құбырлар, мырышталған болат және оптикалық талшықтарға қатысты белсенді фазада төрт демпингке қарсы тергеу жүргізілуде.

АҚШ-тың өткен жылы болат пен алюминий импортына қосымша баж салығының енгізілуі осы тауарлардың ірі өндірушілеріне жауапты шараларды қолдануға мәжбүрледі. Мысалы, ЕО, ҚХР, Канада, Мексика, Үндістан, Түркия ұқсас шараларды енгізді. Осы тауарлардың біздің экономикамызға сезімталдығын ескере отырып, Қазақстан үшінші елдердің металл өнімдерінің кейбір түрлерін әкелуге қатысты арнайы қорғаныс тергеп-тексеру жүргізудің бастамашыларының қатарына кірді.

Әрбір жағдайда, Министрлік талқылауға жататын тауарлар нарығына талдау жүргізеді. Отандық өнеркәсіптің даму деңгейі бойынша келесі зерттеулер жүргізіледі: өндіріс қуаты, өндіріс көлемінің деңгейі, ішкі тұтыну құрылымы. Сондай-ақ, нарықтағы бағасына және көлеміне ықтимал әсер етуі тұрғысынан өнім тұтынушыларының мүдделері есепке алынады. Осы талдаудың нәтижелеріне сүйене отырып, ұсынылған іс-шараға біздің Республикамыздың ұстанымы қалыптасады, бұл ұсынылатын шараға әрдайым қолдау көрсетіле бермейді.

Мысалы, отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің импорттық гербицидтерді жеткізу бойынша мүдделігін ескере отырып, Қазақстан Еуразия комиссиясының ЕО-дан гербицидтерге қатысты демпингке қарсы шараларды қолдану туралы шешімін бұғаттады.

*** 

Отандық өндірушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Министрлік импорттық/экспорттық кедендік баж мөлшерлемелерін қайта қарау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Еуразиялық одақтағы мүшелікті ескере отырып, импорттық бажды өзгерту бойынша шешімді ЕАЭО-ның барлық мүше елдерімен келісу арқылы Еуразиялық комиссия қабылдайды.

Отандық металлургиялық кәсіпорындарды қолдау мақсатында Қазақстанның бастамасы бойынша электродтарға импорттық кедендік бажды төмендету туралы шешім қабылданды, қазақстандық кәсіпорын Өскемен титан-магний комбинатының дайын өнімінің өзіндік құнын төмендету мақсатында біз жыл сайын қажетті шикізатты (ванадий-алюминий лигатурасы) әкелуге тарифтік квота туралы келісеміз.

Сонымен қатар экспорттық баждың өзгеруі ұлттық құзырет болып табылады. Бүгінгі таңда Министрлік темір жол компоненттерінің жекелеген түрлеріне қатысты экспорттық баж төлеуден босату туралы шешім дайындауда, бұл олардың экспортын ынталандыру үшін қажет екенін атап өтеміз.

Сондай-ақ, Үкімет қазақстандық бизнесті қолдау үшін сыртқы саудада тарифтік емес реттеуді қолданады.

Мысалы, былтырғы жылдың қыркүйегінде Қазақстаннан макулатураны, ірі қара малдың өңделмеген терісін, қара және түсті металдарды экспорттауға уақытша тыйым салу енгізілді.

Берілген шара қазақстандық өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін қажет.

Сонымен бірге, ЕАЭО елдері үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын импортқа арналған тауарлардың бірыңғай тізімін қолданады. Бұл тізімге ұлттық қауіпсіздіктің себептері бойынша бақыланатын тауарлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді қамтамасыз ету, есірткіге және психотроптық заттардың, қару-жарақтың, асыл металдардың және бағалы тастардың заңсыз айналымымен күресу жатады.

***

Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше болуы қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына қолайлы жағдай жасайды. Бұл үшінші елдермен артықшылықты сауда туралы келісімдер жасасу арқылы жүзеге асырылады. 2015 жылы біз Вьетнаммен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойдық, ал 2018 жылы Иранмен келісімге қол қойылды, бұл біздің тауарларымыздың шамамен 180 млн. тұрғыны бар нарыққа шығуына мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта Мысыр, Израиль, Үндістан, Сербия және Сингапурмен ұқсас келісімдерді жасасу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Мұндай келісімдер отандық тауарлардың осы елдердің нарықтарына қол жетімділігін жақсартуға ғана емес, сондай-ақ қолданылатын сауда процедураларын айтарлықтай оңайлатуға және сауда ынтымақтастығының барлық салаларында өзара әрекеттесу және ашықтық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Халықаралық қызмет биыл 5 жыл болатын ЕАЭО туралы шарттың ережелеріне сәйкес жүргізілетінін атап өтемін.

Осылайша, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары ЕАЭО туралы шарттың бес жылдығына, сондай-ақ еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына орай Астана қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық кездесуін өткізу туралы бастаманы қолдады.

*** 

2019 жылы Үкімет ЕАЭО шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған қолданыстағы келісімдерді жүзеге асыру бойынша жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар келесіге ерекше назар аударуды жоспарлап отырмыз:

1. Кедендік және техникалық реттеу, СФС, ақпараттық өзара іс-қимыл, көлік және бәсекелестік саласында бүгінгі күні әзірленген түзетулер арқылы (62 түзету) ЕАЭО туралы шарттың ережелерін жетілдіруге.

2. 2018-2019 жылдарға арналған ЕАЭО ішкі нарығында алып тастаулар мен шектеулерді жою бойынша қабылданған іс-шаралар жоспарына («жол картасы») сәйкес ЕАЭО-ның өзара саудадағы кедергілерін алып тастауға.