• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Жер мәселелері жөніндегі комиссияның отырысына ҚР Ұлттық экономика министрі Қ. Бишімбаевтың баяндамасы 12.10.16

Құрметті оқырмандар! 

Сіздердің назарларыңызға Жер мәселелері жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында баяндалған Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың баяндамасын ұсынамыз 

"Құрметті комиссия мүшелері!

Алдыңғы баяндамада ауыл шаруашылығындағы бірқатар технологиялық сипаттағы проблемалар аталып өтілді. Аталған факторлар осы саладағы төмен өнімділікке және кірістің төмен деңгейіне әсер етеді. Сондықтан негізгі экономикалық көрсеткіштерге тоқталып өтейін. 

Қазіргі уақытта Қазақстан агроиндустриялық ел болып табылғанмен, тамақ өнімдері мен сусындарын жалпы тұтынудағы импорттың үлесі 25,6% болады. Қазақстанның ауыл шаруашылығы көрсеткіштері орташа әлемдік көрсеткіштерден айтарлықтай төмен. 

Мәселен, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің көрсеткішінен 10 есе, Ресей көрсеткішінен 2 есе және Белоруссия көрсеткішінен 1,5 есе төмен. Еңбектің капиталмен жарақтануы Ресей көрсеткішінен 3 есе және Белоруссия көрсеткішінен 9 есе төмен. 

Анықтама. Жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) ауыл шаруашылығы активтерінің үлесі де төмен болып отыр: Ресей көрсеткішінен 6 есе және Латвия көрсеткішінен 7 есе. Қазақстандағы еңбек өнімділігі - 5,6 мың долл./адам, Ресейде - 10,7 мың долл./адам, Белоруссияда - 8,5 мың долл./адам. Қазақстанда еңбектің капиталмен жарақтануы - 6,6 мың долл./адам, Ресейде - 21,4 мың долл./адам, Белоруссияда - 61,4 мың долл./адам.

Осының барлығына инвестиция тарту деңгейінің төмендігі себеп болып отыр және соңғы 10 жылдың ішінде ауыл шаруашылығына инвестиция тарту көлемі барлық инвестиция қаражатымен салыстырғанда небәрі 2,1%-ды құраған. Сондықтан жер реформасы инвестиция тарту мақсатындағы өте маңызды шара болып табылады. 

Анықтама. Жалпы алғанда, экономиканың негізгі капиталына инвестиция - 49 828,6 млрд. теңге, ауыл шаруашылығына - 1 054,7 млрд. теңге.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жерге меншік құқығы инвестиция ағынын ұлғайтуға, жер ресурстарын жақсартуға, ауыл шаруашылығы өнімділігін, жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, экономиканың басқа да секторларына мультипликативтік әсерді арттыруға септігін тигізеді.

Мысалы, Австралия, Канада - бізге ұқсас елдер, олар экономиканы әртараптандыру мақсатында жер реформасын сәтті іске асырған. Осы елдерде шетелдіктердің ауыл шаруашылығындағы меншік құқығы шектелмеген және жерге иелік ету бойынша либералдық саясат жүргізіледі. 

Іске асырылған реформаның нәтижесінде соңғы жылдары Австралияның ауыл шаруашылығына жыл сайын шамамен 2-4 млрд. AU$ тартылған. 

Сондай-ақ, Үндістан, Әзірбайжан және Чили сияқты дамушы елдерде бұрын жер мемлекетке тиесілі болған, жерге жүргізілген реформалардан кейін олар жекешелендірілген. 

Үндістанда 1979 жылдан бастап жалға беру мерзімі 

20 жылдан көп. Нәтижесінде 13 жылдың ішінде өнімділік 28%-ға өскені анықталды. 

Әзірбайжанда 1997 жылы жерді жекешелендіру туралы заң қабылданған. Осы заңға сәйкес жер шетелдікке жалға немесе жергілікті заңды тұлғалар арқылы меншікке берілуі мүмкін. 1997-2003 жылдары аралығында өнімділік 50-100%-ға және өсімдік шаруашылығының қарқыны 40%-ға өсті. 

Анықтама: Реформаның нәтижесінде жергілікті жердегі кедейлік 66%-дан 43%-ға дейін қысқарды. 

Чилиде 1974 жылы жерге жекешелендіру басталды. Бұл елде шетелдіктердің жерге меншік құқығы шектелмеген және өнімді шығару 26,7%-ға өскен.

Бұл деректердің барлығы көп жылдар бойы ғалымдармен зерттелген және ашық ақпарат көздерінде бар.

Көптеген әлемдік тәжірибені қорытындылай келе:

Жер реформасы ешқашан өндірісті төмендетпейді, керісініше әрдайым тиімді нәтижелерге алып келеді.

Уақытша пайдалануға берілген жерге қарағанда жер иелері өңдеген жердің өнімділігі жоғары.

Әлемге белгілі Маккинзи компаниясының есебі бойынша 1,7 млн. га жерді нарықтық айналымға енгізген кезде қосымша ЖІӨ-ге 5 жылдың ішінде 50 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі. 

Жерді жеке меншікке беру өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді және оның экономикалық тиімділігі 80-110 млрд.теңгені құрайды.

Қосымша жерді игеру инвестицияларды арттырады және 120-дан 150 млрд. теңгеге дейін қосымша экономикалық тиімділік береді.

Олардың болжауы бойынша бұл консервативтік бағалау болып табылады және осы реформа іске асырылған жағдайда оның тиімділігі 50%-ға артады.

Біздің есебіміз бойынша 1,7 млн. га жерді айналымға тарту есебінен 26,5 мың жұмыс орны ашылады. 

Құрметті комиссия мүшелері,

Қазақстан үшін жер реформасының қажет екендігі сөзсіз.

Нәтижелерге қолжеткізу елімізде азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, кедейлікті төмендетуге ықпал етеді.

Жалпы, ұсынылып отырған тәсілдер экономикалық тұрғыдан негізделген және оны дұрыс іске асырған кезде үлкен жетістіктерге жетеміз!

Назарларыңызға рахмет!